Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Еуроодақ Қазақстан кіретін Орта дәлізге 12 млрд еуро тартпақ

17.09.2026, 15:00 56

Еуропалық одақ Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказды Еуропа нарығымен тікелей байланыстыратын Орта дәлізді дамытуға 12 млрд еуроға дейін мемлекеттік және жеке инвестиция тартуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен Страсбургте Еуропарламент депутаттары алдында сөйлеген сөзінде мәлімдеді. 

Жоба Қазақстан үшін де маңызды. Транскаспий халықаралық көлік бағыты Орталық Азиядан Каспий теңізі арқылы Әзербайжан, Грузия және одан әрі Еуропаға жүк жеткізуге мүмкіндік береді. Еуроодақ бұл бағытты өзінің Global Gateway бағдарламасы аясында күшейтпек. 

— Біз Оңтүстік Кавказ бен Орталық Азияны Еуропа нарығымен тікелей байланыстыратын жаңа халықаралық көлік жобасын іске қосамыз. Global Gateway арқылы 12 млрд еуроға дейін мемлекеттік және жеке инвестиция тартуды көздеп отырмыз. Мақсатымыз – 2030 жылға дейін бағыттарды әртараптандырып, сауда ағынын үш есе арттыру және жүк тасымалдау уақытын едәуір қысқарту,— деді Урсула фон дер Ляйен. 

Бұл бастама Еуропаның Азиямен сауда жолдарын әртараптандыру жоспарының бір бөлігі. Дәліздің өткізу қабілетін арттыру үшін алдағы уақытта аймақтық көлік байланысына арналған арнайы саммит те ұйымдастырылмақ. 

Фон дер Ляйен өз баяндамасында тек көлік мәселесіне емес, Еуропаның қауіпсіздігіне де тоқталды. Ол құрлыққа төнетін қауіптерге ортақ жауап беру үшін Еуропалық қауіпсіздік кеңесін құру идеясын ұсынды. Кеңеске ЕО елдерімен қатар Канада, Норвегия, Украина және Ұлыбритания секілді серіктестердің де қатысуы қарастырылып отыр. 

Еурокомиссия төрағасы қорғаныс, энергетикалық қауіпсіздік, сыртқы шекараларды қорғау, Украинаны қолдау, жасанды интеллектіні дамыту және климаттық өзгерістерге бейімделу бағыттарына басымдық берілетінін айтты. Еуропа стратегиялық шикізатқа тәуелділікті азайту үшін маңызды минералдармен айналысатын арнайы еуропалық компания құруды да жоспарлап отыр. 

Қазақстан үшін бұл бастаманың ең маңызды бөлігі – Орта дәлізге салынатын инвестиция. Егер жоспар толық жүзеге асса, Орталық Азиядан Еуропаға шығатын жүк бағытының өткізу мүмкіндігі ұлғайып, Қазақстанның транзиттік рөлі күшеюі мүмкін. Бұл жерде нақты нәтиже 12 млрд еуроның қай жобаларға және қандай көлемде бағытталатыны белгілі болғанда көрінеді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: