БҮГІНГІ САТИРА
«Табаны қыши береді» сатиралық романымнан үзінді)
Құдай-ау, мұндай да болады екен, тойхана есігі айқара ашылып, Шымкент түгілі Дубайға сыймай жүрген Болаттың ізі мен Жасминнің ізі қатар келе жатты. Жасминнің ізі башпайына кішкентай ғана қалыңдық фатасы кигізіліпті. Ал Болаттың ізі башпайына фрак тағып алыпты.
Бұл көрініске мультфильм көргендей таңданған Жасмин орнынан тұрып қол соқты. Қол шапалақтаған үш адам ғана еді. Олар – Жасмин және әке-шешесі.
– Іздер бақытты болсын!
– Іздер өшіп қалмасын!
– Артыңда қалған із осындай болсын!
– Жаман адамның жақсы ізі үйленді!
Осындай құттықтаулар алдын ала жазылып қойылған болса керек, бұрыштағы үлкен колонкадан құлақты қақ айырып жіберетіндей болып шықты. Бір кезде махаббат әуені ойналып, есіктен жалғыз із келе жатты. Іздің сыңары жоқ! Жанындағы сыңары күйеуге тиіп кеткендей ме! Жоқ, бұл із Америка президентінің ізі еді. Сыңары жолда ауырып қалыпты. Қартайған із жай ғана бір өзі келіп, «жас жұбайларды» құттықтап, басын иді. Сөйтті де төрдегі Америка туы қойылған үстел жанындағы орындық үстінде жатты. Кешікпей Ұлыбритания, Италия, Қытай, Жапония, Пәкістан, Үндістан, Иран елдерінің лидер іздері көрінді. Олар шын мәнінде қожайындарынан сұранып келген жоқ, «Той дегенде қу бас та домалайды» дегендей, өз беттерімен Қазақстандағы Шымкентке қарай ұшқан еді.
Бір кезде Иран мен Израиль көшбасшыларының іздері көрінді. Олар екі жаққа айырылып, бөлек үстелге жайғасты. Бірін-бірі жақтырмай, майда тас лақтырысып отырды.
Кенет көңілді әуен ойналды. Украина президентінің ізі Ресей президентінің ізі «отырған» ізге келді. Жанындағы үстелге лып етіп көтерілді. Бірақ Ресейден келген із келесі үстелге барып, теріс қарап қалды. Украинадан келген із ол жерге де келді. Анау із тағы бір үстел үстінде «шалқасынан» жатып алды. Ал өзге елден келген іздер әуенге елітіп, билеп жатқан еді. Әсіресе, Америкадан келген қарт іздің биі ерекше. Секіргенде өкшесі майысып қалып жүрді. Үндістаннан келген премьер-министр әр ізді құшақтап, бірде жата қалып, бірде аунай кетіп, өз еліндегі би дәстүрімен билеп, бәрін таңғалдырды. Ал қазақ шенеуніктерінің іздері шіреніп қалған. Олар билесе, ұят сияқты. Тіпті бір із шіренемін деп жыртылып кетті. Тағы бір із жан-жағына менсінбей қарайды. Премьер-министрдің ізі маңына министрлердің іздері шоғырлана қалыпты. Олар өкшелей тік келіп, жерге жата қалады. Ал Премьердің ізі сол іздердің үстімен жүріп өтіп, дәретханаға барып келді. Бір кезде… Украина ізі мен Ресейден келген із виски ішіп, құшақтасып отыр! Руслан да ішінен қуанып, жымың етті. Ал Шынар жанына келген Германия канцлерінің ізін енді байқады. Биге шақырып тұрғандай ымдайды.
– Биге шақырып тұр ма? — деп сұрады ол күйеуінен.
– Иә, — деді Руслан.
– Қалай билеймін?
– Еңкейіп биле.
– Жоқ, вальс ойналып тұр ғой!
– Бірдеңе етсеңші, ұят болады.
Шынар Германиядан келген канцлердің ізін жерден көтеріп алып, қолына аялай ұстап, вальс ырғағымен дөңгелене жөнелді. Бір кезде біреу балтырын сабалады. Еңкейіп қарап еді, Франция президентінің ізі екен. Қолындағы ізді жібере қойып, оны көтеріп алды. Сөйтіп билеп жүргенде әуен аяқталды. Із оның қолынан сүйіп қоштасты. Той керемет өтіп жатты. Тойдан көңілді қайтқан Шынар:
– Руслан, сенің ізің неге көрінбейді? — деп сұрады.
– Менің ізім қарапайым. Көпшілік алдына шыға бергісі келмейтін шығар…
– Адам болып келген соң, артыңда ізің болғаны жақсы екен.
Руслан ойланып келе жатты. «Жаман адамнан да жақсы із шығады екен-ау!» деді ішінен.
Мұхтар ШЕРІМ,
Шымкент қаласы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!