Қаланың келбеті көшелерінің көркімен ғана өлшенбейді. Оның әлеуетін айқындайтын негізгі көрсеткіштің бірі – өндіріс орындарының тынысы, кәсіпкерліктің қарқыны, жергілікті өнімнің үлесі. Себебі, зауыттың түтіні түзу шыққан жерде еңбек бар, еңбек бар жерде елдің ертеңіне деген сенім бекиді. Осыны таразылаған қала әкімі Нұржан Ахатов қала ардагерлерімен бірге өңірдегі бірқатар өндіріс орынын аралап, кәсіпорындардың тыныс-тіршілігімен танысты. Аға буын өкілдері шаһардағы өндірістік әлеуеттің бүгінгі деңгейін көріп, жаңа жобалардың жұмыс барысына куә болды.
Қызылорда үшін өндірістің тамыры тереңде. Кезінде өңірдің экономикалық іргесін бекіткен кәсіпорындар талай буынды еңбекке баулыды. Бүгінде сол дәстүр жаңа сипат алып, заманауи технологияға негізделген өндірістермен толығып келеді. Әсіресе, құрылыс индустриясының дамуы қаланың өсіп-өркендеуімен тікелей сабақтас.
Алғашқы таныстырылған кәсіпорындардың бірі – «Қызылорда Саз-М» ЖШС-нің заманауи кірпіш зауыты. Аталмыш зауыт Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жергілікті құрылыс материалдарын өндіруді арттыру және отандық өндірушілерді қолдау жөніндегі тапсырмалары аясында бой көтерген.Жобаның құны да ауқымды. Кәсіпорынға 5 миллиард теңге жеке инвестиция бағытталған. Индустриялық аймақтағы 7 гектар аумақты алып жатқан өндіріс орны жылына 90 миллион дана кірпіш шығаруға қауқарлы. Кәсіпорынның заманауи құрал-жабдықтары мен өндірістік қуатына назар аударған ардагерлер мұндай нысандардың көбеюі қаланың келешегіне берік негіз қалайтынын атап өтті.
– Ардагерлермен бірге «Алтын кірпіш» зауытына келіп жатырмыз. Күніне 150 мың дана жоғары сапалы, күйдірілген кірпіш шығарады. Өзіміз көргендей, мұнда кірпішті пешке салмайды, пештің өзі кірпішті айналып жүріп күйдіреді. Тіпті, технология Қытайдан келгенімен, оны өз кәсіпкерлеріміз бен қазақ мамандары енгізіп, жұмыс істетіп отыр. Күніне 150 мың кірпіш шығарып, тек Қызылорда облысын емес, басқа аймақтарды да қамтамасыз етуде. Зауыт басшысының айтуынша, Ұлытау облысы үлкен көлемде тапсырыс беріп жатыр екен. Өте мықты, заманауи зауыт. Облысымыздың дамуына үлкен үлес қосады, — деді Қызылорда қалалық Қоғамдық кеңес төрағасы Мұхитжан Кәрімбаев.
Ардагерлер «Қызылорда Саз-М» кешеніне сапарынан кейін «Orda Glass Ltd» шыны зауытының жұмысымен танысты.
Бүгінде Сыр өңірінде инвестиция тарту мен экономиканы әртараптандыруға бағытталған ауқымды жобалар жүзеге асуда. Өткен жылы құны 37 млрд теңгені құрайтын 21 жоба іске қосылса, 2025-2029 жылдарға арналған инвестициялық пулда жалпы құны 1,9 трлн теңгенің 65 жобасы қамтылған. «Orda Glass Ltd» жылына 197,1 мың тонна жоғары сапалы шыны өндіріп, өнімін Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан нарығына экспорттайды. Зауытта энергия үнемдейтін шыны өндіретін жаңа желі іске қосылған.Кәсіпорында қытайлық инвестормен бірлескен жаңа жобалар да қолға алынған. Биыл жылына 200 мың тонна кварц құмын өңдейтін цех іске қосылса, 2028 жылы тәулігіне 500 тонна күн фотоэлектрлік шыны өндіретін желі жұмысын бастайды. Сапар соңында ардагерлер зауыт ұжымына ақжолтай тілегін айтып, еңбегіне ризашылықтарын білдірді.




– Міне, бүгін Қызылорда қаласындағы шыны зауытында болдық. Мұнда, шыны зауытының өзінде 350-ге тарта адам жұмыспен қамтылған. Әр күнде 500 тонна өнім шығарады екен. Бұл – үлкен жұмыс. Енді келешек егер толық өндірістік қуатына көшкен кезде, бұдан да көп өнім өндіретін мүмкіншіліктері барын өз көзімізбен көрдік. Сондай-ақ, өндіріс орындарында қол жұмысы да жоқ емес, бар, бірақ негізгі адам факторы қажет ететін жерлерде ғана қол жұмысына адамдар тартылған, ал қалған жерлердің бәрінде роботтар жұмыс істеп жатыр. Замаунауи технология деген дүниеге куә болдық, — дейді ардагер Әріп Қожбанов.
Ардагерлер аралаған нысандардың қатарында жаңа жылу электр орталығы да бар. Қыстың қақаған аязында жылу мен жарықтың тұрақты болуы – қала тіршілігінің басты кепілі. Ал, Қызылорда үшін бұл мәселенің салмағы жылдар бойы сезіліп келді. 1964 жылдан бері қаланы жылумен қамтып келген ескі жылу орталығының негізгі жабдықтарының 90 пайызы тозып, жаңа нысан салу қажеттігі уақыт өткен сайын айқындала түсті. Бүгінде бұл мәселе тарихта қалды. Қала энергетикасының қуатын арттыратын жаңа жылу электр орталығы толық іске қосылып, шаһардың жылу қауіпсіздігін жаңа деңгейге көтерді.
Ардагерлер аралаған нысанның құрылысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен және өңірді басқарған, қазіргі Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевтың үйлестіруімен жүзеге асты. Ауқымды жобаны түркиялық «Aksa Energy» компаниясы қолға алып, станция құрылысына 215 млрд теңге инвестиция салды. Заманауи нысан табиғи газды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Жаңа технологиялардың арқасында отын шығыны екі есеге дейін қысқарады. Инновациялық қондырғылар станция қуатын небәрі 20 минут ішінде 50 МВт-тан 240 МВт-қа дейін өзгертуге мүмкіндік береді. Бұл электр желісіндегі жүктеме өзгерістеріне жедел бейімделуге жол ашады. Жаңа орталықтың тағы бір артықшылығы – жылу желісінің мүмкіндігі кеңейіп, тұтынушыларға берілетін судың температурасы 95°C-тан 130°C-қа дейін артты. Нысан сыртқы төтенше жағдайлар кезінде автономды режимде жұмыс істей алады.
Бүгінде жаңа және қолданыстағы жылу орталықтары алдағы жылыту маусымына толық дайын. Осылайша, жылдар бойы қаланың энергетикалық жүйесіне салмақ түсірген мәселе жаңа өндірістік қуаттың іске қосылуымен оң шешімін тапты.
– Бүгін қаламыздың ардагерлері – қала әкімдігі мен Ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен бірінші рет осы қаламызда соңғы жылдары бой көтерген, өндіріске енгізілген нысандарды көріп шығып, олардың ұжымдарымен және жалпы өндірістік бағдарламаларымен танысып келе жатырмыз. Өте қанағаттанарлық деп айтатынымыз – ең алғаш, әрине, Жылу-электр орталығы. 200 мегаваттан астам электр қуатын беріп жатқанына жаңа куә болдық. Қызылорда қаласы мен облысымыздың ғана емес, сонымен бірге, сыртқа да электр энергиясын KEGOC жүйесі арқылы беруге мүмкіндік туғызып отырғанына көзіміз жетті. Көп жылдар бойы Қызылорда қаламыз бен облысымыздың электрге деген сұранысын орындай алмай, оған қол жетпей келген уақыттар болды… Егер 90-жылдарды еске түсірсек, ЖЭО-ның алтыншы, тоғызыншы турбинасының құлауы, кейінгі жылдары көрінген шаралар (оның ішінде 48 мегаваттық газтурбиналық станцияның қосылуы) облыс пен қаланың сұранысын толық қанағаттандырмайтын еді.
Міне, бүгін электр мамандары айтқандай «рубильник» қолға келді. Тиісті инвестициялық үлкен бағдарламамен бұл Жылу-электр орталығы салынды. Тек құтты болсын айтуға болады, — деді Айтбай Көшербаев.
Кестедегі келесі нысан – «Панабек» заманауи жиһаз фабрикасы.Кәсіпкер Амангелді Панабеков 2024 жылы мемлекеттік қолдауды тиімді пайдаланып, Қызылорда аймақтық инвестициялық орталығынан жылдық 6 пайыздық мөлшерлемемен 59 млн теңге несие алған. Жергілікті атқарушы органдар мен «Самұрық-Қазына» қорының қолдауымен «Саяхат» шағын ауданынан 1 гектар жер телімі бөлініп, жаңа өндірістік кешеннің құрылысы басталды. Фабрика былтыр желтоқсанда ресми түрде іске қосылып, өнім шығара бастады.
Бүгінде кәсіпорын толық автоматтандырылған жүйемен жұмыс істейді. Мұнда жылына 35 мың данаға дейін кеңсе, үй, мектеп, балабақша және медициналық мекемелерге арналған корпус, металл және жұмсақ жиһаз өндіріледі. «Қызылордада жасалған» өнімдерге өңірмен қатар Алматы, Астана, Шымкент, Ақтау, Тараз қалаларынан да сұраныс бар. Тапсырыс берушілер қатарында мемлекеттік мекемелер, халыққа қызмет көрсету орталықтары мен жеке компаниялар қамтылған.Кәсіпорын өнімінің сапасы «Қазақстанның үздік өнімі» өңірлік көрме-байқауында да бағаланып, фабрика «Халыққа арналған үздік өнімдер» номинациясында жеңімпаз атанды.
Өндіріс орнының алдағы жоспары да ауқымды. Сыр өңірінің ауыл шаруашылығы әлеуетін ескере отырып, күріш қауызын қайта өңдеп, одан экологиялық таза жиһаз материалдарын өндіру технологиясын енгізу жұмыстары қолға алынуда. Сапар соңында қала ардагерлері шағын өндірісті заманауи кәсіпорын деңгейіне жеткізген кәсіпкердің еңбегіне ризашылығын білдіріп, отандық өнімнің өрісін кеңейтіп отырған фабрика ұжымына ақ батасын берді.
– Көрген мен естіген бір басқа. Бұған дейін қаламызда жиһаз фабрикасы ашылғанын естідік, келіп танысу сәті бүгін түсіп тұр екен.
Жастардың, жас отбасылардың тұрмысындағы үлкен сұраныс – ол жиһаз. Әрбір пәтер иесі өзінің отбасына, тұрмысына жағдай жасағысы келеді. Міне, жергілікті кәсіпкердің «Панабек» атты кәсіпорнының технологиясын, барлық цехын көріп шықтық. Өте жақсы деңгейде ұйымдастырылған екен. Бұл да болса біздің Қызылорда кәсіпкерлерінің сұранысқа сәйкес қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді.
Осы нысандармен жоғары сынып оқушыларын, лицей мен колледж студенттерін көптеп таныстыру керек деп ойлаймыз. Олар туған жерінде бой көтеріп жатқан осындай өндірістерді өз көзімен көргені дұрыс, — дейді ардагер Тұрғанбай Маханов.
Қала ардагерлерінің өндіріс орындарына жасаған бұл сапары шаһардың бүгінгі экономикалық тынысын бағамдап, оның ертеңгі даму бағытына көз жүгіртуге мүмкіндік берген тағылымды кездесу болды. Бір күннің аясында құрылыс материалдарын өндіретін заманауи зауыттан бастап, экспорттық әлеуеті қалыптасқан шыны өндірісін, қаланың энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жаңа жылу электр орталығын және жергілікті кәсіпкерліктің әлеуетін танытқан жиһаз фабрикасын аралау арқылы өндірістің сан алуан бағытына куә болды.
Аталған кәсіпорындардың әрқайсысының өзіндік ерекшелігі бар. Алайда олардың басын біріктіретін ортақ сипат – инвестицияның нақты іске айналып, жаңа өндірістік қуаттардың қалыптасуы, еңбек орындарының ашылуы және жергілікті өнімнің нарықтағы үлесінің артуы. Сапар барысында аға буын өкілдерінің өндіріс орындарына айрықша мән беруі де бекер емес. Қаланың қалыптасу кезеңдерін көрген ардагерлер үшін бүгінгі жаңа кәсіпорындар – бірнеше онжылдық бұрынғы еңбек дәстүрінің жалғасы. Бұрын өндірістің қарапайым құралдарымен басталған жұмыс бүгінде автоматтандырылған желілерге, роботтандырылған жүйелерге, энергия тиімді технологияларға ұласқан. Әсіресе, жергілікті шикізатты пайдалану, отандық өнім шығару және оны сыртқы нарыққа бағыттау мәселесінің маңызы артып келеді. Кірпіш, шыны, жиһаз секілді өнімдердің қала мен облыс қажеттілігін өтеуі ішкі нарықтың тұрақтылығына ықпал етсе, экспорт көлемінің ұлғаюы өңірдің өндірістік әлеуетін жаңа деңгейге көтереді. Ал жаңа жылу электр орталығының іске қосылуы энергетикалық жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз етіп, қаланың әрі қарайғы индустриялық дамуына қажетті инфрақұрылымдық негіз қалыптастырады.
Сапардың тағы бір мәні – өндірісті жастарға көрсету. Ардагерлер атап өткендей, туған жерінде бой көтерген заманауи кәсіпорындарды жоғары сынып оқушылары мен колледж, жергілікті жоғарғы оқу орындарының студенттерінің көзімен көруі кәсіби бағдар тұрғысынан маңызды. Өйткені бүгінгі өндіріс – жұмысшы мамандықтарының, инженерлік-техникалық кадрлардың, цифрлық технология мен автоматтандыру саласының жаңа мүмкіндіктерін танытатын үлкен орта.
Қала әкімдігі мен Ардагерлер кеңесінің мұндай бастамасы өндірістің нақты нәтижесін қоғамға таныстырумен қатар, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға да жол ашады. Кеше ғана жоспар болған жобалардың бүгінде нақты өндіріс ошағына айналуы – қаланың экономикалық әлеуеті кезең-кезеңімен нығайып келе жатқанын көрсетеді. Ендігі міндет – бой көтерген өндірістердің қуатын тиімді пайдалану, жаңа инвестициялық жобалардың көкжиегін кеңейту, жергілікті мамандардың үлесін арттыру және Сырда өндірілген өнімнің бәсекеге қабілеттілігін одан әрі күшейту.
Перизат ЗАХРАДИН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!