Бүгін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Қызылорда облысындағы Әдеп жөніндегі кеңесінің кезекті отырысы өтті, деп жазады аталмыш агенттіктің облыс бойынша департаментінің баспасөз қызметі.
Отырыста мемлекеттік қызмет саласындағы әдеп нормаларын сақтау, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету, тәртіптік жауапкершілік және мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік желілердегі әдеп талаптарына қатысты мәселелер қаралды.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселелер аясында Сырдария ауданы, С.Сейфуллин ауылдық округінің әкімі, Қызылорда қаласы, Белкөл кентінің әкімі және Арал ауданы, Қамыстыбас ауылдық округінің әкіміне қатысты тәртіптік істер қаралды. Кеңес барысында аталған тұлғалардың заңнама талаптарын бұзуына байланысты мән-жайлар талқыланып, тиісті шешімдер қабылданды.
Отырыста Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің 2025 жылы және 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамалар мен Әдеп кодексі талаптарының бұзушылықтарының профилактикасы бағытында атқарған жұмыстарының нәтижелері де қаралды. Кеңес мүшелері мемлекеттік органдағы штаттан тыс қызметкерлердің функциялары, олардың қызметтік өкілеттіктері және бақылау-қадағалау қызметіне араласуына жол бермеу мәселелеріне назар аударды.
Бұдан бөлек, Қызылорда облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының Әдеп жөніндегі уәкілінің 2025 жылы және 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында атқарған қызметінің нәтижелері тыңдалды. Кеңес барысында мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексі талаптарын сақтауын қамтамасыз ету, әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарына мониторинг жүргізу, сондай-ақ қызметкерлерді көтермелеуге қатысты ұсыныстар енгізу мәселелері талқыланды.
Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілердің әкімшілік және қылмыстық жауаптылыққа тартылу фактілеріне жүргізілген талдау нәтижелері қаралды. Кеңес мүшелері мемлекеттік қызметшілер тарапынан құқықбұзушылықтардың алдын алу, заңнама талаптарын сақтау және жауапкершілікке әкеп соғатын жағдайларға жол бермеу мәселелеріне назар аударды.
Күн тәртібіндегі соңғы мәселе аясында мемлекеттік қызметшілерге қатысты әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг нәтижелері де қаралды. Әлеуметтік желілерде мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексі талаптарын сақтауына, қызметтік әдеп нормаларына және мемлекеттік қызметшінің беделіне әсер етуі мүмкін жарияланымдардың алдын алуға байланысты мәселелер талқыланды.
Көрнекі фото: ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!