Қызылорда облысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» акциясы кезінде берген тапсырмаларын орындау бағыттары белгіленді. Премьер-министр Олжас Бектенов өткізген кеңеске облыс әкімі Мұрат Ергешбаев селекторлық режимде қатысты. Үкімет басшысы өңірлерге әлеуметтік қолдау, денсаулық сақтау, білім, экология және инфрақұрылым салаларындағы тапсырмаларды нақты іске асыруды жүктеді.
Кеңестен кейін облыс әкімі аудан әкімдері мен жауапты басқарма басшыларына бірқатар міндет қойды. Соның бірі – әлеуметтік көмек алатын азаматтардың нақты қажеттілігін тұрақты анықтап, Әлеуметтік кодекске енгізілетін өзгерістерді халыққа түсіндіру.
Денсаулық сақтау саласында есту аппараттары мен аудиопроцессорларды уақытылы сатып алу және қаржыландыру мәселесіне назар аударылмақ. Бұл бағытта «Қазақстан халқына» қорымен әріптестікті күшейту тапсырылды.
Мектептердегі тамақ сапасын бақылау да күшейеді. Ата-аналар мен медицина мамандары қатысатын комиссиялардың жұмысын жүйелеп, «Әлеуметтік әмиян» арқылы мониторинг жүргізу көзделген. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдарымен бірлесіп, білім беру ұйымдарындағы ас мәзірі мен тағам сапасына кешенді тексеру жүргізілмек.
Бұдан бөлек, мектептердің қауіпсіздігі, материалдық-техникалық базасы мен білім сапасы тұрақты бақылауда болады.
Құрылыс пен жол саласына да талап күшеймек. Салынып жатқан тұрғын үйлер мен өзге нысандардың сапасы тексеріліп, олардың белгіленген мерзімде пайдалануға берілуі қадағаланады. «ҚазАвтоЖолмен» бірлесіп, жол құрылысының сапасы мен мерзімін бақылау міндеттелді.
Қызылорданың қалалық келбетін өзгерту мәселесі де көтерілді. Облыс басшысы қаланың бірыңғай сәулеттік бейнесін қалыптастыратын дизайн-код әзірлеуді және Астананың урбанистика саласындағы тәжірибесін өңірге енгізу жөнінде бір апта ішінде нақты ұсыныс дайындауды тапсырды.
Президент 19 қыркүйекте өткен «Таза Қазақстан» іс-шарасында экологиялық мәдениетпен қатар әлеуметтік саясат, білім, денсаулық сақтау және қалалық ортаны дамыту мәселелеріне тоқталған еді. Үкімет осы тапсырмаларды орындау жұмысын өңірлермен бірлесіп жүргізіп жатыр.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!