Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қоғам қайраткерлерін мерейтойымен құттықтады

24.09.2026, 21:32 33

Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаев қоғам қайраткерлері Биғали Қаюповты 75 жасқа, Бибіжан Жәукебаеваны 80 жасқа толу мерейтойларымен құттықтады.

«Ғибратты ғұмырында еліне адал қызмет еткен аға буынды, ел аманатын арқалаған азаматтарды үлгі-өнеге ету – біздің парызымыз.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Әділетті Қазақстанда адамдарға еңбегіне қарай құрмет көрсетілуге тиіс екенін айтқан болатын.
Бүгінгі жиынымыз өнегелі істердің ұйытқысы болып, халықтың ықыласына бөленген, Сыр жұртшылығына етене таныс Қаюпов Биғали Әбдікерұлы ағамыздың 75 жасқа, Жәукебаева Бибіжан Жәукебайқызы апамыздың 80 жасқа толу мерейтойларына арналуда.

Сіздердің жылдар бойы туған өлке игілігі жолында атқарған қызметтеріңіз шынайы құрметке лайық. Сыр жұртшылығы аймақтың дамуына зор үлес қосқан Өздеріңіздей азаматтарымен мақтанады. Сіздерге тілеулес жандардың, ақадал ниетті жерлестеріңіздің атынан бүгінгі мерейтойларыңызбен шын жүректен тағы да құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілейміз», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.

Жиында мерейтой иелеріне Қызылорда облысының Құрмет грамотасы, «Қызылорда облысының дамуына қосқан үлесі үшін» медалі, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нәлібаев Нұрлыбек Машбекұлының арнайы құттықтауы табысталды. Дәстүрге сай сый-құрмет көрсетілді.

Ел ағалары Серік Дүйсенбаев, Нәжмадин Мұсабаев, Өмірбек Шәменов ізгі лебіздерін білдірді.

Биғали Әбдікерұлы 1951 жылы Арал ауданында дүниеге келген. Еңбек жолын мұғалімдіктен бастап, жауапты қызметтер атқарды. Арал, Қармақшы, Жалағаш аудандарының әкімі, Сенат депутаты, Президент Әкімшілігінің Мемлекеттік инспекторы болды. Арал өңірінің әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуге, экологиялық ахуалды жақсартуға және САРАТС жобасының жүзеге асуына зор үлес қосты.

Бибіжан Жәукебайқызы 1946 жылы Шиелі ауданында дүниеге келген. Еңбек жолын жұмысшыдан бастап, білім саласында және мемлекеттік қызметте абыройлы еңбек етті.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары ретінде өңірдің дамуына үлес қосты. 1995 жылы Қазақстан атынан БҰҰ-ның Бүкіләлемдік әйелдер конференциясына қатысты. «Қызыл Жарты Ай» қоғамының облыстық комитетін басқарып, халыққа әлеуметтік және гуманитарлық көмек көрсету ісіне белсене атсалысты.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: