10 қазан – Қазақстан Кәсіподақтары күні. Атаулы күн аясында Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында еңбек адамдарының құқығын қорғау мен әлеуметтік әріптестікті нығайтуға арналған баспасөз конференциясы өтті. Басқосуда еңбек қауіпсіздігі, құқықтық көмек көрсету және әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз ету мәселелері кеңінен сөз болды.
Брифинг барысында сөз алған «Қызылорда облысының кәсіподақ орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мақсұт Нәлібаев өңірдегі кәсіподақ ұйымдарының атқарып жатқан ауқымды жұмыстарына тоқталды.
«Бүгінде Қызылорда облысының кәсіподақтар орталығы құрамындағы 11 салалық кәсіподақта 994 бастауыш кәсіподақ ұйымы жұмыс істейді, олар өңірдегі жұмыскерлердің 30 пайызға жуығын немесе 94 275 кәсіподақ мүшесін біріктіреді. Еңбек адамына құқықтық көмек көрсету – біздің басты назарымызда. Мәселен, орталық жанындағы Заң клиникасының қолдауымен ірі мұнай компаниясындағы 320 жұмыскердің еңбек құқығы қорғалып, жалақыны индекстеу мәселесі оң шешімін тапты, сондай-ақ 59 жұмыскерге тиесілі төлемдер толық көлемде жүргізілді. Бұдан бөлек, өндірістегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында кәсіпорындарда 779 техникалық инспектор қоғамдық бақылау жүргізіп келеді», — деді Мақсұт Ыбырайханұлы.
Сондай-ақ брифингте облыстық үшжақты комиссия жұмысының тиімділігі мен ірі кәсіпорындармен жасалған меморандумдардың маңызы атап өтілді. Еңбек дауларының алдын алу, жұмыскерлердің әлеуметтік жағдайын жақсарту және «Қуатты кәсіподақтар еңбек адамының қуатты үні» бірыңғай науқаны аясындағы бастамалар өңірде жүйелі түрде жалғасып жатқаны жеткізілді.
Өңірлік коммуникациялар қызметі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!