Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Еліміздің 38,5 трлн теңге қарызы бар»: Жұманғарин алаңдамауға шақырды

24.09.2026, 9:30 62

Қазақстанның мемлекеттік қарызы 2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша 38,5 трлн теңгеге жеткен. Бұл елдің жалпы ішкі өнімінің 20,9 пайызына тең. Мәліметті Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Құрылтайдағы брифингте айтты. 

Министрдің сөзінше, Қазақстан мемлекеттік қарыз деңгейі салыстырмалы түрде төмен елдердің қатарына жатады. Ол кей мемлекеттерде қарыздың ЖІӨ-ге шаққандағы үлесі 100 пайыздан, тіпті 200 пайыздан асатынын мысалға келтірді. 

— Біз қанша қарыз алатынымызға, оны қалай және кімнен алатынымызға өте мұқият қараймыз. Қарыздың басым бөлігі, шамамен 75 пайызы – ішкі қарыз. Бізде Ұлттық қор секілді жеткілікті буферлік капитал бар. Осы тұрғыдан Қазақстан азаматтары алаңдамаса болады,— деді Серік Жұманғарин. 

Жұманғарин мемлекеттің қарыз тартуын экономикалық дамуды жеделдететін қаржы құралдарының бірі деп түсіндірді. Оның айтуынша, тәуекелді дұрыс есептеп, қосымша қаражат тарту елдің тек өз капиталына сүйенгеннен жылдамырақ дамуына мүмкіндік береді. 

Қаржы министрлігінің дерегіне сәйкес, мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген қарызды, сондай-ақ мемлекет кепілдіктері бойынша берешекті қосқанда жалпы міндеттеме 40,9 трлн теңгеге жеткен. Ал 2026 жылға Үкімет қарызының шекті көлемі 39,3 трлн теңге болып бекітілген. 

Министр қарыз көлемінен бөлек, оның қандай мақсатқа және қандай шартпен алынатынына назар аудару қажет екенін айтты. Үкімет мемлекеттік қарызды басқаруда ЖІӨ-ге шаққандағы көрсеткішті негізгі өлшемдердің бірі ретінде қолданып отыр. 

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: