Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ғылыми-тәжірибелік конференция өтті

10.10.2026, 0:28 46

Көпбейінді облыстық ауруханасында өңірдің денсаулық сақтау саласының дамуына өлшеусіз үлес қосқан білікті дәрігер, ұлағатты ұстаз, ғалым әрі медицина ардагері Сағымбай Қарақұлұлы Құлсартовты еске алуға арналған ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Көрнектi дәрігердің өмір жолы мен кәсіби мұрасын ұлықтау, хирургия саласындағы жетістіктерді талқылау және тәжірибе алмасу арқылы медицинаның дамуына үлес қосу мақсатында ұйымдастырылған конференцияға Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бауыржан Қуанышбаев, Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының басқарма төрағасы, медицина ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА академигi Болатбек Баймаханов, Алматы қаласы орталық қалалық клиникалық ауруханасының Колопроктология орталығының басшысы, медицина ғылымдарының докторы, профессор Марат Абдуллаев, Алматы қалалық №10 емханасының бас дәрiгерi, медицина ғылымдарының кандидаты, бiлiктi хирург Сабит Пазылов және Тұрғанбай Маханұлы бастаған медицина саласының ардагерлері мен қызметкерлері қатысты.

Конференция барысында арнайы баяндамалар жасалды.

“С. Құлсартовтың еңбек жолы туралы” – көпбейінді облыстық аурухананың бас хирургі А. Шүленбаев;

«Гепатопанкреатобилиарлы хирургияның өзекті мәселелері мен болашағы» – медицина ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының академигі Б. Баймаханов;

🔹 «Өңеш хирургиясының заманауи аспектілері, жетістіктері мен даму перспективалары» – PhD, А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы асқазан-ішек жолдары хирургиясы бөлімшесінің меңгерушісі Ә.А. Шөкебаев;

🔹 «Сыр өңірінде хирургия саласының даму перспективалары» – көпбейінді облыстық аурухана директорының хирургия ісі жөніндегі орынбасары Ә. Жалмағанбетов.

Конференция барысында хирургия саласындағы заманауи жетістіктер, күрделі ауруларды емдеудің жаңа тәсілдері мен өңір медицинасын дамытудың перспективалары талқыланды. Сондай-ақ тәжірибе алмасып, білікті мамандардың кәсіби пікірлері ортаға салынды.

Сонымен қатар конференция аясында сала ардагерінiң құрметіне арналған «Ерлікпен өткен егіз ғұмыр» атты жаңа кітаптың тұсаукесері өтті.

Сағымбай Қарқұлұлы Құлсартовтың өнегелі өмірі мен медицина саласындағы елеулі еңбегі – кейінгі буын дәрігерлер үшін құнды үлгі. Осындай тағылымды шаралар медицина ардагерлерінің есімін ұлықтап қана қоймай, кәсіби сабақтастықты нығайтуға және денсаулық сақтау саласының дамуына ықпал етеді.

Ұлағатты ұстаздың өнегелі жолы мен жарқын есімі ел жадында сақталады!

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: