Қызылорданың мұнай компанияларында 320 жұмысшының құқығы қорғалды. Облыста 94,5 мыңға жуық адам салалық кәсіподақтардың бастауыш ұйымдарына тартылған. Бұл – жергілікті жұмысшылардың 30%-ын құрайды деп хабарлайды, halyqline.kz тілшісі kazinform.kz сайтына сілтеме жасап.
Қызылорда облысының кәсіподақ орталығының төрағасы Мақсұт Нәлібаевтың айтуынша, орталық жұмысының негізгі тетіктерінің бірі – әлеуметтік әріптестік.
- Кәсіподақтың қуаты тек мүшелер санымен өлшенбейді. Ең бастысы, олардың мүддесін қаншалықты қорғап, еңбек ұжымдарының мәселелерін тиісті деңгейде көтеріп, олардың шешілуіне ықпал ете алуымызда. Жергілікті атқарушы билік, жұмыс берушілер және кәсіподақтар облыстық үшжақты комиссия аясында еңбек құқығы, жалақы, еңбек жағдайлары, өндірістік қауіпсіздік, әлеуметтік кепілдіктер мен еңбек дауларының алдын алу мәселелерін қарайды. Осы орайда 52 ірі және орта кәсіпорынмен еңбек мәселелері бойынша өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандум жасалған. Меморандум аясында еңбек жағдайларына тұрақты мониторинг жүргізіледі. Заң клиникасына есепті кезеңде 220 өтініш түсті. Әрбір өтініш бойынша құқықтық кеңес берумен шектелмей, қажет болған жағдайда жұмысшы құқығын қалпына келтіруге бағытталған кешенді құқықтық сүйемелдеу қамтамасыз етіледі.
Мәселен, кәсіподақтың құқықтық қолдауы нәтижесінде ірі мұнай компаниясындағы 320 адамның еңбек құқығы қорғалып, ұжымдық шартта көзделген жалақыны индекстеу мәселесі оң шешімін тапты, — деді ол.
Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!