Қарыз – адамзат өмірінде бұрыннан бар ұғым. Оның табиғатында біреуден қаражат алып, кейін қайтару шарты жатыр. Қарыздың өзі жақсы немесе жаман деп бағаланбайды. Оның мәні оны қандай мақсатқа алып, қалай өтейтініне байланысты. Баспана алу, білімге қаржы жұмсау, кәсіп бастау сияқты ұзақ мерзімді мақсаттарға алынған несие мен күнделікті тұтынуды қарыз есебінен жабудың арасы алшақ. Бірінде адам болашағын жоспарласа, екіншісінде болашақ табысын бүгінгі қажеттілікке жұмсайды.
Алайда, соңғы жылдары қарыз алу тұрмыстық қажеттілікті шешудің үйреншікті тәсіліне айналып барады. Қазір адамға үлкен зат сатып алу үшін ұзақ уақыт ақша жинау міндетті емес. Несие мен бөліп төлеу жүйесі кез келген тауарды бірден алуға мүмкіндік беруде. Мәселен, телефон, жиһаз, тұрмыстық техника, киім-кешек, тіпті күнделікті шығындардың өзі қарыз қаражаты арқылы өтелетін жағдайлар кездеседі. «Қазір аламын, кейін төлеймін» деген ұстаным осылайша тұтыну мәдениетінің бір бөлігіне айналды.
Бұл үрдістің ауқымын ресми көрсеткіштер де аңғартады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан халқының банктер алдындағы кредит көлемі 24,8 триллион теңгеге жеткен. Оның 16,7 триллион теңгесі тұтынушылық кредиттерге тиесілі. Бір жыл ішінде тұтынушылық қарыз көлемі 21 пайызға өскен. Ал 2026 жылғы 1 қаңтардағы мәлімет бойынша, халықтың банктер алдындағы 90 күннен астам мерзімі өткен кредиттерінің көлемі 1,072 триллион теңгеге жетті. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш шамамен 790 миллиард теңге болған.Бұл сандарды әр адамның қаржылық жағдайына тікелей телуге болмайтыны тағы бар. Дегенімен, қоғамдағы қарыз қаражатының тұтынудағы үлесі артқанын көрсететін маңызды белгі де осы тұтынушылық кредиттің басымдығы ойлануға негіз береді. Себебі де сол, тұтынушылық қарыз арқылы алынған әрбір зат адамның болашақ табысының белгілі бір бөлігін алдын ала бөліп қояды.
Осы жерде қаржылық сауаттылықтың маңызы алдыңғы орынға шығады. Қаржылық сауаттылықты көп жағдайда табыс пен шығынды есептеу деп қабылдаймыз. Шын мәнінде, оның аясы әлдеқайда кең. Атап айтар болсақ, қаржыға сауатты қарау – бүгінгі шығынды өтеумен қатар, ертеңгі күнді жоспарлау, күтпеген жағдайға қор жинау, ұзақ мерзімді мақсаттарға қаражат бөлу және өз мүмкіндігіңе қарай шешім қабылдау.
Бұл жөнінде Ұлттық Банктің Қызылорда филиалы Экономикалық талдау және статистика бөлімінің басшысы, қаржыгер Ақмарал Алибекованың пікірі толықтыруда. Оның айтуынша, қаржылық әл-ауқат күнделікті қажеттілікті өтеумен шектелмейді. Адамның күтпеген жағдайға арналған қоры, баспана, бала тәрбиесі мен білімі, болашақ зейнеті секілді ұзақ мерзімді мақсаттары болуы керек. Яғни, қаржылық тұрақтылықтың негізі – ақшаның көлемінен бұрын оны жоспарлай білу.
– Адамның қаржылық мінез-құлқына бірнеше фактор әсер етеді. Отбасындағы ақшаға деген көзқарас, адамның жеке тәжірибесі, қаржылық білімі, эмоциялық жағдайы, жарнама мен сән үрдістері барлығы шығын жасау шешіміне ықпал етеді. Әсіресе, күйзеліс кезінде қажетсіз зат сатып алып, көңіл күйін көтеруге тырысатын адамдар бар. Мұндай жағдайда мәселе заттың өзінде емес, оны сатып алуға итермелеген себепте болуы мүмкін. Сондықтан қаржылық сауаттылықты қалыптастырудың алғашқы қадамы – өз әдетіңе сырт көзбен қарау. «Ай сайын қанша табыс түседі? Оның қанша бөлігі міндетті төлемдерге кетеді? Қанша қарыз бар? Қанша қаражат жинақта тұр? Күтпеген шығын туындаса, оны несие алмай жабуға мүмкіндік бар ма?» Осы сұрақтардың жауабын білмеу адамның өзінің қаржылық жағдайын толық бақылауына кедергі келтіреді, — дейді қаржыгер Ақмарал Киікбайқызы.
Қаржылық тәртіптің тағы бір маңызды тұсы – қажеттілік пен қалауды ажырату. Азық-түлік, баспана, киім-кешек, дәрі-дәрмек секілді дүниелер адамның негізгі қажеттілігіне жатады. Ал жаңа телефон, бренд киім, үнемі кафеден тамақтану немесе көңіл көтеруге жұмсалатын шығындардың барлығы кейінге қалдырылуы мүмкін. Мұндай таңдаудың әрқайсысын «қазір маған бұл шынымен қажет пе?» деген сұрақтан бастаған жөн.
Маман ұсынған қарапайым тәсілдердің бірі – кез келген табыстың белгілі бір бөлігін жинаққа қалдыру. Мысалы, кірістің 10 пайызын тұрақты түрде жинау әдетке айналса, уақыт өте келе қаржылық қор қалыптасады. Сонымен қатар нақты мақсат қойған тиімді: белгілі бір мерзімде белгілі бір соманы жинау. Шығындарды жазып отыру, автоматты төлемдер мен жазылымдарды бақылау, сатып алмас бұрын бағаларды салыстыру да ақшаның қайда кетіп жатқанын түсінуге мүмкіндік береді.
Импульсивті сатып алуға қатысты «24 сағат» ережесін қолданудың да мәні бар. Қажет емес затты көрген сәтте бірден сатып алмай, шешімді бір тәулікке кейінге қалдыру – алғашқы эмоция басылған соң оның шын мәнінде қаже-қажет еместігін саралауға мүмкіндік береді. Әсіресе, әлеуметтік желідегі жарнама мен жеңілдік ұсыныстары адамды асығыс шешімге итермелейтін қазіргі кезеңде бұл қарапайым тәсілдің пайдасы бар.
Қаржылық әдет адамның жасына қарай да өзгереді. Мәселен, жас кезде білім алуға, алғашқы жұмысқа, жаңа ортаға байланысты шығын көбейіп, алғашқы несие алынуы мүмкін. 26-45 жас аралығында баспана, бала тәрбиесі, отбасы шығыны мен кредиттік міндеттемелердің салмағы артады. Ал кейінгі кезеңде жинақ, зейнетке дайындық, денсаулық пен қаржылық қауіпсіздік мәселесі алдыңғы қатарға шығады. Демек, қаржыны басқару – белгілі бір жасқа тән міндет емес, адамның бүкіл өміріне қажет дағды. Бұл дағдының негізі бала кезден қаланады. Ақшаның шектеулі ресурс екенін, кез келген сатып алудың артында еңбек тұрғанын, қалаған дүниенің бәрін бірден алудың қажеті жоқ екенін бала ерте түсінсе, оның қаржыға деген көзқарасы да өзгеше қалыптасады. Осы тұрғыдан алғанда қаржылық сауаттылықты білім беру жүйесіне енгізудің маңызы зор.
Қазақстан Президентінің 2024 жылғы 25 қыркүйектегі Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспары аясында осы бағытта өңірде де жұмыс жүргізіліп келеді. 2025-2026 жылдары Ұлттық Банктің Қызылорда филиалы «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығымен бірлесіп, облыстағы жалпы білім беретін мектептер мен колледждердің 411 педагогін «Қаржылық сауаттылық негіздері» жобасы бойынша арнайы оқу курсынан өткізді. «Бағдарлама осы жылдың қыркүйек айынан бастап қайта жалғасуда» дейді мамандар. Бұл бастаманың мәні – қаржы туралы білімді банк пен клиент арасындағы қарым-қатынас аясынан шығарып, адамның күнделікті өміріне енгізуінде. Өйткені, қаржылық сауаттылық туралы әңгіме қарыз алған кезде ғана басталмауы керек. Ол ақша қолға тиген сәттен, алғашқы шығыннан, алғашқы жинақтан, алғашқы қаржылық шешімнен басталады.
Қарызға өмір сүрудің қалыпты жағдайға айналып бара жатқанын көрсететін ең үлкен белгі – адамның қарызды сезінбей қалуы. Бірнеше мың теңгенің төлемі, бірнеше айға бөлінген тауар, шағын несие – жеке-жеке қарағанда ауыр салмақ болып көрінбеуі мүмкін. Бірақ олардың бәрі қосылғанда адамның болашақ табысын бүгіннен бастап бөліп қояды.
Сондықтан қаржылық еркіндік дегеніміз қалаған заттың бәрін бірден сатып алу мүмкіндігіне тірелмейді. Шын еркіндік – қажет пен қалауды ажыратып, өз табысыңды өзің басқара білу, күтпеген жағдайға дайын болу және бүгінгі шешімнің ертеңгі салмағын есептей алу. Қарыз адамның өмірін жеңілдететін құрал болуы мүмкін. Бірақ сол құрал адамның өмір сүру тәсіліне айналған сәтте оның бағасы ай сайынғы төлемнен әлдеқайда жоғары болуы ықтимал.
Перизат ЗАХРАДИН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!