Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аймақ басшысы Бәйгеқұм және Еңбекші ауылдарының тұрғындарымен кездесті

30.09.2026, 18:09 53

Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаев Шиелі ауданына жұмыс сапары кезінде Бәйгеқұм және Еңбекші ауылдарының тұрғындарымен кездесті.Онда елді мекендердің инфрақұрылымын, ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік салаларын дамыту,халықтың тұрмыс сапасын арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар талқыланды.

Ауылдық округтерде көшелерге асфальт төселген, аяқсумен қамтылған және жарықтандырылған. Тұрғындар мал ұстайды, кәсіпкерлікпен айналысады.
Кездесуде айтылған ұсыныс-пікірлер бойынша жауапты сала басшыларына тиісті тапсырмалар берілді.

Аймақ басшысы Бәйгеқұм ауылындағы учаскелік полицияның жаңа пунктінің жұмысымен танысты. Нысанды демеушілік қаражат есебінен 22 млн теңгеге «Сәт-Сервис» серіктестігі салып, қыркүйек айында пайдалануға берілген.
Бұл ауылда 2330 тұрғын бар. Учаскелік полиция пунктінің ашылуы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, құқықбұзушылықтың алдын алуға және полиция қызметкерлерінің халықпен тікелей байланысын нығайтуға мүмкіндік береді.

Одан кейін облыс әкімі «Гежуба Шиелі Цемент» серіктестігінің қаржыландыруы есебінен 1,2 млрд теңгеге салынып жатқан 4,3 шақырым «Самара-Шымкент-Еңбекші» автомобиль жолының құрылысын көрді. Бас мердігер «Орда АвтоДор» ЖШС қолға алған құрылысты авторлық қадағалауға «Димаш-Сервис», техникалық қадағалауға «Опора Строя» серіктестіктері жауапты. Қайта жаңғыртудан өткен жол Еңбекші ауылы тұрғындарының көлік қатынасын жайлы етеді.

Шиелі кентіндегі жол жөндеу жұмыстары, мамандандырылған балалар-жасөсіпірімдер мектебі де назардан тыс қалмады. Биыл Қожа Ахмет Яссауи, Бәкіров және Есабыз көшелерін, сондай-ақ Байтұрсынов көшесінен канал көпіріне дейінгі автомобиль жолдарын қайта жаңғыртуға облыстық бюджеттен 544,6 млн теңге, аудандық бюджеттен 350 млн теңге бөлінді. Қазір құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде.

№9 Шиелі аудандық олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебі күрделі жөндеуден өткен. Жалпы 249,9 млн теңге бөлінген жөндеу жұмыстарының нәтижесінде мектеп ғимараты жаңартылып, спортшылар мен жаттықтырушылар үшін қолайлы жағдай жасалды.
Айта кету керек, Шиелі ауданы аумағындағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 325,9 шақырым болса, оның 80 шақырымы республикалық, 100,5 шақырымы облыстық және 145,4 шақырымы аудандық маңыздағы жолдар санатында.

Аудандық маңызы бар 145,4 шақырым жолдың 138,1 шақырымы (94,9 пайыз) жақсы және қанағаттанарлық жағдайда. Ал облыстық және республикалық маңызы бар жолдар 100 пайыз асфальтталған.

@Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: