Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тілім менің – тірлігімнің айғағы

08.09.2026, 8:55 38

HALYQLINE.KZ

Қазалы ауданында 5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күні мерекесіне орай «Тілім менің – тірлігімнің айғағы» атты мерекелік салтанатты іс-шара өтті, деп жазады аудан әкімінің баспасөз қызметі.

Әйтеке би кенттік мәдениет үйінде өткен мерекелік іс-шараға аудан әкімі Алмасбек Есмаханов қатысып, жиылған жұртшылықты мерекемен құттықтады.

— Тіл – ұлттың жаны, халықтың рухани өзегі, елдің тарихи жады мен мәдениетінің алтын арқауы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлін күшейту мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі екенін үнемі айтып келеді. Биылғы 1 шілдеде күшіне енген Жаңа Конституцияда да мемлекеттік тіл қазақ тілі екені тайға таңба басқандай нақты жазылған, айқын бекітілген. Атап айтқанда, жаңа Конституцияның жаңа жобасында «Конституциялық құрылыс негіздері» деп аталатын 1-бөлімнің 9-бабының 1-тармағында Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі — қазақ тілі деп тікелей белгіленген. Бүгінгі мерекенің 5 қыркүйекке белгіленуінің де өзіндік тарихи мәні бар. Бұл – қазақ халқының ұлы перзенті, ұлт ұстазы, ағартушы, ғалым, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Биыл ұлт ұстазының туғанына 154 жыл толып отыр. Баршаңызды мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға, оның қолданыс аясын кеңейтуге, қазақ тілінің болашағына әрқайсысымыз өз үлесімізді қосуға шақырамын. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының аманатына адал болып, ана тілімізді ардақтайық. Қазақ тілі – елдігіміздің айғағы, тәуелсіздігіміздің тұғыры, ұлттық болмысымыздың өзегі болып қала берсін. Мемлекеттік тіліміздің мәртебесі биіктей берсін, — деді Алмасбек Әбілқасымұлы.

Мерекелік іс-шарада әрбір салада қызмет ете жүріп, мемлекеттік тілдің мәртебесінің артуына үлес қосып жүрген бірқатар үздіктер марапат төрінен көрініп, облыс әкімі мен аудан әкімінің, облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының Алғыс хаттарымен марапатталды.

Бұдан кейін аудандық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Нұрбибі Әшір құттықтау сөз сөйлеп, ауданда қазақ тілінің мәртебесін биіктету жолында, ел ішінде тілге деген құрметті қалыптастыруға өз үлесін қосып келе жатқан жандардың еңбегі жайында сөз қозғады.

Мерекелік іс-шара әрі қарай аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласып, тіліміздің тағылымы мен ана тіліміздің қасиеті жиылған көрерменге патриоттық әндер арқылы жеткізілді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: