Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Енді нақты нәтиже керек»: Бектенов Үкіметке талап қойды

08.09.2026, 10:40 65

Құрылтай сайлауынан кейін жаңартылған құрамдағы Үкімет алғашқы отырысын өткізді. Жиынға Премьер-министр Олжас Бектенов төрағалық етіп, жаңа саяси кезеңде Үкімет жұмысының қарқынын күшейту қажеттігін айтты.

Отырыс барысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы» Конституциялық заңға сәйкес Үкіметтің жаңа мүшесі, төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов ант берді.

Премьер-министр жаңа Конституция заңды күшіне енгеннен кейін елдің саяси және экономикалық жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басқанын атап өтті. Оның айтуынша, ендігі міндет қабылданған өзгерістерді нақты әлеуметтік-экономикалық нәтижелермен бекіту.

— Жаңа Конституция заңды күшіне еніп, мемлекетіміз саяси және экономикалық жаңғыруға қадам басқан тарихи кезеңде еліміздің одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету үшін бәріміз жан-жақты шараларды қабылдауға міндеттіміз. Барлық бағыт пен салалар бойынша Мемлекет басшысы қойған міндеттерді жүйелі әрі кешенді түрде жүзеге асыру қажет. «Заң мен Тәртіп» және «Таза Қазақстан» конституциялық қағидаттары әрдайым биік тұруы тиіс. Үкіметтің жұмысы кешенді шараларды қабылдай отырып, озық қарқынмен жүруі керек,— деді Олжас Бектенов.

Үкімет басшысы министрлерге шешім қабылдауды созбай, нақты нәтижеге бағытталған жұмысқа көшетін уақыт келгенін айтты. Әсіресе Мемлекет басшысы айқындаған міндеттерді орындауда әр ведомство өз саласы бойынша толық жауапкершілік алуы қажет екенін жеткізді.

— Қазір толық жауапкершілікті мойнымызға алып, нақты нәтижелерге қол жеткізу үшін қажетті шешімдерді жедел қабылдайтын уақыт. Бәріміз Президенттің жоғары сенімін толығымен ақтауымыз керек,— деп атап өтті Премьер-министр.

Осылайша, жаңартылған Үкіметтің алғашқы отырысында негізгі басымдық ретінде әлеуметтік-экономикалық дамуды жалғастыру, Президент тапсырмаларын жедел орындау және мемлекеттік органдардың жауапкершілігін күшейту мәселелері белгіленді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: