Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Балалар мәселесі қоғамдық қабылдауға шықты

19.09.2026, 11:00 47

Қызылордада балалардың құқықтарын қорғауға арналған бірыңғай тақырыптық қоғамдық қабылдау өтті. «Әділет» партиясы ұйымдастырған кездесуде тұрғындар балалардың денсаулығы, қауіпсіздігі, әлеуметтік қолдауы және құқықтарын қорғауға қатысты мәселелерін көтерді. Мұндай қабылдау осы күні еліміздің өзге өңірлерінде де ұйымдастырылған. 

«Қазақстан балалары» ұлттық бағдарламасы аясындағы кездесуге партияның Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай, мемлекеттік органдар, мәслихат, құқық қорғау және әлеуметтік сала өкілдері, бала құқықтары жөніндегі уәкілдер, заңгерлер, Әйелдер қанаты мен жастар мәселелері жөніндегі кеңес өкілдері қатысты.

Қабылдауда медициналық және оңалту қызметтерінің қолжетімділігі, ерекше қажеттілігі бар балаларға көмекті ерте ұйымдастыру, мектепке дейінгі ұйымдардың жұмыс тәртібі, балаларға арналған әлеуметтік инфрақұрылым және құқықтық мәселелер сөз болды.

— Баланың мәселесі бір отбасының ғана мәселесі емес. Ол білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау және құқықтық қауіпсіздік салаларымен тікелей байланысты. Сондықтан қоғамдық қабылдаудың мәні азаматты тыңдаумен шектелмей, көтерілген мәселенің шешілу жолын бірге қарастыру. Әр өтініш нақты жұмысқа ұласуы керек,— деді Жандос Базартай.

Қабылдауға келген Қызылорда тұрғыны Айжан Смағұлова ДЦП диагнозы бар балаларға үздіксіз оңалту қызметін ұйымдастыру мәселесін көтерді. Оның айтуынша, төрт жылдан бері бірнеше ана бірігіп, Астанадан тәжірибелі реабилитолог мамандарды шақырып, шығындарын өздері көтеріп келеді.

Қазір кәсіпкердің қолдауымен 160 шаршы метр ғимарат тегін пайдалануға берілген. Алайда оны балалардың оңалтуына бейімдеу үшін жеңіл жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет. Айжан Смағұлова осыған демеушілер мен кәсіпкерлерді тартуға көмектесуді сұрады.

Кездесуде бұл өтінішті құзырлы мекемелермен бірлесіп қарау және қайырымдылық көмегін ұйымдастыру мүмкіндігі талқыланды. Партия жанындағы Жастар мәселелері жөніндегі кеңес өкілі тегін заңгерлік көмек көрсетуге дайын екенін білдірді.

Қабылдауда түскен ұсыныстардың бір бөлігі балаларға қажетті көмекті уақытылы жеткізуге, ата-аналарды қолдау тетіктерін жетілдіруге және өңірдегі әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыруға қатысты болды. Қоғамдық қабылдаулардың республика бойынша «Қазақстан балалары» бағдарламасы аясында ұйымдастырылғаны өзге өңірлердегі хабарламаларда да көрсетілген.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: