Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қорғаныс министрлігінің бюджетіне аудит басталды

27.09.2026, 12:48 39

Жоғары аудиторлық палата Қорғаныс министрлігінде мемлекеттік аудит жүргізуді бастады. Тексеру барысында бюджет қаражатының қаншалық тиімді жұмсалғаны және әскери бөлімдердің материалдық-техникалық жағдайы қаралады. 

Палатаның хабарлауынша, аудиторлар Қорғаныс министрлігіне бөлінген қаржының пайдаланылуын ғана емес, әскери бөлімдердің қажетті техникамен, жабдықпен және басқа да материалдық ресурстармен қамтамасыз етілуін тексереді. Аудиттің қорытындысы әзірге жарияланған жоқ. 

Тексеру Қорғаныс министрлігінде бірқатар маңызды оқиға болған тұста басталып отыр. 24 қыркүйекте Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде 17 әскери қызметшіні теңіз алып кетіп, үшеуі құтқарылды. 14 әскери қызметші қаза тапты. Оқиғаға байланысты жоғары және аға командалық құрамдағы жауапты лауазымды тұлғаларға қатысты тергеу жүріп жатыр. 

27 қыркүйекте Президент Жарлығымен Дәурен Қосанов Қорғаныс министрі қызметінен босатылып, оның орнына Айдос Мырзахметов тағайындалды. Бұған дейін Мемлекет басшысы Қорғаныс министрлігіндегі жағдайды тексеру үшін арнайы комиссия құрған. 

Қорғаныс саласындағы қаржы көлемі де едәуір. Қаржы министрлігінің дерегінде 2025 жылға Қорғаныс министрлігіне 1,0239 трлн теңге қарастырылғаны көрсетілген. Сол жылдың 1 желтоқсанындағы есеп бойынша 105,2 млрд теңге игерілмей қалған. Оның негізгі бөлігі мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты орындауға қатысты болған. 

Жоғары аудиторлық палата қазіргі аудиттің нақты мерзімі мен қандай кезеңдегі бюджет қаражатын қамтитығын әзірге ашып көрсеткен жоқ. Сондықтан тексеру нәтижесінде заң бұзушылық анықталды деп айтуға әлі ерте.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: