Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сексеуіл кентінің жаңа әкімі таныстырылды

05.10.2026, 18:43 32

Бүгін Арал ауданының әкімі Аманжол Оңғарбаев жұмыс сапарымен Сексеуіл кентіне барып, 4 қазанда өткен сайлау қорытындысына сәйкес жаңадан сайланған кент әкімін қызметімен құттықтап, кент тұрғындармен пікірлесті.

Кездесуде Сексеуіл кентінің тұрғындары тарапынан елді мекенге ортақ бірқатар мәселелер де көтерілді. Аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы Сексеуіл кентіне қатысты өзекті мәселелерден хабардар екенін жеткізіп, оларды кезең-кезеңімен шешу бағытында жаңа әкімдікпен бірлесіп тиісті жұмыстар жүргізілетінін айтты.

Сексеуіл кенті әкімдігі ғимаратында өткен басқосуда аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Н.Зағатов сайлауға қатысқан үміткерлердің арасынан халықтың басым қолдауына ие болған Ақтілек Алтынбекұлы Есеевтің Сексеуіл кентінің әкімі болып сайланғанын ресми түрде атап өтіп, арнайы қызметтік куәлігін табыстады.

Кездесуде аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы жаңадан сайланған кент әкіміне сенім білдіріп, елді мекеннің өзекті мәселелерін уақытылы көтеріп, олардың шешімін табуға бағытталған жұмыстарды жүйелі түрде жүргізу қажеттігін жеткізді.

Әсіресе кентішілік мәселелерді ұдайы назарда ұстап, тұрғындардың ұсыныс-пікірлеріне құлақ асып, оларды шешуде уақыт жоғалтпай, жан-жақты жұмыс жүргізу жөнінде нақты тапсырмалар берді.

Сондай-ақ осы кезге дейін елмен етене жұмыс жасап, халықтың көңілінен шыға білген бұрынғы әкім Сәкен Құлмағамбетұлы Төрешовке атқарған қызметі мен ел игілігі жолындағы еңбегі үшін ауданның ең жоғары марапаты Құрмет грамотасын табыстады.

Мұнан өзге кентегі бірқатар мекеме басшылары осы кезге дейін кент әкімі қызметін абыройлы атқарған Сәкен Құлмағамбетұлына алғыстарын білдіріп, иығына шапан жапты.

Кездесуде ауыл ақсақалдары мен тұрғындар сөз алып, бұрынғы әкімнің елге жасаған жұмысына оң бағаларын беріп, ризашылықтарын жеткізді. Сонымен қатар ел сеніміне ие болған жаңа әкімге жауапты қызметінде сәттілік тілеп, Сексеуіл кентінің әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қосатынына сенім білдірді.

Ақсақалдар бір ауыздан сайлаудың ашық әрі әділ өткенін айтып, халықтың таңдауымен сайланған жаңа әкімнің ел игілігі жолында нәтижелі жұмыс атқаратынына тілектестік білдірді.

Мұнан кейін аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы Сексеуіл кентінің тұрғынын жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: