Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қардың  махаббаты

11.09.2026, 8:30 29

HALYQLINE.KZ

Қар деп қыста жауатын, ақ түстi кристалдардан тұратын атмосфералық жауын-шашынды айтамыз. Кәдімгі аспаннан жауатын сол әппақ Қар бір Бойжеткенге ғашық болыпты десем сенесіздер ме? Әлбетте, «Ешқашан ондай болмайды, болуға тиіс емес» дер едіңіздер. Бірақ ғашық болғаны рас болатын.

Көшедегі діңгектің басына ілінген аспалы шам Желмен шайқала тербелген наурыз айының екінті мен ақшам арасындағы алакөлеңке кеші. Бір бойжеткен терезенің алдында тұр. Терезенің сыртында әппақ Қар қапалақтап жауып тұр. Бойжеткен көңілді. Ол күлімсіреп қапалақтаған Қарға қарайды. Тіптен Қардың әр түйірінен көз алмай санайды. Қар: «Неткен көрікті де қуанышты жүз. Дәл осы арада, тұрған орнынан кетпесе екен. Мені көріп тіптен қуанып, таңғалса екен» деп ойлапты.

Сонымен Қар алғашқы махаббатына кездескен жас жігітше аласұрып, өзінің бар өнерін Бойжеткенге көрсету үшін асықты. Қардың басына: «Бойжеткеннің аузы ашылып, маған таңғалса екен» деген ақымақ ой келеді. Ақырын ғана қапалақтап жауып тұрған Қар енді тіптен үдеп, жапалақтап, одан әрі бастырмалатып жауа бастайды. Бойжеткен терезеден кеудесіне дейін шығарып әдемі әппақ алақанын Қарға тосты. Танауы делдиіп, өзін-өзі тоқтата алмай бөсіп кеткен Қар енді ең үлкен, ең әсем кристалдарын бойжеткеннің алақанына төгіп-төгіп жіберді. Өкініштісі, ол түйірлер Бойжеткен тамашалап көріп болғанша еріп кете береді екен. Бойжеткеннің өзін ерітіп жіберетін қуаты бар екеніне Қар сонда түсінді.

Қар өзінің босаңдығын сездіргісі келмеді. Қапалақтап жауып тұрған Қар кенеттен бей-берекет, бағыт-бағдарсыз быжынап, күйеуіне ашуланған әйелдерше бұрқылдай бастады. Ұзамай әлгі мамыражай қапалақтап тұрған Қар бұрқыраған Қарлы боран болып өзгерді. Осы кезде Бойжеткеннің жүзіндегі әдемі күлкі ақырындап жоғалып, көзіндегі қуанышты сәуле азайып бара жатты. Оны байқайтын хал Қарда жоқ еді. Бұрқырап, долырып ұйытқи соқты…

Осылайша Қар өзінің күш-қуатын танытпақ болды. Бей-берекетсіз бұрқырағандықтан соңында өзі де Бойжеткеннің не болып жатқанын көруден қалады. Кенет Қар әлгі терезеге қарады. Бойжеткен жоқ екен. Терезеге перде тартылыпты. Қар қанша уілдеп ұйытқыса да терезені тесіп өте алмады. «Маған қарасаңшы, маған қарасаңшы!» деген Қар ең үлкен де әсем кристалдарымен терезені тарсылдатып ұрғылады. Бірақ соншама ышқына ұйытқыған қуатпен тым болмаса жаңбырдың тамшысындай тырс еткен дыбыс шығара алмапты. Түнімен аласұрып Бойжеткеннің терезесін ұрғылаған Қар таңертеңінде діңкесі құрып, кең алқапқа тарыдай шашырап, жерге жалпасынан жабысып жайылып қалыпты. Бойжеткенді қайта бір көрсем деген тілегі де әдірам қалған екен.

Көктемгі Күннің жарқыраған сәулесін мас болғанша қанып ішкен Қар түске қарай былжыраған сарғыш бірдеме болып өзгере бастапты. Ұзамай әлгі терезенің пердесі ақырын ғана ашылып Бойжеткеннің ай мен күндей жүзі көрініпті. Қар соңғы күшін жинап тұрып Күннің сәулесімен бірді-екілі ғана жалт еткенімен, Бойжеткен терезеден жан-жағына бірер көз жүгіртті де қайта көрінбей кетті. Содан өзінің ақымақ қылығына өкінген Қар жылай-жылай еріп, ағып, жерге сіңіп жоғалып кеткенше Бойжеткен үйінен шықпаған екен…

Амантай  ТОЙШЫБАЙҰЛЫ

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: