Адамзат тарихында бейбітшілік дәл қазіргідей қымбатқа түсіп көрген емес. Біз күнделікті тіршілік қамымен жүргенде, жер шарындағы әрбір адамның, мейлі ол Париждегі инженер болсын, әлде Сарыарқа төсіндегі шопан болсын, маңдайына шаққанда күні-түні 352 доллардан әскери салық есептеліп жатыр. Әлем екінші дүниежүзілік соғыстан бергі ең үлкен, ең қауіпті және ең қымбат қайта қарулану дауылына кірді. Ең сұмдығы сол, бұл бұрқасын біздің табалдырығымыздан алыс емес. Қазақстанның картасына бір сәт көз жүгіртіңізші, 15 мың шақырымнан астам құрлықтық шекарамыздың бір шетінде әскери машинасы тоқтаусыз күшейіп жатқан алып көршіміз – Ресей, екінші шетінде әлемдегі ең ірі екінші қорғаныс бюджетіне ие Қытай тұр. Дүниежүзілік әскери шығынның 51 пайызын уысында ұстаған осы державалардың ортасында отырып, біз қаруланудың жаңа дәуіріне бейжай қарай алмаймыз. Тұтас планетаның қорғаныс шығыны тарихта алғаш рет астрономиялық межеге – 2 триллион 887 миллиард долларға жетті. Бұл – мемлекеттердің дипломатия мен халықаралық келісімдерге деген сенімі түбегейлі күйреп, күш пен темірдің үстемдігіне қайта жүгіне бастағанының ашық белгісі.
АЛЫП ДЕРЖАВАЛАР ТЕКЕТІРЕСІ және ҚАЗАҚСТАН
Стокгольм халықаралық бейбітшілікті зерттеу институтының (SIPRI) есебіне сәйкес, әскери шығын қатарынан он бірінші жыл үздіксіз өсіп отыр. Соңғы онжылдықтың өзінде ғаламдық әскери бюджет нақты мәнде 41 пайызға ұлғайды. Бір жыл ішінде Еуропадағы әскери шығыстар 14 пайызға, ал Азия мен Мұхит аймағында 8,1 пайызға артқан. Бұл ретте алып державалардың басымдығын айқын байқауға болады. АҚШ, Қытай және Ресейдің жиынтық қорғаныс қаржысы 1 триллион 480 миллиард долларды құрап, бүкіл дүниежүзілік әскери шығынның тең жартысынан астамын (51 пайызын) иеленді. Қазіргі уақытта әскери сала ғаламдық жалпы ішкі өнімнің 2,5 пайызын жұтып отыр, бұл – Жер бетіндегі әрбір адамға шаққанда жылына орта есеппен 352 доллар деген сөз. Ал қарқынды милитаризация жолына түскен Еуропада әскери ауыртпалық ЖІӨ-нің 3,2 пайызына дейін көтеріліп, он жыл бұрынғы көрсеткіштен екі есеге жуық асып түсті.
Осы орасан зор сандардың ішінде халықаралық баспасөздің ерекше назарын аударған жайт «Үлкен жетілік» (G7) елдерінің ұзақмерзімді жоспарлары болды. АҚШ Әскери-теңіз күштерінің бұрынғы қолбасшысы, бүгінде Carlyle Group басқарушы директоры қызметін атқаратын Джеймс Ставридистің Reuters агенттігінде жарияланған есебіне сүйенсек, G7 құрамындағы мемлекеттердің алдағы он жылда бұрынғы шығын траекториясына қосымша бөлетін қорғаныс қаржысы шамамен 8 триллион долларды құрауы мүмкін. Әрине, бұл 8 триллион – бекітілген ортақ бюджеттік құжат емес, батыс мемлекеттерінің қазіргі қабылдап жатқан саяси міндеттемелері мен қайта жарақтандыру қажеттілігіне негізделген сараптамалық бағалау. Джеймс Ставридистің пайымдауынша, G7 елдерінің қорғаныс шығысы қазіргі ЖІӨ-нің 2 пайызынан 2030 жылға қарай кемінде 3,8 пайызға дейін өсуі тиіс. Бұл үрдіс соғыс индустриясының түбегейлі эволюциясын талап етеді.
– Қазіргі геосаяси жағдай бізден тек қаражат көлемін арттыруды емес, соғыс өнері мен технологиясын түсіну тәсілін өзгертуді талап етіп отыр. Әскери индустрияның салмақ орталығы ауыр сауытты бұрынғы алып монополиялардан киберқауіпсіздік, дербес шифрлау, деректер талдауы және гипердыбыстық технологиялармен айналысатын шағын, серпінді әрі инновациялық компанияларға қарай жылдам ауысып келеді. Бүгінде қорғаныс тек танкпен емес, бағдарламалық кодпен қамтамасыз етіледі, — деп түсіндіреді Джеймс Ставридис.
Бұл көзқарас бүгінгі қарулану сипатының ХХ ғасырдағы «қырғиқабақ соғыстан» түбегейлі өзгеше екенін көрсетеді. Егер өткен ғасырда державалардың күші танктің, сүңгуір қайықтардың, ұшақтар мен ядролық оқтұмсықтардың санымен өлшенсе, бүгінде шығындардың басым бөлігі ұшқышсыз жүйелерге, жартылай өткізгіштер өндірісіне, ғарыштық топтамаларға, радиоэлектронды күрес пен жасанды интеллект алгоритмдеріне бағытталуда.
ЕСКІ МЕЖЕ КЕЛМЕСКЕ КЕТТІ: НАТО-ның ЖАҢА ТАЛАБЫ
Еуропадағы қорғаныс саясатының трансформациясын НАТО-ның жаңа мақсаттарынан көруге болады. 2014 жылғы Уэльс саммитінде одақтастар қорғанысқа ЖІӨ-нің кемінде 2 пайызын бөлуге уағдаласса, 2025 жылғы Гаага саммиті бұл шекті ескірді деп танып, 2035 жылға қарай қорғаныс пен қауіпсіздік шығындарын ЖІӨ-нің 5 пайызына дейін көтеруді межеледі. Бұл формуланың ішкі жіктелуіне қарасақ, оның 3,5 пайызы тікелей қарулы күштерді жарақтандыруға, ал қалған 1,5 пайызы киберқауіпсіздікке, стратегиялық логистикаға, критикалық инфрақұрылымды қорғауға және қорғаныс өндірісінің базасын ұлғайтуға бағытталуы тиіс.
НАТО Бас хатшысы Марк Рютте бұл шешімнің эмоцияға немесе саяси риторикаға емес, нақты әскери-стратегиялық модельдеуге негізделгенін мәлімдеді.
– Біз 5 пайыз деген межені ойдан шығарған жоқпыз. Бұл – саяси популизм емес. Альянстың әскери комитеті ұжымдық қорғаныс талаптарын, бүгінгі және ертеңгі ықтимал қатерлер ауқымын жеке-жеке сараптап, әрбір серіктес елдің нақты әскери әлеуеті мен қабілетін есептеп шықты. Бұл терең есептеулер бізді тікелей әскери тапсырмаларды орындау үшін ЖІӨ-нің 3,5 пайызы, ал оны демеп тұратын инфрақұрылым, киберкеңістік пен өнеркәсіптік жұмылдыру үшін тағы 1,5 пайызы қажет деген нақты байламға әкелді. Егер біз бейбіт өмірді қаласақ, тежеу тетігінің шынайы құнын төлеуге дайын болуымыз керек, — деп түсіндірді Марк Рютте.
Сонымен қатар, Рютте Reuters-ке берген сұхбатында альянс шекарасына дәл қазір Ресей тарапынан тікелей шабуыл жасау қаупі төніп тұрмағанын, барлау мәліметтері бір жыл ішінде күрт өзгермегенін атап өтті. Демек, НАТО-ның 5 пайыздық бағыты «ертең соғыс басталады» деген үрейден бұрын, «қарсылас шабуыл жасау туралы тіпті ойланбайтындай» дәрежедегі әскери артықшылық пен тежеу факторларын қалыптастыруға арналған.
ЕУРОПАНЫҢ ӨЗ ҚОРҒАНЫСЫ – ӨЗ ҚОЛЫНДА
Еуропалық одақ та тарихта болмаған қаржылық қадамдарға баруда. Еурокомиссия жариялаған «ReArm Europe» және «Readiness 2030» бастамалары континенттің қорғаныс саласына 800 миллиард еуроға дейін инвестиция жұмылдыруды көздейді. Оның ішіндегі SAFE тетігі 150 миллиард еуро көлемінде жеңілдетілген несие беру арқылы оқ-дәрілерді, әуе қорғанысы жүйелері мен ауыр бронетехниканы ортақ сатып алуға жол ашпақ.
Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен Еуропарламент мінберінен сөйлеген сөзінде Еуропаның бұрынғы енжарлығы аяқталғанын қадап айтты.
– Соңғы бес жылда Еуропаның қорғаныс бюджеті 80 пайызға жуық өсті, бірақ бұл қарқынды біз жекелеген ұлттық шеңберде шашыратып ала алмаймыз. Біз әуе және зымыран қорғанысын, ғарыштық барлауды, ортақ логистика мен киберқауіпсіздікті бөлшектемей, біртұтас континент ретінде кешенді түрде қаржыландыруға тиіспіз. Тек бірлескен тапсырыстар мен бірыңғай стандарттар ғана біздің қорғаныс өнеркәсібімізге жаһандық ауқымда өндіріс көлемін ұлғайтуға қажетті кеңістік береді. Еуропа өзінің қауіпсіздігін өз қолына алуға қауқарлы болуы керек, — деді Урсула фон дер Ляйен.
Дегенмен, Еуропаның қарулануы тек ақша мәселесімен шектелмейді. Континент ондаған жылдар бойы ұлттық стандарттарға бөлшектеніп келгендіктен, Еуропалық қорғаныс агенттігінің соңғы баяндамасында қазіргі инвестиция ағынының өзі 2030 жылғы мақсаттарға жетуге жеткіліксіз болып отырғаны ашық көрсетілді. Мұнда саяси ұстанымдар да бір арнаға тоғыспайды. Франция президенті Эммануэль Макрон Еуропаның қорғаныс бюджетін арттыруын АҚШ-тың ішкі саяси тұрақсыздығымен және Вашингтонның назарын Тынық мұхиты аймағына бұруымен байланыстырады.
– Еуропа өзінің тағдырын мәңгілікке Вашингтондағы сайлаудың қорытындысына байлап қоя алмайды. АҚШ жаһандағы өз күштерін қайта орналастырып, басымдықтарын өзгертуде, демек еуропалықтар өз қауіпсіздігін өздері ұйымдастыруы қажет. Бұл біреудің қысымымен жасалатын қадам емес, бұл – біздің егемендігіміз үшін қажеттілік. Сонымен қатар, егер біз қорғанысқа көбірек қаражат салатын болсақ, сол жүздеген миллиард еуроның барлығы Еуропадан тыс жерде шығарылған шетелдік қару-жарақты сатып алуға кетпеуі керек. Қаражат өзіміздің зауыттар мен жұмыс орындарын дамытуға бағытталуы тиіс, — деп мәлімдеді Макрон.
Бұған қарама-қарсы бағытты Германия ұстанып отыр. Канцлер Фридрих Мерцтің тұсында Германия қорғаныс шығындарын бір жылда 24 пайызға өсіріп, 114 миллиард долларға жеткізді де, АҚШ-тың Tomahawk қанатты зымырандары мен Typhon кешендерін сатып алуға келісім жасап, стратегиялық тәуелділіктен гөрі жедел әскери қуатты арттыруға басымдық берді.
ПУТИН мен СИ ЦЗИНЬПИННІҢ ҚОРҒАНЫС ФОРМУЛАСЫ
Әлемдік қарулану үдерісі Батыс шеңберінен әлдеқайда кең ауқымда жүріп жатыр. Ресей өзінің 2027 жылғы қорғаныс шығынын 17,1 триллион рубльге (шамамен 202,6 миллиард доллар) жеткізуді көздеп отыр, бұл бұған дейінгі жоспардан бірден 27 пайызға артық. Мұндай ауқымды әскери бюджет мемлекеттің әлеуметтік саясатын, білім және денсаулық сақтау салаларын 6-7 пайыз аралығында қысқарту есебінен жасалуда.
Ресей президенті Владимир Путин Валдай халықаралық форумында сөйлеген сөзінде әскери саладағы шиеленістің тарихи шегіне жеткенін айтып, Батыс пен НАТО-ға қатаң ескерту жасады.
– Біз Еуропадағы ешбір мемлекетпен соғысқымыз келмейді, оларға шабуыл жасауды жоспарлап та отырған жоқпыз. Біз қауіпсіздіктің бөлінбейтін қағидатына негізделген бейбіт қатар өмір сүру үлгісін қалаймыз. Алайда, егер Ресейдің түпкі мүдделеріне, оның ішінде Калининград секілді аумақтарымызға тікелей қауіп төнсе, біз мемлекетті қорғау үшін қолымызда бар барлық әскери арсеналды қолдануға мәжбүр боламыз. Бүгінде қарымта шаралар мен өзара қысымның барған сайын қатая беру логикасы қалыптасты. Бұл қауіпті үрдіс ешкімге қайтар жол қалдырмайтын нүктеге жеткізуі мүмкін, — деді В.Путин.
Өз кезегінде, әлемдегі екінші ірі держава Қытайдың 2026 жылғы ресми қорғаныс бюджеті 1,94 триллион юаньға жетті. Қытайдың Қорғаныс министрлігі мен Қарулы күштері бұл өсімді «армияны толық механикаландыру, цифрландыру және жасанды интеллект деңгейіне жеткізу» қажеттігімен, сондай-ақ Тайвань бұғазы мен Оңтүстік Қытай теңізіндегі егемендікті қорғаумен байланыстырады.
БҰҰ ҮНІ: «ЯДРОЛЫҚ ҚЫЛЫШТЫ СІЛТЕУДІ ТОҚТАТЫҢЫЗДАР!»
Батыс пен Шығыс арасындағы жаппай қарулануды мемлекеттер «тежеу тетігі» ретінде түсіндіргенімен, халықаралық ұйымдар бұл үдерісті адамзатты апатқа жетелейтін қауіпті тұзақ деп бағалайды. БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш әскери бюджеттердің бақылаусыз өсуі бейбітшілік әкелмейтінін, керісінше сенімді түбегейлі жойып, ядролық соғыс тәуекелін арттыратынын бірнеше мәрте мәлімдеді.
– Ядролық қылыш тағы да ашықтан-ашық сілтеніп жатыр. Әлемде жаппай сенімсіздік пен күмән үстемдік құруда. Онжылдықтар бойы қалыптасқан халықаралық құқықтық нормалар көз алдымызда әлсіреп, қару-жарақты бақылау архитектурасы күйреп барады. Мемлекеттерге айтарым: ядролық қоқан-лоқыны дереу тоқтатыңыздар, бұл қарулану бәсекесін доғарыңыздар! Біз соғыс құралдарын дамытуға емес, халықаралық дипломатия мен бейбітшілік инфрақұрылымына қаржы бөлуіміз керек. Танктер мен зымырандар аштықты жеңе алмайды, білім мен медицинаны құтқармайды, — деді Антониу Гутерриш БҰҰ мінберінен.
БҰҰ есептеуінше, егер қазіргі үрдіс тоқтамаса, 2035 жылға қарай әлемдік жылдық әскери шығындар астрономиялық межеге – 4,7-ден 6,6 триллион долларға дейін жетуі мүмкін. Бұл ресурстардың басым бөлігі климаттық дағдарыспен күрестен, кедейлікті жою мен әлеуметтік саланы дамытудан тартып алынуда.
ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ БӘСЕКЕ және ОТАНДЫҚ ҚОРҒАНЫС ӨНЕРКӘСІБІНІҢ ЖАЙЫ
Әлемдік деңгейдегі миллиондаған қаржы тек қару сатып алуға ғана емес, соғыс тактикасын түбегейлі өзгертуге жұмсалып жатыр. Қазіргі қақтығыстар ауыр сауытты бронетехника мен артиллерияның ғасыры бірте-бірте артта қалып, әуеде ұшқышсыз аппараттар, алгоритмдер мен радиоэлектронды күрес құралдары шешуші рөл атқаратын заманға жеткенін айқын көрсетті. Тіпті соңғы жылдары соғыс тәсілдері адам айтқысыз жылдамдықпен жаңарды. Мұндай күрделі кезеңде Қазақстан армиясының жаңа талаптарға қаншалықты ілесіп жатқаны қоғамда да, сарапшылар арасында да қызу талқыға түсіп отыр.
Отандық әскери сарапшы Амангелді Құрметұлы бұқаралық ақпарат құралдарында заманауи майдан даласындағы түбегейлі бетбұрыстарға назар аудартып, еліміздегі әскери жағдайдың кемшіліктерін ашық айтты. Ол өз сөзінде Украина мен Ресей арасындағы соғыста әскердің қалай өзгергенін бірден байқағанымызды, 2020 жылғы Қарабақ соғысында да заманауи әскердің мүлде өзгеріп кеткенін көргенімізді алға тартады.
– Расында да біздегі жаттығулар әлі бұрынғы ережелермен жасалып жатыр. Техниканың көбі ескірген. БТР-ден бастап тікұшақтарға дейінгі мәселелер бар. Бізде әлі де сүйреп жүретін артиллерия көп. Ескі дүние, ескі көзқарас бар екені рас, — деп мәлімдеді сарапшы.
Оның айтуынша, еліміздің әскери доктринасында Ресейдің ескі үлгілеріне ұқсас элементтер әлі де кездеседі. Мұның салдары армияны заманауи жылдамдықтан кейінге шегеруде.
– Армия моральдық, жарақтандыру, әдіс-айла тұрғысында өткен ғасырда қалып қойды деуге толық негіз бар. Кешегі Маңғыстаудағы жаттығу кезінде алдымен сүңгуір роботтарды түсіретін болсақ, азаматтарымыз аман қалар ма еді? Мәселен, өткен аптада Украина роботтардан десант түсірді де, майданда сынап көрді. Оған бірде-бір сарбаз қатысқан жоқ. Мұның өзі әскерге деген көзқарастың күн санап өзгеріп жатқанын көрсетеді, — деді Амангелді Құрметұлы.
Сонымен бірге сарапшы заманауи соғыста әскердегі шешуші рөлді дрондар ойнап жатқанын, олармен қатар роботтардың да маңызы артып келе жатқанын алға тартады. Майдан шебіне пулемет немесе танкке қарсы жүйе орнатылған жерүсті роботтары кіріп жатыр.
– Ғарыш технологиясы заманауи әскердің құрамдас бөлігіне айналып келеді. Starlink-тің өзі Украинада қаншалық рөл атқарғанын көріп отырмыз. Сондықтан Ресей де оған балама жер серіктерін дайындап жатыр. Ғарыштан барлау жасау тәрізді көптеген амал-айла заманауи әскердің күнделікті құралына айналып кеткен, — деп атап өтті сарапшы.
Оның пайымдауынша, Таяу Шығыстағы қақтығыстар зымырандар мен авиацияның да айрықша орны жойылмағанын дәлелдеді, сондықтан қазақ әскеріне реформа жасаларда тек бір бағытпен шектелмей, жан-жақты зерттеулер жүргізілуі қажет.
Әскери реформалар тақырыбында тағы бір сарапшы Аман Мәмбетәлиев қорғаныс саласының ішкі философиясын жаңарту мәселесін көтерді. Сарапшы әскердің тек қана мерзімді әскери қызметпен шектелмейтінін, оның ішінде көптеген күрделі үдерістер барын еске салды.
– КСРО дәуірінен бері сол үдерістердің біразы өзгермей жатыр. Ең алдымен сана-сезім мен көзқарас. Каспийдегі трагедияның себебі, реакциясы, Президент айтқандай, өткен ғасырдың әскері екенін дәлелдеп отыр. Ол кезде әр сарбаз ресурс ретінде қаралды. Мұндай көзқараспен алысқа бара алмаймыз. Бізде әскерде үдерістер жүріп жатыр. Бірақ бізге фундаментальды реформа қажет, — деп баға берді Аман Мәмбетәлиев.
Ол қорғаныс саласында бірінші кезекте ойлау жүйесін жаңғырту қажеттігін алға тартып, бұл мәселедегі баяулықты сынға алды.
– Ойлау модернизациясы болмаса, қалғаны өзгермейді. Әскери қызметтегі көзқарасты ауыстыру қажет. Бұл бір күнде өзгере салатын нәрсе емес. Өзгеріс өте баяу жүріп жатыр. Бұған қоғам да, жоғары жақ та разы емес. Қазақстанға сай келетін қандай реформа керек екенін мамандар зерттеуі керек, — деп түйіндеді сарапшы.
Расында да Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінде қолбасшылық жүйесін халықаралық үздік тәжірибеге сай қайта құру керектігін қадап айтқан еді.
Осы орайда Қазақстанның өз ішіндегі қорғаныс өнеркәсібінің жай-күйі де көптеген мәселені алға тартады. Қазір елімізде ұшқышсыз басқарылатын аппараттарды әзірлеп, құрастырумен он шақты компания айналысып келеді. Отандық мамандар сынақтан өткізіп жатқан «Шағала», «Самұрық», «Қарақұс», «Жебе» және «Маса» сынды барлаушы әрі соққы беруші дрондар әскери бөлімдерге біртіндеп енгізіле бастады. Бұл бағытта Түркиямен бірлесіп ауыр соққы жасаушы ұшқышсыз аппараттар құрастыру жобалары да қолға алынуда. Алайда отандық өнімдер әлі де шетелдік қосалқы бөлшектер мен чиптерге тәуелді күйде қалып отыр. Мұндай жағдай ықтимал дағдарыс немесе логистикалық шектеулер туындаған сәтте қару-жарақ өндірісін тоқырауға ұшыратуы мүмкін.
Бұл жағдай бүгінгі жаһандық қайта қарулану дауылында Қазақстан үшін тек қорғаныс бюджетін бекітіп қою жеткіліксіз екенін көрсетеді. Нағыз қорғаныс қабілеті отандық ғылымды, инженерлік базаны, киберқауіпсіздік пен әскери басқаруды біртұтас жүйеге жұмылдырған кезде ғана нақты күшке айналады.
БІЗ БҰЛ СОҒЫСҚА ҚАТЫСПАЙМЫЗ, БІРАҚ…
Әлемде жүріп жатқан осы қайта қарулану толқынын Қазақстан үшін «сыртқы, алыс мәселе» деп қарауға болмайды. Еліміз ең үлкен әскери шығынға ие үш алып державаның екеуімен – Ресей және Қытаймен тікелей шектесіп жатыр. Еуразия құрлығындағы қауіпсіздік архитектурасының ыдырауы транзиттік көлік дәліздеріне, халықаралық логистика мен сақтандыру тарифтеріне, шикізат нарығы мен шетелдік инвестициялық тартымдылыққа тікелей қысым түсіреді. Екіншіден, қазіргі Украина мен Таяу Шығыстағы қақтығыстар соғыс сипатының түбегейлі өзгергенін, арзан ұшқышсыз жүйелер мен электронды барлаудың миллиондаған доллар тұратын ауыр техниканы істен шығара алатынын көрсетті. Демек, Қазақстан секілді аумағы кең, халқы аз мемлекеттер үшін сандық қарулану жарысына кіру тиімсіз. Басты назарды жоғары дәлдіктегі технологияларға, шекараны бақылайтын интеллектуалды жүйелерге, отандық дрон өндірісіне және киберқауіпсіздікке аудару өмірлік қажеттілікке айналды.
Қазақстанның 2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджетінде «Қорғаныс» саласына қарастырылған 1,5 триллион теңге шамасындағы қаражат еліміздің геосаяси белгісіздік кезеңінде ұлттық қауіпсіздік пен армияны жаңғыртуға басымдық беріп отырғанын көрсетеді. Дегенмен, жаһандық қайта қарулану дауылында Қазақстанның басты салмақты қалқаны – дипломатиялық теңгерім мен көпвекторлы сыртқы саясат болып қала береді. Әлем қарудың күшіне сеніп жатқан шақта, халықаралық құқықты, шекаралардың мызғымастығын және бейбіт келіссөздер алаңын сақтап қалу – еліміздің стратегиялық қауіпсіздігінің ең сенімді кепілі. Мемлекет басшысының әупірімдеп әрекет етіп жатқанынан осыны байқадық. Құдай ақырын берсін…
Ердәулет СӘРСЕНҰЛЫ.
Коллажды жасаған автор.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!