Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ТҮЙМЕДЕЙ мәселенің ТҮЙЕДЕЙ салдары

17.09.2026, 8:00 54

Баланың сабақ арасында демалып, қозғалып, тамақтануына берілетін уақыт әлемнің бірқатар елінде оқу процесінің маңызды бөлігі саналады. Мәселен, Финляндия мектептерінде бір сабақ әдетте 45 минутқа созылып, одан кейін 15 минуттық үзіліс беріледі. Кей мектепте мұндай үзіліс әр сабақтан кейін қайталанып, балалардың далаға шығып, қозғалуына мүмкіндік жасалады. Турку қаласының білім беру жүйесіне арналған ресми нұсқаулықта да сабақ­тың әдетте 45 минут, ал сабақ­аралық үзілістің 15 минут болатыны көр­се­тіл­ген. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйы­мы да балалардың ұзақ уақыт қозғалыс­сыз отыруын шектеуге назар аударады. Мамандар тұрақты қимыл-­қозғалыс баланың денсаулы­ғымен бірге сабаққа зейін қоюына да әсер ететінін айтады.

Ал Қызылордада баланың сабақ арасындағы демалыс уақыты сотқа дейін жеткен мәселеге айналды. Әуелде әңгі­ме бір мектептің қоңырау кестесіндегі 30 минуттық үлкен үзіліс туралы еді. Кейін осы шағын көрінген мәселе мектептегі орын тапшылығы, бес күндік оқу аптасы, сабақ жүктемесі, санитариялық талап пен бала құқығы секілді бірнеше түйінді қатар ашып берді. Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты Текей Есетов атындағы №264 мектеп-лицейінің оқушыға үлкен үзіліс беруден бас тартқан әрекетін заңсыз деп таныды. Іс қоғам белсендісі Болат Нұрхожаевтың баласының сабақ кестесінен басталды. Ол 2025 жылдың соңында мектеп әкімшілігіне жүгініп, оқу кестесіне заңда қарастырылған үлкен үзілісті енгізуді сұраған. Мектеп өтінішті қанағаттандырмаған соң, ата-ана сотқа жүгінді. Сот 2026 жылғы 2 сәуірде оның тала­бын қанағат­тандырып, істі қарау кезінде анықталған жағдайларға  байланысты Қызылорда облысының әкімі мен Оқу-ағарту министрінің  атына  жеке  ұйғарымдар  шығарды.

– Мен бұл мәселені бір баланың ғана мәселесі деп қарамадым. Сабақ кестесі заң талаптарына сай болуы керек. Бала­ның тамақтануына, демалуына және денсаулығына тікелей қатысты талап орындалмаған соң сотқа жүгіндім. Сот тала­бымды негізді деп тауып, қанағаттандырды. Сонымен бірге бұл жағдайдың басқа мектептерде де кездесуі мүмкін екені ескеріліп, облыс әкімі мен Оқу-ағарту министрінің атына жеке ұйғарым шығарылды. Бірақ мәселе толық шешімін тапты  деп  айта  алмаймын, — деді  Болат  Нұрхожаев.

Қолданыстағы санитариялық талап бойынша жалпы білім беретін мектептерде сабақ арасындағы үзіліс кемінде бес минут болуы керек. Ал екінші немесе үшінші сабақтан кейін 30 минуттық үлкен үзіліс қарастырылған. Мектеп бір ұзақ үзіліс бере алмаса, екінші және төртінші сабақтан кейін 15 минуттан екі үзіліс ұйымдастыруға болады. Сот материалдарында №264 мектеп-лицейінің 2025 жылғы оқу кестесінде осы талап сақталмағаны көрсетілген. Бұған де­йін Болат Нұрхожаевтың шағымы бойынша санитариялық-эпидеми­ологиялық бақылау департаменті жоспардан тыс тексеру жүргізіп, сабақаралық және ауысымдар арасындағы үзілістердің ұзақтығы сақталмағанын анықтаған. Соның нәтижесінде мектеп басшысы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынған. Сот та бес минуттық үзіліс баланың  толық  тамақтанып,  тынығуына жеткіліксіз екенін атап  өткен.  Құжатта  балалардың таңғы  сағат 8:00-ден 13:50-ге дейін үлкен үзіліссіз оқуы олардың денсаулығына, білім алу сапасына және құқықтарына елеулі әсер ететіні жазыл­ған. Яғни сөз жай ғана қоңырау кестесіндегі бос жол туралы емес, бірнеше сағат қатарынан сабақта отырған бала­ның қалыпты тамақтануы мен қозғалуына берілетін уақыт  туралы  болып  отыр.

Мектептің де өз уәжі болған. Сотта оқу ошағы басшы­лығы үлкен үзіліс енгізілсе, екінші ауысымдағы сабақ тым кеш аяқталатынын, мұғалімдер мен қызметкерлердің жұмыс уақыты созылатынын, екі ауысым арасында кабинеттерді тазалап, желдетуге де уақыт қажет екенін айтқан. Бұл уәждердің артында тағы бір үлкен мәселе жатыр. Сот зерттеуі кезінде 1798 орынға арналған №264 мектеп-лицейінде 3850 баланың екі ауысымда оқитыны анықталған. Яғни ғима­раттың есептік сыйымдылығынан екі еседен астам оқушы білім алып отыр. Осындай жағдайда барлық пәнді бес күнге сыйғызу, 45 минуттық сабақтарды сақтау, үлкен үзіліс беру және екінші ауысымды тым кешке қалдырмау мектеп әкімшілігі үшін оңай емес. Дегенмен, сот бұл жағдайды бала­ның заңмен белгіленген демалыс уақытынан бас тартуға жеткілік­ті негіз деп қабылдамаған. Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері де сотта оқушы орны тапшы білім ұйымдарында педагогикалық кеңестің шешімімен 40 минуттық сабақ өткізу мүмкіндігі барын, мұндай шешімдерді талқылауға ата-аналарды қатыстыруға  шектеу  жоқ  екенін  көрсеткен.

– Егер мектепте орын жетпесе, оның салмағы балаға түспеуі  керек деп ойлаймын. Оқушы таңнан түске дейін сабақ­та отырса, тамақтануға да, тынығуға да уақыт қажет. Заңда сол уақыт көрсетіліп тұр. Егер бес күндік оқу аптасы, оқу жүктемесі, мектептің сыйымдылығы мен санитария­лық талап бір-біріне сыймай жатса, оны бір ата-ана немесе бір мектеп директоры жеке шеше алмайды. Сондықтан бұл мәселе­нің  жүйелі  шешімі  қажет, — деді Б.Нұрхожаев.

Соттың облыс әкімі мен Оқу-ағарту министріне жеке ұйғарым шығаруы да істің бір мектеппен шектелмейтінін аңғартады. Облыс әкіміне жолданған ұйғарымда іс барысында анықталған фактілер бойынша тиісті шаралар қабылдау және қабылданған шаралар туралы бір ай ішінде сотқа жазбаша хабарлау міндеті көрсетілген. Сот басқа мектептерде де санитариялық талаптардың бұзылуына жол бермеу үшін мәселені облыс көлемінде қарау қажет деп санаған. Ал министрге жолданған жеке ұйғарымда бес күндік оқу аптасы енгізілгеннен кейін бұрынғы оқу жүктемесін сол күйі сақтау­дың іс жүзінде қиындық туғызатынына назар аударылған. Сот оқу жоспарының ең жоғары сағаттарын қайта қарау  неме­се  мектептерге  барлық талапты баланың  денсау­лығына нұқсан  келтірмей орындаудың нақты тәртібін  түсіндіру  қажеттігін  көрсеткен.

Бұл жерде бір нәрсені нақты ажырату керек. Сот Қызыл­ор­да облысындағы барлық мектепте немесе жүз мыңдаған баланың құқы бұзылды деген қорытынды шығарған жоқ. Нақты заңбұзушылық №264 мектеп-лицейіне қатысты анықталды.  Бірақ  соттың  мәселені  облыс  әкімі  мен  министр  деңгейіне  дейін  көтеруі  осындай  жағдай  басқа  білім ұйымдарында да болуы мүмкін деген қауіптің барын көрсетеді. Сондықтан ендігі негізгі сұрақ сот шешімі шықты ма дегеннен гөрі, одан кейін не өзгерді дегенге тіреледі. «Облыс­тағы мектептердің сабақ кестесі қайта қаралды ма, үлкен үзіліс талаптары түгел сақтала ма, оқушы орны тапшы мектептерге қандай  шешім  ұсынылды,  министрлік бес күндік  оқу  аптасы мен апталық жүктеме арасындағы түйінді  қалай  реттеді?»  деген  сұрақтар  ашық  тұр.

– Мен үшін ең маңыздысы сотта жеңіп шығу емес. Шешім қағаз жүзінде қалмай, мектептерде нақты орындалса деймін. Баланың заңмен берілген демалыс пен тамақтану уақытын сақтау үшін ата-ана әр мектеппен жеке-жеке соттаспауы керек. Егер сот мәселені жоғары деңгейде қарау қажет деп тапса, соған сәйкес нақты шара болуы қажет, — деді  Болат  Нұрхожаев.

Солай бір мектептегі 30 минуттық үзілістен басталған дау білім жүйесіндегі үш мәселені қатар көрсетті. Біріншісі – баланың денсаулығы мен заңда белгіленген құқығы. Екіншісі – оқушы орны тапшы мектептердің күнделікті шындығы. Үшіншісі – бес күндік оқу аптасына барлық оқу жүктемесін, санитариялық талаптарды және екі ауысымды қатар  сыйғызудың  қиындығы. Сот бір ата-ананың  талабына  жауап  берді.  Ендігі  жауапты білім саласына жауапты орган­дар  нақты  іспен  беруі  керек.

Ердәулет ҚАЛИЕВ.

Коллажды  жасаған  автор.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: