Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Құрылтай жұмысына бір ай: депутаттар қандай мәселе көтерді?

01.10.2026, 16:00 59

28 тамыз күні Құрылтай ресми түрде жұмысын бастады. Мемлекет басшысының қатысуымен өткен Құрылтайдың алғашқы сессиясында депутаттар адал қызмет ету үшін Ант берді. Ал 10 қыркүйек күні Құрылтай отырысында депутаттар Құрылтай регламентін қабылдап, алғашқы депутаттық сауалын жолдады. Содан кейін тағы екі отырыс өтті. 

Үш отырыста ең көп депутаттық сауал жолдаған фракция – «Әділет» партиясы, 19 депутаттық сауал. «Ақ жол» партиясы фракциясының мүшелері 7 депутаттық сауал жолдады. Ал қалған үш партия – Respublica, «Ауыл», ЖСДП фракциясынан әрқайсы бес депутаттық сауал оқыды. 

Үш отырыста екі рет депутаттық сауал қойғандар бар. Олар – Жанарбек Әшімжанов, Екатерина Смышляева, Ерлан Сайыр, Мейірхат Қасымбаев екі рет сөз сөйледі. 

Жалпы саны 41 депутаттық сауал жолданды. Оларды 145 депутаттың 37-сі (25,5%) оқыды.  

Депутаттар қандай мәселе көтерді?

10 қыркүйек күні отырыста «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Жанарбек Әшімжанов 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерді пайдалануына заң арқылы тыйым салу туралы депутаттық сауал жолдады. Оның айтуынша, әлеуметтік желі баланың психологиясына, денсаулығына, мінез-құлқына және білім алуына ықпал етеді. 

«Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Екатерина Смышляева болса көппәтерлі үйлерді басқару ережелерін өзгертуді және ревизия жүргізуді ұсынды. 

«Ауыл» партиясынан сөз алған Шахмардан Байманов ауыл мен қала балаларының қосымша білім алу мүмкіндіктерін теңестіру мәселесін көтерді.

ЖСДП фракциясының жетекшісі Асхат Рахымжанов қазақстандық жүргізушілердің АИ-95 және АИ-98 бензиніне қатысты шағымдарынан кейін жанармай сапасына бақылауды күшейтуді ұсынды.

«Әділет» партиясынан депутат болып сайланған Жарқынбек Амантайұлы цифрлық кеңістіктегі заңсыз контентке жауапкершілікті күшейту қажет дейді. 

«Ақ жол» партиясы фракциясының мүшесі Бақтыбек Бибаев отандық өндіруші мәртебесін алған компаниялардың шын мәнінде ел ішінде қанша өнім өндіретіні мен қанша қосылған құн қалыптастыратынын нақты есептеу қажет екенін айтты.

«Respublica» партиясы фракциясының мүшесі Мейірхат Қасымбаев «Таза Қазақстан» бастамасының құндылықтарын балабақшалар мен мектептердің тәрбие жұмысына енгізуді ұсынды. 

«Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Сергей Пономарев өкпе обырын ерте анықтау және скринингтен өткізу үшін отандық жасанды интеллект жүйесін іске қосуды ұсынды. 

«Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Ерлан Сайыр ұлттық құндылықтарға негізделген амандасу әдебін қалыптастыруды мәселесін көтерді.  

«Ақ жол» партиясы фракциясының мүшесі Юрий Ли қарыз алушылардың биометриялық деректерін жинап, берілген несие сомасынан ондаған есе көп ақпарат талап ететін заңсыз кредиторларды жауапқа тартуды талап етті. 

16 қыркүйек күні өткен отырыста «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Жанарбек Әшімжанов Алатау қаласының инженерлік, әлеуметтік және цифрлық инфрақұрылымын дамыту мәселесі жөнінде депутаттық сауал жолдады.

«Ауыл» партиясы фракциясының мүшесі Рабиға Тоқсеитова құс шаруашылығымен айналысатын ғылыми-зерттеу орталығын, яғни отандық селекциялық және генетикалық база құруды ұсынды. 

«Ақ жол» фракциясының мүшесі Ермеккали Юсупов депутаттық сауалында отандық өңдеушілерді қолжетімді шикізатпен қамтамасыз ету және мұнай-химия кәсіпорындарын дамыту мәселесін көтерді. 

«Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Елдос Баялышбаевтың мүмкіндігі шектеулі балаларға білім беру, спорт және әлеуметтендіру салаларында көрсетілетін қолдауды жақсартуды ұсынды.

ЖСДП фракциясының мүшесі Ажар Сағандықова өсімдіктерге келтірілген залал мөлшерін анықтау тәсілдерін қайта қарауды ұсынды.

«Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Тілектес Адамбеков биыл ғылымға 260 миллиард теңге бөлінгенін айтып, қаржының қайтарымын сұрады. 

«Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Дидарбек Ділдәбек депутаттық сауалында еліміздегі жұмыс істемейтін әрі оқымайтын жастардың үлесі 5,8%-ға жеткенін айтып, жастарды жұмыспен қамту туралы бірнеше ұсыныс жасады.

ЖСДП фракциясының мүшесі Наурыз Сайлаубай құрылыс сапасын мемлекеттік бақылауды күшейту мәселесін көтерді. 

«Respublica» партиясы фракциясының мүшесі Нұргүл Тау студенттерге жатақханалардан орын беруде бірыңғай цифрлық платформаны енгізуді ұсынды. 

«Ауыл» партиясы фракциясының мүшесі Захира Бегалиеваның инклюзивті саясат мәселелері бойынша депутаттық сауал жолдап, мүгедектігі бар жандарға көрсетілетін көмекті бір жүйеге біріктіру керек екенін айтты.

ЖСДП фракциясының мүшесі Аслан Құлмағамбетов «Таза үй – Таза ел» жобасын ұлттық деңгейге дейін кеңейту туралы депутаттық сауал жолдап, мемлекет бизнес пен тұрғындарға қоқысты қайта өңдеу ісінде қолдау көрсетуге тиіс екенін жеткізді.

«Ақ жол» партиясы фракциясының мүшесі Мейраш Шынасилова жүргізуші куәлігін алу кезінде туындайтын қордаланған мәселелер бойынша депутаттық сауал жолдады. Оның айтуынша, азаматтар жүргізуші куәлігін алу үшін 6 ай кезек күтуге мәжбүр.

«Respublica» партиясы фракциясының мүшесі Бекжан Айтқұлов депутаттық сауалында арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың тиімділігін арттыру керек екенін айтты.

23 қыркүйек күні өткен отырыста «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Дихан Қамзабекұлы жастар біліксіз блогерлер мен коучтерге еліктеп жүргенін айтып, оқушылар мен студенттерге ғылым мен техника саласында еңбек еткен отандық ғалымдар мен инженерлерді үлгі ету қажет деді.

«Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Кендебай Адамбек түнгі уақытта қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жөнінде депутаттық сауал жолдап, түнгі заңсыз жарыстарға қатысты жазаны күшейтуді ұсынды.

«Respublica» партиясы фракциясының мүшесі Мейірхат Қасымбаев трансшекаралық автомобиль жолдарын I техникалық санат деңгейіне жеткізу туралы депутаттық сауал жолдады.

«Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Мейрамбай Кемалов рұқсат етілмеген граффити үшін жауапкершілікті күшейтуді ұсынды. 

«Ақ жол» партиясы фракциясының мүшесі Асылхан Қожахметов медициналық бұйымдарды сатып алу және отандық тауар өндірушілерді қорғау кезіндегі заң бұзушылықтар мәселесін көтерді.

«Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Константин Петров қазақстандықтар туризм саласындағы алаяқтардың құрбаны болып жатқанын айтып, туристік агенттіктердің қызметін реттеуді күшейту және жауапкершілігін арттыруды ұсынды.

«Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Айсұлу Сүлеймен пилотсыз авиация саласын дамыту шаралары бойынша депутаттық сауал жолдады. Ол пилотсыз авиацияны басқарудың бірыңғай цифрлық жүйесін құруды жеделдету керек дейді.

«Ауыл» партиясы фракциясының мүшесі Владимир Киян шамамен 700 мың ауыл тұрғынына жылдам интернет жетпегенін айтып, ауылдық жерлерді жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етуді сұрады.

«Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Үнзила Шапақ Конституцияда бекітілген құндылықтарды тек заң жүзінде бекітіп қоймай, оларды азаматтардың санасына, мінез-құлқы мен күнделікті өміріне орнықтырудың нақты тетіктерін әзірлеуді ұсынды.

ЖСДП фракциясының мүшесі Мақсұт Насибулов депутаттық сауалында жайылымдық жерлердің тапшылығы мен қымбат жем-шөп салдарынан жеке қосалқы шаруашылықтар біртіндеп жойылып кету қаупі мәселесін көтерді.

«Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Ерлан Сайыр солтүстік және шығыс өңірлерді газдандыру мәселесін көтерді. Айтуынша, газдың жоқтығынан халық осы өңірлерден көшіп жатыр.

«Respublica» партиясы фракциясының мүшесі Екатерина Смолякова отандық шипажайлардың жағдайы көңіл көншітпейтінін айтып, Қазақстанның курорттық әлеуетін дамытуға қатысты депутаттық сауал жолдады. 

«Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Екатерина Смышляева жолдардағы қымбат құрал-жабдықтар міндетті толық атқармайтынын айтты.

«Ақ жол» партиясы фракциясының мүшесі Олжас Нұралдинов шикізат экспортынан терең өңдеуге және жоғары деңгейде өңделген өнім өндіруге көшу мәселесін көтерді.

«Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Ербол Данағұлов елдегі ауыл шаруашылығы техникасының 80%-ы тозғанын мәлімдеп, агроөнеркәсіп кешенін қолдау бойынша бірнеше маңызды ұсыныс жасады

«Ауыл» партиясы фракциясының мүшесі Ажар Қажыбекова елдегі автотуризм мен гастротурим арқылы туристік маршруттарды кешенді дамытуды ұсынды.

«Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Константин Авершин салық өзгерістерінен кейін 207 мыңнан астам кәсіпкер қызметін тоқтатқанын айтып, салық реформасын бағалауды талап етті.

«Ақ жол» партиясы фракциясының мүшесі Дәурен Ахметжаев кәсіпкерлік субъектілерді ірі бизнес санатына жатқызу шарттарын қайта қарауды ұсынды.

Қандай салалар қамтылды?

Депутаттық сауалдардың мазмұнын салалар бойынша жіктеуге болады

1.              Әлеуметтік саясат және халықтың әл-ауқаты

Бұл бағыттағы сауалдар азаматтардың әлеуметтік қорғалуына, жастардың жұмыспен қамтылуына және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жағдай жасауға қатысты.

·                  мүгедектігі бар адамдарға көрсетілетін көмекті бір жүйеге біріктіру, мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдау;

·                  жастарды жұмыспен қамту; 

·                  Конституцияда бекітілген құндылықтарды азаматтардың күнделікті өміріне енгізу тетіктері ұсынылды.   

Депутаттар тек жәрдемақы немесе материалдық көмек мәселесін ғана емес, адамды білім, жұмыс және қоғам өміріне толыққанды қосу мәселесін көтерді.

2. Экономика, кәсіпкерлік және өндіріс

Бұл салаларға «Ақ жол» және Respublica партиялары баса назар аударады. Депутаттар экономиканың шикізатқа тәуелділігі, отандық өндіріс, кәсіпкерлікке қойылатын талаптар және салық саясатына назар аударған.

·                  Отандық өндіріс пен локализация;

·                  қолжетімді шикізатпен қамтамасыз ету және мұнай-химия кәсіпорындарын дамыту;

·                  Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың тиімділігін арттыру;

·                  медициналық бұйымдар өндірісі;

·                  шикізатты терең өңдеу;

·                  Салық реформасы;

·                  Кәсіпкерлік субъектілерін жіктеу.

3. Ауыл шаруашылығы

Құрылтайда «Ауыл» партиясы бұл саланы жиі көтереді. Ауыл шаруашылығына қатысты сауалдарда саланың ұзақмерзімді бәсекеге қабілеттілігіне әсер ететін мәселелер көтерілген:

·                  құс шаруашылығына арналған отандық селекциялық және генетикалық база құру;

·                  ауыл шаруашылығы жерлерін қайта қарау және жайылым тапшылығы;

·                  жем-шөп бағасының қымбаттауы;

·                  мемлекетке қайтарылған жерлерді тиімді айналымға енгізу;

·                  ауыл шаруашылығы техникасының 80%-ының тозуы;

·                  өсімдіктерге келтірілген залалды есептеу әдістемесін өзгерту.

4. Білім және ғылым

Білім саласындағы сауалдар тек мектеп мәселесімен шектелмейді:

·                  ауыл және қала балаларының қосымша білім алу мүмкіндіктерінің теңсіздігі;

·                  ерекше қажеттілігі бар балалардың білім алуы;

·                  қоғамда білім мен ғылым культін қалыптастыру;

·                  ғылымға бөлінген қаражаттың есебі;

·                  мектептегі тәрбие жұмысына «Таза Қазақстан» құндылықтарын енгізу.   

Депутаттар білімді қоғамның құндылықтары мен адами капиталын қалыптастыратын құрал ретінде қарастырған.

5. Цифрландыру және цифрлық қауіпсіздік

Цифрлық бағыттағы сауалдар бірнеше түрлі мәселені қамтиды:

·                  16 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желілерді пайдалануын шектеу;

·                  балалардың жеке және цифрлық деректерін қорғау;

·                  мектептерде цифрлық гигиена мен медиасауаттылықты оқыту;

·                  цифрлық кеңістіктегі заңсыз контент;

·                  «треш-стримингке» жауапкершілік;

·                  Алатау қаласының цифрлық инфрақұрылымы;

·                  пилотсыз авиацияны басқарудың бірыңғай цифрлық жүйесі;

·                  студенттерді жатақханаға орналастыру үшін бірыңғай цифрлық платформа енгізу.     

Депутаттар цифрлық технологияны тек қызмет көрсету құралы ретінде емес, сонымен бірге қауіпсіздік пен реттеу объектісі ретінде қарастырады. Яғни күн тәртібінде цифрлық сервистерді дамытумен қоса қатерлердің алдын алу мәселесі тұр.

6. Медицина және денсаулық сақтау

Медицинаға қатысты негізгі сауалдардың бірі – өкпе обырын ерте анықтау үшін отандық жасанды интеллект жүйесін пайдалану. Сонымен қатар медициналық бұйымдарды сатып алу және отандық өндірушілерді қорғау мәселесі де денсаулық сақтау саласымен байланысты.  

Медицина бойынша сауалдар саны экономика, әлеуметтік саясат немесе көлікпен салыстырғанда аз болғанымен, көтерілген мәселелердің бірі жасанды интеллект пен медицинаның түйісуіне қатысты. Бұл денсаулық сақтау саласын технологияландыру мәселесінің күн тәртібіне шыға бастағанын көрсетеді.

7. Тұрғын үй және қалалық инфрақұрылым

Бұл бағытта:

·                  көппәтерлі үйлерді басқару ережелерін өзгерту және ревизия жүргізу;

·                  құрылыс сапасына мемлекеттік бақылауды күшейту;

·                  студенттерді жатақханамен қамтамасыз етудің бірыңғай цифрлық платформасын енгізу;

·                  Алатау қаласының инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту мәселелері көтерілген.

·                   

8. Көлік және жол инфрақұрылымы

Депутаттық сауалдарды талдағанда көлік саласында бірнеше нақты проблеманы атап өтуге болады:

·                  жүргізуші куәлігін алу кезіндегі ұзақ кезек;

·                  трансшекаралық автомобиль жолдарын I техникалық санатқа жеткізу;

·                  жолдардағы қымбат құрал-жабдықтардың тиімді жұмыс істеуі;

·                  құрылыс сапасын мемлекеттік бақылау;

·                  бензин сапасын бақылау;

·                  түнгі заңсыз автожарыстар.

·                   

9. Мәдениет, ұлттық құндылықтар және тәрбие

Бұл бағыттағы сауалдар:

·                  ұлттық құндылықтарға негізделген амандасу әдебін қалыптастыру;

·                  Конституциялық құндылықтарды азаматтардың күнделікті мінез-құлқына енгізу;

·                  қоғамда ғылым мен білімге деген құрметті арттыру;

·                  «Таза Қазақстан» құндылықтарын балалар тәрбиесіне енгізу;

·                  рұқсат етілмеген граффитиге жауапкершілікті күшейту мәселелерін қамтиды.   

Депутаттар көтерген мәселелерді талдағанда классикалық мәдениет саласынан гөрі қоғамдық мінез-құлық, тәрбие және ұлттық құндылықтарды күнделікті өмірге енгізу мәселесі басым екенін аңғара аламыз.

10. Экология және қоршаған орта

Экологиялық бағытта:

·                  «Таза Қазақстан» құндылықтарын мектеп пен балабақша тәрбиесіне енгізу;

·                  «Таза үй – Таза ел» жобасын ұлттық деңгейге шығару;

·                  қоқысты қайта өңдеуге мемлекет тарапынан бизнес пен тұрғындарға қолдау көрсету мәселелері көтерілген.  

11. Туризм

Туризмге қатысты үш негізгі бағыт байқалады:

·                  туристік агенттіктердің қызметін реттеу және алаяқтықтан қорғау;

·                  Қазақстанның курорттық және шипажайлық әлеуетін дамыту;

·                  автотуризм мен гастротуризм негізінде жаңа туристік маршруттар қалыптастыру.   

Депутаттардың туризм туралы сауалдары тек турист санын көбейтуге емес, инфрақұрылым, қызмет сапасы, қауіпсіздік және жаңа туристік өнімдерге бағытталған.

Депутаттық сауалдардың едәуір бөлігі жүйелік экономикалық мәселелер мен әлеуметтік саясатқа, азаматтардың күнделікті өмір сапасы, инфрақұрылым және цифрлық ортаға шоғырланған. Мәдени-құндылықтық тақырыптар да көтеріледі, бірақ олар көбіне білім, тәрбие және қоғамдық тәртіп мәселелерімен қабаттасып отыр.

Ақпарат пен фото: parlametr.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: