БҮГІНГІ САТИРА
(«Табаны қыши береді» сатиралық романымнан үзінді)
Олжас Президент Әкімшілігі Мемлекеттік қызмет және кадр саясаты бөлімінің меңгерушісі кабинетіне кірді.
– Сәке, анау маған біртүрлі қарап өтті, — деді Олжас.
– Анауың кім еді?
– Мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің Бас инспекторы.
– Ербол Қайратұлы ма?
– Иә, біздің құпиямызды естіп қойған сияқты.
Саматтың көзі жерге домалап түсіп, өзі есік ашып, кабинеттен шығып кеткендей болды.
– Ол естісе жағдайымыз жындыханада жатады. Сен оны аңдып жүр.
– Сосын? — деді Олжас. Уайымдағаннан қасы жиырылып қалды.
– Әңгімеге тартасың. Саған «Қызметіңді өсіру үшін жүз мың доллар, жүз мың теңге, жүз мың юань дайындай бер» деген сөзімді естіген, естімегенін білу үшін «жүз» сөзін қайталай бер…
– Қайда барса да артынан қалмаймын ба?
– Қайда барса да.
– Тамақ ішіп отырса ше?
– Жанына отыра қалып, сен де тамақ іш.
– Дәретханаға кіріп кетсе ше?
– Сен де кір.
– Үйіне қайтса?
– Сен де қайт.
– Қайда?
– Соның үйіне.
– Әйелінің жанына жата кетсе ше?
– Сен де жата кет.
– О, жоқ, бөтен әйелдің жанында күйеуімен бірге жату үшін үкіметтің рұқсаты керек қой…
– Қысқасы, мәселені біліп кел.
Самат Алтынбекұлының кабинетінен шыққаны сол, Олжас Ерболды көріп қалды. Біреу атып жібергендей, сол жерде «өліп» қалды. Қайтадан «тіріліп», оның соңынан ілесті.
– Кешіріңіз, бірдеңе айтқыңыз келіп тұр ма? — деп сұрады Ербол.
– Ербол Қайратұлы, сіз мен туралы жайсыз хабар естіген жоқсыз ба?
– Жоқ.
– Сіз менің Дубайдағы заңсыз кәсібім барын білген жоқсыз ғой?
Ербол Қайратұлы оған таңдана қарады. Олжас міңгірледі:
– Естімегеніңізге қуаныштымын!
– Сізден естіп тұрмын.
– Швейцария банктерінде заңсыз активтерім бар екенін де естімеген шығарсыз?
– Жоқ.
– Ой, неткен қуаныш! Естімегеніңіз қандай жақсы болды! Естімей-ақ қойыңыз, өтініш.
– Құрылтай сайлауына кандидат болып тіркеліпсіз. Сол кезде ескереміз. Біздің бөлімнің міндеті ғой.
– Жоқ, Ербол Қайратұлы, қалай болғаны? Сіз ештеңе естімегенсіз ғой.
Ербол Қайратұлы ғимараттан шығып, көшенің қарсы бетінде орналасқан бренд сауда орталығына қарай беттеді. Қалайда оның Самат екеуі жайлы естіген, естімегенін анықтау мақсатымен ақылды ақымақ оның алдынан орады.
– Айтыңызшы, жүз пайыз естімедіңіз бе?
– Немене жүз?
– Аспанда жүз торғай ұшып барады.
– Оның маған қандай қатысы бар?
– Жүз дегеніміз – жүз.
– Сіз менің мазамды алып келесіз.
– Жүз теңгең болғанша, жүз досың болсын.
Ербол Қайратұлы басын шайқап, сауда үйіне кірді. Бір кезде Ербол ерлер киімдері залында өзіне костюм-шалбар таңдай бастады. Оны киіп, сол күйінде кассаға келді. Кенет «сізге жарасады» деген дауысқа жалт қарады. Алдында Олжас Сұлтанұлы тұр екен.
– Осы киген күйіңізде кете бересіз бе, жоқ әлде сөмкеге салып аласыз ба? — деп сұрады сатушы қыз.
– Осылай кете беремін. Қанша?
– Сонша.
Ербол ақшасын санап жатқанда Олжас:
– Қарындас, мен төлеймін, — деп ақшасын ұсынды.
Кассир қыз ақшаны алып, Олжастың қолына чек берді.
– Рақмет, мен сізге қарызбын, — деді Ербол киімдер залынан шыға беріп. Олжас болса ойланып келеді: «Естіді ме? Естіген жоқ па? Егер естіген болса, мен төлеген ақшаны қайтарып берер еді ғой. Бірақ қарызбын деп айтты. Олай болса, естіген екен».
Олжас «Естіген екен ғой» деп дереу Ерболды еріксіз жетелеп, ерлер киімдері залына алып келді. Киім өлшейтін бөлмеде шешіндіріп, костюм-шалбарды кассир қызға әкелді.
– Не болды, аға? — деп сұрады кассир қыз.
– Ауы үлкен екен. Кимейді. Ақшамды қайтарыңыз.
– Кассадан ақша қайтарылмайды. Ауыстырып алсын.
Олжас қолын бір сілтеп кетіп бара жатқан еді, киім өлшейтін бөлмеден Ерболдың басы ғана қылтиды.
– Олжас Сұлтанұлы, пакеттегі киімдерімді қалдырып кетіңіз…
Ербол ішкиіммен, майкамен тұрған еді. Олжас пакетті оның қолына ұстатып тұрып:
– Жүз пайыз ұнамайсыз, — деді.
Ербол шалбарының қалтасынан ақша шығарып, тез санады да, оның қолына ұстата салды.
– Жүз пайыз қарызымнан құтылдым.
«Былығымызды естіп қойған ба?» деп Ерболдан қорқып жүрген қатардағы қызметкер жол-жөнекей ойланып келеді: «Ербол Қайратұлы қайдан естіп қойған?»…
Мұхтар ШЕРІМ,
Шымкент қаласы
Фото: ЖИ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!