Ақылбек ШАЯХМЕТ
Құрмет пе?!
Суретін көріп, оқымаса өлеңді, өлеңді оқып қарамаса суретке, айтыңдаршы, кітапқа сол құрмет пе?!
Айтыңдаршы!
Ақын Алмас Ахметбекұлы сөзін, сазгер Ермұрат Зейіпхан әуенін шығарған «Көк тудың желбірегені» әні көпшілікке танымал. Алайда осы әндегі:
«Көк тудың желбірегені –
Жаныма қуат береді.
Таласқа түссе жан мен ту
Жан емес маған керегі –
Көк тудың желбірегені» деген шумақ менің көкейіме қонбайды.
Жанның керегі жоқ болса, туды кім көтереді? Айтыңдаршы!
Көнеді
Бір түйір тас, бір тамшы су, бір уыс құм. Бәрі Алланың бұйрығына көнеді. Тас тауға, су өзенге, құм жазира далаға айналады, себебі.
Көзқарас
Көп нәрсе көзқарасқа байланысты. Алайда, әр нәрсеге әртүрлі жақтан қараймыз. Мәселен, тоғыз (9) деген санның үстінен қарасаң, тоғыз, ал астыңғы жағынан көз салсаң, ол алты (6) болады. Бүйірінен қарағандар өздері біледі.
Үйрену мен үйрету
Үйрену қиын. Жирену оңай. Үйрету қиын. Күйрету оңай.
Ұзын мен қысқа
Бұрыннан қалған: «Әйелдің шашы ұзын, ақылы қысқа» деген сөз кейін өзгеріске ұшырап, шашы қысқа әйелдің ақылы ұзарғанын да естіген едік. Қазіргі уақытта сақалы ұзын, шалбары шолақ, ақылы қысқа еркектер көбейіп кетіпті.
Мойынсыну мойын ұсыну ма?
Мойынсыну деген сөз айтқанға көну, қожайынның дегенімен жүру деген мағынаны білдірсе, мойын ұсыну деген сөз де осыған ұқсас екен. Алайда салған ноқтаға мойын ұсыну – құлдық қамытқа көнбістіктің белгісі екенін ұмытпау керек.
Іріміз
Ұлы – тек Бір Аллаға ғана тән сипат. Ұлы деген сөзді қазақ бұрын тіпті қолданбаған секілді. Орыстар великий, Ваше Высочество, Ваше Величество, Ваше благородие, Ваше Высокопревосходительство деген сөздерді жиі қолданған. Сол сөздердің аудармасы немесе баламасы біздің ұлтқа да кейін келген деп ойлаймын.
Біз ұлымыз демейтін шығармыз, бірақ, тіріміз, іріміз, ірі ұлттың біріміз.
Кезек
Базарда кезек, дүкенде кезек. Емханада кезек, дәріханада кезек. Әуежайда кезек, вокзалда кезек. Сарқылмайды тіпті бір мезет. Кезексіз кіріп кеткен де болса, дейміз бе оны біз «өжет»? Кезек деген ғасырлар бойы қалыптасқан бұрында, бүгін де, ертең де дүние кезек шынында.
Не дейін?
Алакеуімнен қаракөлеңкеге дейін адам баласы тіршілікке бейім. Демалу керек шаршағаннан кейін. Түн тыныштығын берсін! Басқа не дейін?
Бір білек
Бір білектен қол шықса, екі білектен қос қол шықпай ма? Кейбіреулер осыны да ұқпай ма?!
Соғысты кім қалайды?
Евгений Евтушенконың «Хотят ли русские войны» («Орыстар қалай ма соғысты?») деп аталатын өлеңі бар. Бұл сауалға қарапайым орыстар лайықты жауап берер еді. Бірақ олардың басшылары басқыншылықты қалады. Басшысын кетірмесе, соғысқұмарлардың қалауы болады.
Жауабы бар ма?
Біздің қалада бәлшебектер атымен аталған көшелер бар. Алаш арыстарының есімдерімен аталған көшелер де бар. Сонда жеткіншек ұрпақ олардың қайсысынан үлгі алады, кімді құрмет тұтады? Саяси партиялар осы сауалға қандай жауап берер екен? Әлде «әр заманның тұсында бір сұрқылтай» дегенді місе тұтамыз ба?!
Бір әріп
Ана тіліміздегі сен және мен деген сөздердің айырмашылығы бір ғана әріпте екен. Сол секілді орыс тіліндегі твой, свой, немесе наша, ваша деген сөздердің айырмашылығы да бір ғана әріп. Яғни, сөздерді қолданғанда сол бір әріпке абай болу керек.
Қауқарсыз
Аяқдопта (футбол) ойыншылар арасында шабуылшы, қорғаушы, қақпашы секілді әрқайсысының өзіне жүктелген міндеттері болады. Солар қоян-қолтық жүргенде ғана жеңіске қол жеткізеді. Қоғамда да, әсіресе саяси партиялар арасында осындай тәртіп болса игі. Алайда олардың кейбірі бұл міндеттерді орындауға қауқарсыз.
Қалады
Омар Хаям: «Кісіге балшық лақтырса, ол оған жетпесе де лақтырған адамның қолында батпақтың жұғыны қалады» деген екен. Сол секілді менің сыртымнан ғайбат сөз айтқандардың тілінде орынсыз сөздерінің ізі қалады.
Түсіну қиын
Аяғы былғанған кісі қолдарым таза дей ме?! Қолы кір болған кісі аяқкиімім таза дей ме?! Түсіну қиын.
Балаққа қонған шаңды қағып тастауға болады. Жаға мен жеңге жұққан кірді кетіру оңай емес.
Ескіге жаңа қосылса
Ескіге жаңа қосылса, тізесі жыртық немесе көтені жамау екені бәрібір көрініп қалады.
Не өзгерді?
Сейсенбайды Бейсенбай деп атағаннан не өзгерді? Ертең Жұмабай болып кетуі де мүмкін.
Тырнақша
Аманат деген әдемі сөз оған партияның атын берген соң тырнақшаға алынып жазылатын болды. Әділет деген әдемі сөз де партия атауын алған соң соның кебін құшты. Әп-әдемі сөздер тырнақшаға алынған соң басқа мағынаға ие болып шыға келді. Соны байқағандар да бар, мән бермегендер де бар.
Жаңа мәтелдер
Қазақтың мәтелі мен мақалы көп. Атағы барлардың шатағы көп. Отыны жоқтың ошағы жоқ. Жалпақшешейдің Отаны жоқ.
Не жетеді?
Шабандоздар үзеңгі қағысады. Азаматтар иық тіреседі. Қоян-қолтық жүргенге, жақын қадірін білгенге не жетеді ?!
Білмейді
Кеме келсе, қайық судан шығады. Өзіңнен зор шықса, екі көзің сонда шығады. Бірақ, осыны біреу білсе де, біреу білмейді.
Зайғы ғұмыр
Ана тілінен айырылған адам қанаты қайырылған құспен тең. Зайғы өткен ғұмыр бір түнде көрген түспен тең.
Шығады
Қазан қатты қайнағанда оның бетіне майы ғана емес, көбігі де шығады. Сүт қатты қайнап барып суығаннан кейін бетіне қаймағы шығады. Адам қатты ашуланса, бетіне ызасы шығады.
Басқыншының пиғылы
Владимир деген славян есімі «владеть» және «мир» деген екі сөзден құралған. Мағынасы әлемді бағындырушы, үстемдік жасаушы дегенді білдіреді. Орыс отарлаушылары 1784 жылы Қап тауындағы қалаға Владикавказ деген ат қойды. 1860 жылы Шығысты бағындырудың үлгісі ретінде тағы бір қалаға Владивосток деген атау берді. Басқыншының бастамасын қуаттаушылар әлі де жетіп артылады.
Ажырату өте қиын
Суретшілер шайтандардың суретін салады. Шайтанның қошқарға ұқсас мүйіздері бар дейді. Бірақ, ол біздің көзге көрінбейді. Шайтанның тышқанның құйрығына ұқсас құйрығы бар дейді. Оның да бар-жоғы білінбейді. Сондықтан шайтанды ажырату өте қиын.
Көсеге қашан көгереді?
Бір жиында әкімқараларға қаратып: «Қостанайда қазақтың көсегесі қашан көгереді? Облыстық білім басқармасын неміс, қалалық білім бөлімін кәріс басқарады» деп айтқаным бар. Аудандық білім бөлімдері басында шала қазақтар отыр. Олардың орнына дана қазақтар келуі керек.
Қарғыс
Бір кісі маған қарғыс айтты. Қапелімде не дерімді білмей қалдым. Оған жамандық жасаған жерім жоқ еді. Іле-шала: «Қарғысың айдалаға кетсін, қайта айналып келсе, өзіңнің түбіне жетсін!» дедім. Ашынғанда шыққан сөз ғой. Періштенің құлағына шалынбай-ақ қойсын.
Бұлжымайтын қағида
Ахмет Байтұрсынұлының «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген ұлағатты лебізі баршамыздың жадымызда. Алайда, көзі, құлағы, тілі бар газет ең алдымен халықтың тілін ана тілінде сөйлетуі керек. Газет қана емес, бұқаралық ақпарат құралдары – теледидар да, радио да, әлеуметтік желі де осы бұлжымайтын қағидадан тыс қалмауға тиіс. Олай болмаған жағдайда БАҚ біздің мемлекетімізге қызмет ете алмайды.
Ондай да бар
Қиын өмір жолында да ұтылған бар, ұтқан бар. Бір жағадан бас шығар деп жағасын да жыртқан бар. Айтқан сөзді ұқпаған бар, ұққан бар. Бір жеңнен де қол шығар деп екі аяқты бір етікке тыққан бар.
Айтыңдаршы
Орыс тіліндегі «текущий год» дегенді биылғы жыл деп емес, ағымдағы жыл деп жазып жүргендер, айтыңдаршы, сонда өткен жыл ағып кеткен жыл, келер жыл ағып кететін жыл бола ма? «Является» деген орыс сөзіне сүйеніп «болып табылады» деп жүргендер жазылған сөйлемдердің қайдан табылатынын біле ме екен?
Жаңқа
Жаңқа суға түссе, тез ағып кетеді. Жаңқа отқа түссе, тез жанып кетеді. Жаңқадай жеңіл болуға тырыспа, қауқарсыз болма!
Екі жақ
Өзеннің екі бірдей жағасы бар. Адамдар бергі жағадан арғы жағаға немесе арғы жағадан бергі жағаға өтуге тырысады.
Медальдың да екі жағы бар. Бірақ, оның екінші жағына елдің көбі мән бермейді.
Бір білгені бар шығар
Бір танысым: «Мықтылардың біріне көрпе төсеп, тағы біріне жастық болып, басыңды тыға білсең, жайлы жерге көп ұзамай шығасың бастық болып» деді. Тағы бір танысым: «Қажетіңді алам десең басшыларға бара бер, қалағаның болмаса, амалың жоқ, пара бер!» деді. Олардың да бір білгені бар шығар.
Пенде көп
Менде бар қабілет сенде жоқ. Сенде бар қабілет менде жоқ. Бірақ, соның бәрі өзімде ғана болса екен деп жүрген пенде көп.
Қанша қажеті бар?
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми сайтында: «Мәһр – ер адамның қалыңдығына жасайтын сыйлығы» деп жазыпты. Арабтан енген осы салтты дәріптеудің қанша қажеті бар? Құдалықта айтылатын қалың мал, той малы, ана сүті, құйрық-бауыр жеу, төс қағысу секілді үйреншікті дәстүрден тыс мәһр қалай пайда болды? Оны орындауды діни басқарма талап ете ала ма? Бір кездері қазақ тойына орыстан енген «горькодан» әзер құтылып едік. Ендігі ісімізге не жорық?
Піскен бе?
Қарбыздың піскенін білу үшін сыртынан шертіп қоятынбыз. Ал адамның басы піскен-піспегенін білу қиын. Өйткені, шекесінен шерте алмайсың. Білу үшін кісіні сөйлету керек. Басының піскені тілінен білінеді.
Не ұттық?
Құлпытастардағы араб әрпімен немесе төте жазумен жазылған жазуларды бүгінгі ұрпақ оқи алмайды. Кириллицамен жазылған жазуларды да келер ұрпақ танымауы мүмкін. Латынша жазылған жазбаларды мен де оқи алмаймын. Бір ғасыр бойы жазуды қайта-қайта өзгерткеннен не ұттық?!
Кім білсін?!
Ресейдің Мемлекеттік думасының депутаты, «Ұлттық-бостандық қозғалысының» жетекшісі Федоров деген орыс шовинисі қазақтардың Мәскеу түбінде Наполеонды және екінші дүниежүзілік соғыста фашистерді жеңуге қосқан үлесін жоғары бағалап, қазақ халқына басын иіп, кешірім сұрапты. Бұған дейін қазаққа деген өшпенділігін жасырмаған кісінің бұл өзгерісіне таңғаласың. Әлде көлігіне құятын жағармай таусылып қалған соң жасаған әрекеті ме, кім білсін?!
Кітап оқы
«Адамзат комедиясын» (Бальзак) көрмей, «Өмір мектебінен» (Сәбит) сабақ ала алмайсың. «Өлең – сөздің патшасы» (Абай) екенін білмей, «Түркістанға» (Мағжан) жете алмайсың. «Бақытсыз Жамалмен» (Міржақып) таныспасаң, «Ақбілекті» (Жүсіпбек) де танымайсың. «Абай жолын» (Мұхтар) қара жерге «Қан мен терің» (Әбдіжәміл) сіңбей таба алмайсың. «Таза бұлақтан» (Ыбырай) су ішпей «Үркерді» (Әбіш) көре алмайсың. «Көшпенділерді» (Есенберлин) тани алмасаң, «Шыңғыс ханды» (Мағауин) бағалай алмайсың. «Ақиқат пен аңызды» (Әзілхан) білмей, «Парасат майданына» (Төлен) сене алмайсың. «Аз и Я»-ны (Олжас) оқымасаң, «Соңғы көшке» (Қабдеш) ілесе алмайсың. Сондықтан да кітап оқы!
Өзгерту керек
«Арқалықтың ақ таңы» деген Шәмшінің әніне Мұхтар Шаханов сөз жазған екен. Сол әннің мәтінінде: «Қара көзіңнен мөлдір, Торғай даласын көрдім, Қара көзіңнен мөлдір, Торғай тауларын көрдім» деген жолдар бар. Даласы түсінікті. Ал таулары қайда? Арқалықта боксит шығарғаннан кейін үйіліп қалған тау жыныстарын айтып отыр ма? Менің ойымша «Торғай даласын көрдім» деген жолдарды тауларды қоспай, екі қайтара айту керек. Ән мәтінін өзгерту қажет.
Аяйсың
Бұрынғы Мәжіліс пен Сенат депутаттарының орынтақта жайғасып отырған суреттерін әлеуметтік желіден жиі көреміз. Сонда олар не бітіріп отыр деген ой келеді. Алдарында қағаз да жоқ. Маңайында адам да жоқ. Киіміңе қарайсың. Жайбарақат отырғанын көріп аяйсың.
Қайда бет алған?
Жұмыртқадан жүн қырқып, қу бастан да қуырдақтық ет алған, бір-ақ жылда жүз қойды жалғыз өзі жеп қоятын отардан обыр кісі болса нағыз қаһарман мына біздің еліміз, айтыңдаршы, қандай жаққа бет алған?!
Кейде…
Кейде менің көңіліме келеді екен көмескі ой, к…. шыққан дүниенің бәрі жаман емес қой.
Сынақ
Аштық та сынақ, тоқтық та сынақ, жоқтық та сынақ, қастық та сынақ. Билік те сынақ, байлық та сынақ. Жүрсең де күліп, тұрсаң да жылап, сынақтан өтсең, табасың тұрақ.
Аз емес
Бет-ауызын тұмшалаған, өзінікін жөн санаған қыз-қырқындар аз емес. Балақтарын қысқартып, сақалдарын ұзартқандарға іш тартқандар да аз емес.
Сен және Мен
Сен арғы жағаға жету үшін дайын тұрған көпірден өттің. Мен тас пен құмды басып барып, батпақты кешіп барып, қоға мен қамыстың арасынан өтіп барып суға жеттім.
Бар ғой…
Топтан озған тұлпарға да рақмет! Жүк тасыған есекке де рақмет! Әрқайсысында біреу байқап, біреу байқамайтын бар ғой жақсы қасиет.
Тарады
Сенат та, Мәжіліс те, Ассамблея да тарады. Бірақ, солардың мүшелері күні ертең Құрылтайда немесе Халық кеңесінде тағы алдымыздан сопаң етіп шыға келмесе жарады.
Өмір мектебі
Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебін» оқып шыққаннан кейін келген бір ой: өмір – біреуге мектеп, біреуге университет, біреуге Академия. Мәселе сол өмірде қандай сабақ алдың, қандай нәтиже болды, қандай ой түйдің – сонда ғана.
Таңғалдым
Көшеде жүрсем де, дүкенге кірсем де, радионың құлағын басып қалсам да, көк жәшікті ашып қалсам да шопағындай қарбыздың, не болмаса сүрлеп қойған балықтай шыға келер қалбырдан орыс шыға келеді екен алдыңнан. Жүрмейтұғын, кірмейтұғын жері жоқ. Соған қатты қалдым таң.
Тәсіл
Баланы тәтті беріп алдауға болады. Атты қамшымен ұрып айдауға болады. Халықты алдау немесе айдау үшін билік те осы тәсілді жиі пайдаланады.
Тіл мен құлақ
Тілден шыққан сөз әдетте құлаққа өзгермей жетеді. Құлаққа кірген сөз көбіне өзгеріп кетеді.
Ойлайды екен
Атқорада тұрған есектер өздерін жылқымыз деп ойлайды екен. Тауыққораға қамалған қаздар мен үйректер өздерін тауықпыз деп ойлайды екен. Кең сарайда тұрып жатқан кейбір кісі өзгелерден артықпыз деуін қоймайды екен.
Саясаттың салқыны
Ресей патшасы Екатерина кезінде татар молдалары арасынан іріктеп алып қазақ даласына указной молдаларын жіберіп, өзінің жымысқы саясатын жүргізгені белгілі. Қазақ билігі де соны қайталады. Ендігі молдалар Астанадағы мешітке көзі тірі ұры сұлтанның есімін беріп, халықтың басын айналдырмақ ниетте.
Кім теседі?
Қатты тасты күндіз-түні тамшылаған су теседі. Асфальт жолды қаржыны жырымдап ұрлаған қу теседі.
Қабыл болар
Қолдаушым Тәңір, досым Сабыр, жолдасым Қадір болса, Алладан сұраған тілегім де қабыл болар.
Ақылы аздық
Түйені де жұтып қойған түгімен, асап қойған жүз тонналық көлікті де жүгімен, ақыл-ойы әбден іріп-шіріген обырды да кімде-кім құттықтаса туған күнімен, ақылы аздық және жағымпаздық деп ойлаймын мұны мен.
Ұры сұлтанға қошемет
Ұры сұлтанның шашбауын көтеріп жүрген имамдарға таңғаламын. Жасаған ісін біледі, айтқан сөзін біледі. Сүйте тұра оған құрмет көрсетіп, қолдарынан келсе, жұмақтан орын әзірлеуге даяр.
Жаман мен жақсы
Елдің бәріне сенетінің жақсы емес. Елдің бәріне сенбейтінің де жаман. Сенетіндер мен сенбейтіндер арасында жүргенде олардың дегеніне көнетінің де дұрыс емес.
Қыстау және жайлау
Даланың тұрғындары қалаға сабылады. Қыстауға тығылғандар жайлауды сағынады. Жайлауда жайылым аз, енді олар не қылады?
Не күтуге болады?
Қаламына шыбын ұялап, алдындағы ақ қағазына сия тамбай, күн көзінен сарғайып кетсе, ондай қаламгерден не күтуге болады?
Қандай жол?
Есім ханның ескі жолы, Қасым ханның қасқа жолы болды. Абай жолы да болды. Ендігі жол нұрлы жол ма, қиқы-жиқы, ұңғыл-шұңғылы көп жол ма, оны Бір Алла біледі.
Түркияда
Түркияда болғанымда бір байқағаным, мекеме басшысының алдында тұрған үстелден оған жапсарлас қойылған келушілерге арналған үстел едәуір төмен болады екен. Көп жерде мұндай үстелдер қатар тұрады ғой. Мұның мағынасын анық түсінбедім. Келушілер төренің алдында төменшіктеп отырсын дегенді білдіре ме, әлде басқа бір ой бар ма?!
Жүрек
Көз көре алмағанды жүрек көреді. Құлақ естімегенді жүрек естиді. Тіл айта алмағанды жүрек айтады.
Тар ма, кең бе?
Жаралғалы дүние қанша адамға пана болды, құшаққа алды жер-мекен. Білмейтінім, жұмақ пенен тозақтың тұрған орны бірдей ме екен, әлде бірі тар, бірі кең бе екен?
Қайдан жұқты?
Естігенім: аузынан ақ ит кіріп, көк ит шықты.
Ойлағаным: сонда көк бояу қайдан жұқты?
Ақтайды
Шетелде қылмысты болса, Президентті де соттайды. Біздің елдегілер бұл категорияға жатпайды. Оларды өзіне ұқсайтындар ақтайды.
Жалғасы бар
Фото: ашық дереккөзден
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!