АҚШ Президенті Дональд Трамп Канада мен Еуропалық одақ арасындағы серіктестік одан әрі кеңейсе, ЕО тауарларына жоғары баж салығын енгізуі немесе Еуропамен сауданы шектеуі мүмкін екенін мәлімдеді.
Трамп бұл пікірін Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйеннің Канаданы Еуроодақтың алғашқы «қауымдастырылған мүшесі» ету жөніндегі ұсынысына қатысты айтты.
— Егер мұндай қадамды достыққа жатпайтын әрекет деп бағаласам, өте жоғары баж салығын енгіземін немесе Еуропамен сауданы тоқтатамын. Егер олардың ниеті дұрыс болса, бәрі жақсы,— деді АҚШ Президенті.
Фон дер Ляйен Канадамен қарым-қатынасты барынша жоғары деңгейге көтеруді ұсынған. Тараптар озық өндіріс, технология, қорғаныс өнеркәсібі, энергетика, маңызды минералдар, жасанды интеллект, кванттық технологиялар және киберқауіпсіздік бағыттарында байланысты тереңдетуді көздеп отыр. Еурокомиссия төрағасы бұл әріптестіктің басқа мемлекеттерге қарсы бағытталмайтынын айтқан.
АҚШ пен Канада арасындағы сауда қатынастарының өзі де шиеленісіп тұр. 16 қыркүйекте Трамп Канада тауарларының АҚШ-тың федералдық мемлекеттік сатып алу жүйесіне қатысуын шектеуге бағытталған меморандумға қол қойды. Ақ үй бұл шешімді Канаданың америкалық компанияларға өз мемлекеттік сатып алу нарығына кіруде кедергілер қойғанына жауап деп түсіндірді.
Бұған қоса, 15 қыркүйектен бастап Канаданың бірқатар тауарларына 50 пайыздық қосымша баж салығы күшіне енді.
Осылайша, Канада мен Еуроодақтың жақындасуы Вашингтон мен Брюссель арасындағы сауда қатынастарына да әсер етуі мүмкін. Әзірге ЕО-ға қатысты нақты жаңа баж мөлшері жарияланған жоқ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!