Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақстан әлемдегі ең бейбіт 50 елдің қатарына енді

06.09.2026, 12:25 33

Әлемде бейбітшілік деңгейі төмендей беріп отыр. Global Peace Index 2026 дерегіне сәйкес, бір жыл ішінде жаһандық орташа көрсеткіш 0,7 пайызға нашарлаған. Бұл үрдіс қатарынан 12 жыл жалғасып келеді. Соңғы 18 жылдың 15-інде әлемдегі бейбітшілік деңгейі төмендеген.

Рейтингке енген 163 ел мен аумақтың 99-ында жағдай нашарласа, 62-сінде көрсеткіш жақсарған. Қазір 119 елдің бейбітшілік деңгейі 2008 жылмен салыстырғанда төмен.

2026 жылы әлемдегі ең бейбіт ел мәртебесін тағы да Исландия сақтап қалды. Оның көрсеткіші 1,161 балл болды. Исландия рейтингтің бірінші орнын осымен 19 жыл қатарынан иеленіп отыр. Екінші орында Жаңа Зеландия, үшінші орында Швейцария орналасқан.

Рейтингтің соңғы, 163-орнын 3,367 балмен Ресей иеленді. Оның алдында Судан, Конго Демократиялық Республикасы, Украина және Израиль тұр.

Орталық Азия елдері жалпы рейтингте салыстырмалы түрде жоғары орындарға шыққан. Өңірдегі ең жақсы нәтиже Өзбекстанға тиесілі — 1,726 балл және 37-орын. Қазақстан 1,771 балмен 44-орынға тұрақтады. Тәжікстан 47-орында, Қырғызстан 61-орында, Түрікменстан 66-орында тұр.

Осылайша, Орталық Азияның бірден үш мемлекеті әлемдегі ең бейбіт 50 елдің қатарына кірді. Бес елдің барлығы рейтингтің жоғарғы жартысында орналасқан және жоғары деңгейдегі бейбіт елдер тобына енгізілген.

Бір жыл ішінде өңірде жағдай тек Өзбекстан мен Қазақстанда жақсарған. Ал Тәжікстан, Қырғызстан және Түрікменстанда көрсеткіш керісінше төмендеген.

Жалпы алғанда, Шығыс Еуропа мен Орталық Азия Global Peace Index қарастыратын сегіз өңірдің ішінде бейбітшілік деңгейі жақсарған жалғыз аймақ болды. Қалған жеті өңірде жағдай нашарлаған. Ең елеулі төмендеу Оңтүстік Азияда тіркелді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: