Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Биліктің 48 заңдылығы

10.09.2026, 8:20 56

Америкалық автор Роберт Гриннің «Биліктің 48 заңдылығы» атты еңбегі – биліктің табиғатын, ықпал ету тетіктерін және әлеуметтік қаты­настағы жасырын басқару формаларын талдайтын зерттеу. Автор билікті дерексіз ұғым ретінде емес, саясатта, бизнесте, мансапта және күнделікті өмірде үнемі кездесетін нақты  күш  ретінде  қарастырған.

Кітаптың өзектілігі – қазіргі қоғамда болып жатқан оқиғалардың нәтижесі әрдайым ресми ережелер мен моральдық қағидалардың жемісі емес. Көп жағдайда шешуші рөлді психологиялық факторлар, бедел, имидж және адамдардың мінез-құлқына ықпал ету қабілеті атқарады.

Кітаптың негізгі мақсаты – биліктің қалай қалыптасатынын, қалай сақталатынын және қандай жағдайда жоғалатынын көрсету, сондай-ақ ықпал етудің жасырын стратегия­ларын  түсіндіру.

Билік  ұғымы

Автор билікті лауазыммен немесе күшпен ғана емес, жеке адамның ықпал ету сияқты дара қабілетімен байланыстырады. Билік адамдардың санасында қалыптасады және ол беделге, имиджге, өзін ұстау мәдение­тіне  тікелей  тәуелді.

Бедел  мен  имидждің  рөлі

Кітаптағы негізгі идеялардың бірі – бедел биліктің басты құралы делінеді. Беделдің әлсіреуі сенім мен ықпалдың жойылуына әкеледі, ал мықты имидж адамды қиын жағ­дайда да қорғайды.

Иерархия

Автор иерархиялық жүйедегі мінез-құлыққа ерекше мән береді. Басшылықтан асып түсуге ұмтылу, артық бастама көтеру немесе шамадан тыс ашықтық көбіне қақтығыс пен биліктен айырылуға әкеледі. Сондықтан билікті сақтап қалу үшін жоғары тұрған тұлғалардың психологиясын  ескеру  қажет.

Елді  басқару

Кітапта адамдардың көп жағдайда логикаға емес, эмоцияға сүйе­ніп әрекет ететінін көрсеткен. Сол себеп­ті тиімді басқару дәлелге емес, мүддеге, қорқынышқа, амбиция мен тілекке ықпал ету арқылы жүзеге асады.

Ақпарат – биліктің  көзі

Автор ақпаратты стратегиялық ресурс ретінде қарастырады. Ақпарат адамдардың әлсіз тұстарын анықтау­ға, олардың мінез-құлқын болжауға және дұрыс шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Тыңдай білу мен бақылау – биліктің маңызды элементтері.

Стратегия  мен  тактика

Роберт Грин ұзақмерзімді ойлаудың маңызын атап өтеді. Асығыстық пен эмоцияға берілген шешімдер жеңіліске алып келеді. Ал күте білу, алдын ала жоспарлау және дұрыс сәтті  пайдалану – биліктің  негізі.

Қақтығыстар  мен  қарсыласу

Кітапта қарсыластармен қарым-­қатынас мәселесі де кеңінен талданады. Ашық қақтығыс соңғы шара ретінде қарастырылады, ал қарсыласты бағаламау немесе жартылай шешім қабылдау болашақта ауыр салдарға  әкелуі  мүмкін.

Кітаптың  ерекшелігі  мен

сын-пікірлер

«Биліктің 48 заңдылығы» еңбегі кейде қатыгездеу дүние деп сына­лады. Алайда автордың өзі бұл кітаптың мақсаты билікті ақтау емес, оны бар қалпында сипаттау екенін айт­қан. Бұл заңдарды қолдану міндетті емес, бірақ оларды білмеу адамды  манипуляцияға  тәуелді  етеді.

«БИЛІКТІҢ  48  ЗАҢДЫЛЫҒЫ»

1. Басшыңнан асып кетпе

Егер сен одан ақылды не күшті көрінсең – ол сені қауіп деп қабылдайды.

Билік сатысында жоғары тұрған адам  өзін  маңызды  сезінуі  керек.

2. Досқа сенбе, дұшпанды пайдалан

Сонда достар еркінсиді, ал жаулар адалдығын дәлелдеуге тырысады.

3. Ниетіңді жасырын ұста

Жоспарыңды білген адам саған кедергі келтіруі мүмкін.

4. Артық сөйлеме

Аз сөйлеген адам салмақты әрі ақылды көрінеді.

5. Бедел – бәрінен  маңызды

Бедел кетсе, ықпал да кетеді.

6. Кез келген жолмен назар аударт

Көзге түспеген адамды ешкім бағаламайды да, көтермелемейді де.

7. Басқалар саған жұмыс істесін

Сенде нәтиже болады, олар күш жұмсайды.

8. Ел өзі іздеп келсін

Өтіну – әлсіздік. Олар саған мұқтаж  болсын.

9. Даумен емес, іспен жең

Дау жау тудырады, ал нәтиже құрмет  әкеледі.

10. Жолы болмайтын мен шағым­ға  жақындардан  аулақ  бол

Біреудің проблемасы аяқ астынан сенің  проблемаңа  айналады.

11. Адамдарды өзіңе тәуелді ет

Орныңды ешкім алмастыра алмаса – сенің қорғаның бар болғаны.

12. Адалдықты таңдап қолдан

Кейде бір шынайы әрекет мың айладан да күшті.

13. Алғысқа емес, пайдаға сүйен

Адамдар жақсылықты ұмытады, ал пайдалы нәрсені ұмытпайды.

14. Ақпаратты ұқыпты сарала

Ақпарат – биліктің валютасы.

15. Жауды толық жой

Жартылай шара кекке алып келеді.

16. Жоқ болуды да пайдалана біл

Сирек кездесу құндылықты арттырады.

17. Адамдарды белгісіз күйде ұста

Болжамды болу – әлсіздік.

18. Оқшауланба

Жалғыз  адам – қорғансыз.

19. Кіммен істес екеніңді біл

Теріс пиғылды адам – үлкен қауіп.

20. Ешкімге толық байланып қалма

Шексіз адалдық – еркіндікті жоғалту.

21. Болмысыңды  бүтін  көрсетпе

Адамдар сенің қасында өздерін ақымақ  сезінгісі  келмейді.

22. Әлсіздікті күшке айналдыр

Кейде шегіну – шабуылдан да күшті.

23. Қуатты бір жерге шоғырландыр

Бытыраңқылық – жеңіліс.

24. «Сарай адамы» бол

Билік бар жерде ойын ережесін үйрен.

25. Өзіңе образ жаса

Ағысқа ерме, өз бейнеңді қалыптастыр.

26. Қолыңды  таза  ұста

Жағымсыз істерді басқалар істе­сін.

27. Өзіңе сенім культін құра

Адамдарға сенім мен символ керек.

28. Батыл әрекет ет

Күмән сенімді жояды.

29. Соңына дейін жоспарла

Бір қадамды емес, соңғы нәтижені  ойла.

30. Барлығы оңай болып жатқандай  көрін

Артық еңбек нәтиженің құнын түсіреді.

31. Адамдарға таңдау бар сияқты әсер  қалдыр

Өздері таңдадым деп ойласа – қарсыласпайды.

32. Армандармен ойна

Шындықты түсіндірме, болашақ­ты  уәде  ет.

33. Әр адамның әлсіз тұсын тап

Барлығында бір «тетік» бар.

34. Өзіңді патшадай ұста – патша боласың

Өз-өзін сыйлау өзгеге жұғады.

35. Дұрыс сәтті сез

Уақыт – шешуші фактор.

36. Қолың жетпегенді елеме

Менсінбеу қарсыласты әлсіретеді.

37. Көрініс жаса

Бейнелер сөзден күштірек.

38. Қалай ойласаң да, елдің бәрі сияқты әрекет ет

Тым ерекшеленсең – нысанға айнала­сың.

39. Суды лайла – балық ұстау оңай

Бейберекет кезде адамдар бағдарынан  айырылады.

40. Тегін дүниені менсінбе

Тегін  нәрсе  бағаланбайды.

41. Алдыңғы адамның жолын қайталама

Өз  стиліңді  тап.

42. Қойшының көзін құртсаң – қойлар  тарайды

Көшбасшы кетсе, жүйе ыдырайды.

43. Адамның жүрегімен жұмыс істе

Мәжбүрлеу – уақытша, ықылас – ұзақмерзімді.

44. Айна әдісін қолдан

Қайталай отырып қарсыласты абды­рат.

45. Өзгеріс туралы айт, бірақ бір­тіндеп өзгерт

Кенет бола салатын өзгеріс қор­қыныш тудырады.

46. Тым  мінсіз  болма

Мінсіздік  қызғаныш  тудырады.

47. Шектен  шықпа

Жеңістің  де  өлшемі  болуы керек.

48. Ағынмен жүзуді біл

Қатып қалған сыналады, икемді тірі қалады.

Ықшамдап  аударған Шынар  ӘБІЛДА

Фото: ашық дереккөзден

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: