Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сырда мөлдіреген жыр

11.09.2026, 16:10 60

Көңілдің де бір мөлдір дүниеге шөлдейтін кезі болады. Сондайда жақсы өлеңнің бір шумағы көптен үнсіз жатқан сезімді оятып, алыстағы ауылдың ақ шаңын, бала күннің бір сәтін көз алдыңа әкеледі. Өлең тыңдауға келген жанның кейде өз жүрегін тыңдап қайтатыны содан шығар. Сыр елінде өткен «Мөлдір өлең» ұлттық поэзиялық жобасының кеші де жыр мен жұрттың арасын жақындатқан сондай жүздесудің бірі болды. Жыр додасында Түркістан облысынан Арайлым Мұраталиева, Ақбота Бейбітбек пен Сезім Мергенбай, Қызылорда облысынан Ақжол Түменбай, Аружан Оралбай және Айдар Сайлауов бақ сынады. Кешке Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Индира Елубаева мен әнші, сазгер Үкітай Ерниязов арнайы қонақ ретінде қатысты.

Кешті жүргізген жоба авторы, ақын Мөлдір Айтбайдан бастаманың қалай туғанын сұрадық.

– Идея деген махаббат сияқты ғой, қашан, неден туатынын біле бермейсің. Қазір поэзия ақындарының сәл кейінге ысырылып, елеусіз қалып жатқаны байқалады. Әннің сазгерін жұрт танығанымен, сөзін жазған ақынды көпшілік біле бермейді. Поэзия кейде көңілсіз жиындарда немесе біреуді мақтау үшін қолданылатын «қолжаулыққа» айналып кеткендей көрінді. Өзім поэзияның өкілі болғандықтан, жүрегім поэзия деп соққаннан кейін осы жобаны бастадым, – деді Мөлдір Айтбай.

«Мөлдір өлеңнің» ерекшелігі – ақындардың жеке емес, өңір намысын қорғап, үш-үштен команда болып өнер көрсетуінде. Жоба 20 мамырда басталып, жиырма аптаға жоспарланған. Алматыда өткен алғашқы он апталық іріктеуге еліміздің 17 облысы мен үш мегаполисінен 20 команда қатысқан.

– Бұған дейін көкпардан, асық атудан, тоғызқұмалақтан, футболдан, ән мен термеден, айтыстан өңірлер намысын қорғайтын жарыстар болды. Ал поэзиядан мұндай сайыс жоқ еді. Осы бос кеңістіктің орнын толтырғым келді. Мұнда бір ақынның атағы емес, тұтас өңірдің беделі поэзия арқылы қорғалады, – деп атап өтті ақын.

Алғашқы кезеңнен кейін 12 команда анықталып, кейін олардың арасынан алтауы іріктелген. Қызылордадағы кеш сол алтылықтан суперфиналға жолдама алатын үздік үштікті анықтау кезеңінің бастауына айналды. Жоба қорытындысы Алматыда өтеді. Бас жүлдегерге 100 грамм алтыннан жасалып, гауһар таспен көмкерілген «Мөлдір өлең» ауыспалы мүсіні табысталмақ.

Жоба Алматыдағы іріктеумен шектелмей, Астана, Семей, Орал, Шымкент, Жезқазған, Көкшетау секілді қалаларға да жол тартқан. Ақындар бір-бірінің өңіріне қонақ болып, жыр додасының аясын кеңейткен. Алайда апталарға созылған сапарлар мен кездесулер әзірге демеушісіз ұйымдастырылып келеді.

– Бүгінгі күнге дейін демеушіміз жоқ, барлығын өз қаражатымызбен жасап жатырмыз. Билет сату мен дауыс беру арқылы қарапайым көрерменнің поэзияға деген махаббатын жобаның тірегіне айналдырып келеміз. Бұл  менің ұйымдастырушы ретіндегі алғашқы жобам. Тәй-тәй басып келе жатырмын. Бірақ бұл додада жеңілген өңір жоқ, ең бастысы, поэзия жеңіп жатыр, – деді Мөлдір Айтбай.

«Поэзия жеңіп жатыр» деген сөз кештің де, жобаның да түйініндей естілді. Жыр кешінен шыққан адам бұрын танымаған ақынның өлеңін іздеп оқыса, көңіліне қонған шумақты жақынына жеткізсе, сахнада басталған әңгіменің ғұмыры әрі қарай жалғасады. «Мөлдір өлеңнің» Сырдағы сапары да сол ұзақ жолдың бір белесі болды. Дауыс беру нәтижесінде Қызылорда облысының ақындары жеңіске жетіп, енді Алматыда өтетін суперфиналда Сыр елінің намысын қорғайды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: