Қазақстанда жасанды интеллект медицинаға барған сайын тереңірек еніп келеді. Қазір ЖИ радиологиялық зерттеулер мен эндоскопияда қолданылып, қатерлі ісікті ерте анықтауға және дәрігерлердің жұмысын жеңілдетуге көмектесіп отыр.
Орталықтандырылған радиологиялық зерттеулер жүйесі бүгінде еліміздің 15 өңіріндегі мемлекеттік медициналық ұйымдарды қамтиды. Ол өкпе және сүт безі қатерлі ісігін ерте анықтау кезінде пайдаланылады.
WDSOFT өкілі Ерлан Жәнібековтің айтуынша, жасанды интеллект енгізілгеннен кейін сүт безі обырын анықтау көрсеткіші 32 пайызға дейін артқан. Бұған қоса, скринингтік бағдарламаларды өткізу мерзімі бұрынғы 30 күннен 3 күнге дейін қысқарған.
— Зерттеулер саны төрт есеге өсті, ал радиологтың бір зерттеуге жұмсайтын жұмыс уақыты 40 минуттан 10 минутқа дейін қысқарды,— деді Ерлан Жәнібеков.
ЖИ технологиялары эндоскопиялық зерттеулерде де қолданылып жатыр. Колоноскопия кезінде жүйе дәрігердің көзіне бірден түсе бермейтін эпителий түзілімдерін анықтауға көмектеседі.
Алайда соңғы шешімді жасанды интеллект емес, дәрігер қабылдайды. Жүйе күмәнді түзілісті көрсеткеннен кейін эндоскопист оның сипатын бағалап, биопсия алу немесе алып тастау қажеттігін анықтайды.
— ЖИ көмегімен бөгде дене анықталғаннан кейін эндоскопист дәрігер биопсия алу немесе оны жою қажеттігі туралы шешімді өзі қабылдайды. Бұл тәсіл мұндай түзілістерді ерте кезеңде анықтап, олардың қатерлі ісікке айналу қаупінің алдын алуға мүмкіндік береді,— деді Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы Эндоскопия департаментінің басшысы Мейрам Құсайынов.
Осылайша, жасанды интеллект дәрігерді алмастырмайды, бірақ зерттеуді жылдам жүргізіп, күмәнді өзгерістерді ертерек байқауға көмектесетін құралға айналып келеді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!