2027 жылы Қазақстанда әлеуметтік көмек пен әлеуметтік қамсыздандыруға 6,9 трлн теңге жұмсау жоспарланып отыр. Бұл туралы Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы мәлімдеді.
Жалпы келер жылы адами капиталды дамытуға республикалық бюджеттен 10,5 трлн теңге бөлінбек. Бұл ел бюджеті шығыстарының 35 пайызына тең. Қаражаттың негізгі бөлігі әлеуметтік қамсыздандыру мен денсаулық сақтау салаларына бағытталады.
Қаржы вице-министрінің айтуынша, 2027–2029 жылдарға арналған бюджет жобасында бес негізгі бағыт белгіленген. Олар адами капиталға инвестиция, өңірлерді қолдау, қауіпсіздік пен мемлекеттік басқару, экономиканың нақты секторы және мемлекеттік борышқа қызмет көрсету.
— Адамға жұмсалатын шығыстар стратегиялық инвестициялар саналады. 2027 жылы адами капиталға 10,5 трлн теңге немесе жалпы бюджеттің 35 пайызы көзделген,— деді Абзал Бейсенбекұлы.
Әлеуметтік қолдауда атаулы тәсіл сақталады. Яғни көмек бірінші кезекте оған нақты мұқтаж азаматтарға беріледі.
Қаржы министрлігі бұл көрсеткіштерді Құрылтайда таныстырылған 2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасына енгізген.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!