Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тоқаев ядролық державаларды келіссөзге шақырды

29.08.2026, 10:00 34

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күніне орай үндеу жасап, Қазақстанның ядролық қарусыздану мен бейбітшілік жолындағы ұстанымы өзгермейтінін мәлімдеді.

Президент бүгін әлем қауымдастығы Қазақстанның бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясы бекіткен Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күнін атап өтіп жатқанын еске салды.

— Осыдан 35 жыл бұрын халықаралық ахуал күрделі болғанына қарамастан, Семей ядролық полигоны жабылды. Ондаған жыл бойы жасалған жарылыстар азаматтарымыздың денсаулығына және қоршаған ортаға орасан зор зардабын тигізіп, халқымызға орны толмас қасірет әкелді, — деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның кезінде әлемдегі қуаты жөнінен төртінші ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартқанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл шешім елдің бейбітшілік, қауіпсіздік және тұрақты даму жолын таңдағанын көрсетті.

— Бұл қадам мемлекетіміздің өскелең ұрпақ алдындағы терең жауапкершілігін паш еткені сөзсіз, — деді Президент.

Мемлекет басшысы жаңа Конституция преамбуласында Қазақстанның бейбітшілікке ұмтылып, барлық мемлекетпен достық қарым-қатынас орнататыны айқын көрсетілгенін айтып, бұл қағидат сыртқы саясаттың негізгі бағыты болып қала беретінін жеткізді.

— Халықаралық антиядролық қозғалыс көшбасшыларының бірі ретінде еліміздің ұстанымы өзгермейді: біз ядролық державалар арасында кикілжің емес, келіссөздер болуын қолдаймыз, Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шарттың күшіне енуін тездетуге және ядролық қаруды қолдануға қатысты қауіп-қатерлерді жою үшін бірлесіп батыл қадамдар жасауға шақырамыз, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Қазақстан атом энергиясын тек жасампаз мақсатта пайдалану қажет деген ұстанымда екенін де атап өтті. Оның айтуынша, жалпыұлттық референдумда халық ядролық энергетиканы дамытудың стратегиялық бағытын қолдады.

— Осы стратегиялық таңдау ауқымды өзгерістерге жол ашып, мемлекетіміздің тұрақты өсіп-өркендеуіне айрықша серпін беретіні анық. Қазіргі таңда барлық салада жасалып жатқан түбегейлі реформалардың мақсаты – бір. Біз Әділетті, Озық және Таза Қазақстанды құрып жатырмыз, — деді Мемлекет басшысы.

Үндеу соңында Президент елдің ортақ мақсатқа бірлікпен жететініне сенім білдірді.

— Бәріміз бір ел болып, биік мақсатымызға жетеміз. Мен бұған кәміл сенемін, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: