Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Көгілдір отын» хикаясы

27.08.2026, 7:00 56

***

Ол ертеңіне Облыстық газ тарату мекемесі директорының кабинетіндегі әңгімеден кейін, көп кідірмей газ құю стансасына барды. Иә, қала ішіне газ тарататын отыз үш машина осы жердегі цистерналардан баллондарға газ толтырып алады екен. Құжат­тарды тексеру бұл жақтан газдың босатылуында кемшілік жоқ екенін көрсетті. Тапсырысқа сай мұнда келген бос баллондарға газ кідіріссіз толтырылған, яғни, стансадан бұл іздеп жүрген сексен мың сом­ның газы шыққан. Ал, оның ақшасы облгазға қалай түспей тұр, пошта бөлімшелерінің барлығында да ақша қабылдау, ақша өткізуге байланысты құжаттар толығымен дұрыс. Облгаз қоймасынан бұрынғы төлем квитанцияларын қайта тексерген Жаңабай КРУ қызметкерлерінің ақша жетіс­пеушілігін дұрыс анықтағанын білді. «Қазпошта» арқылы келген ақшамен салыстырғанда өткізілген квитанция­дағы  төлем   сексен  мыңға  артық.

Жаңабай енді тек газ таратушылармен жұмыс істеуі керегін түсінді. Қала бойынша отыз арнайы машина бар екен, соған сай отыз шофер, отыз таратушы-слесарь бар, барлы­ғы –  алпыс адам. Ал, бұларды қалай зерттеу керек? Жаңабай сырттай бақылау жасау арқылы біраз машина жүргізу­шісі мен таратушы-слесарь­лардың қарапайым тұратынын анық­тады да, оларды өз тізімінен сызып тастады. Қалай болғанда да сексен мың сом жым­қырылса, оны алған адам не адамдар бір көрінуі керек қой, тез арада тұрмыстық жағдайы жақсарғандар, жеңіл машина, үй сатып алғандар және тағы сол сияқтылардың  барлы­ғы  анықталуы  керек.

Екі күнгі саралау жұмыстары соңғы екі жылда бір ғана шофердің саяжай (дача), бір таратушы-слесарьдың жер үй сатып алғанын анықтады. Бірақ… Жеті-сегіз шофер мен таратушы-слесардың тұрмысы жақсарғаны байқалды. Осыдан соң бұл солардың үйлеріне сыртқы бақылау  орнатты.

Үш күннен соң бақылаушылар баянаттарын саралай отырып, Жаңабай бес шофер мен бес тарату­шы-слесарьдың жұмыстан үйге түн орта­сына жақын мас болып келетінін және олардың таксимен жүретінін аңғарды. «Сонда бұлар әлгіндей арақ ішуге, үйге таксимен қайтуға ақшаны қайдан алып жүр? Жұмыс­ты бұлардың қайсысынан бастаған дұрыс  екен?  Імм…».

Ойлана келе Жаңабай жұмыс­ты тіпті басқа тұстан бастағанды дұрыс деп тапты. Сыртқы бақылау­дағы жігіт­тер  түсірген  фотолар­да­ғы таксилердің мемлекеттік нөмірін анықтап, солардың  жүргізу­шілерімен  сөйлесуге  кірісті.

…Жаңабай өзі межелеген таксидің Тасбөгетке бет алғанын естіді де, тездете сыртқы бақылау тобының машинасымен Тасбөгетке жетіп алып, қалаға бет алған жолаушы құсап тұра қалды. Көк шамы жанып келе жатқан такси жолжиекте қолын көтеріп тұрған Жаңабайдың жанына кілт  тоқтады.

– Кинорембыттехникаға апарасыз  ба?

– Не дейді? Ондай да мекеме бар ма? Мен қалай естімедім? Қай тұста, адресін  білесің  бе?

– Білемін… «Молдова» кафесінен өте солға бұрылсаңыз болды, тиіп тұр. Шымбайда…

– Отыр…

Такси  орнынан  қозғалды.

– Осы жақтыкісің бе? — деді жүргізуші.

– Иә, оқу бітіріп келгенмін. Әлгі мекемеде  инженермін…

– Жігіт!  Айлығың  қанша?

– Жүз  елу  сом.

– Төу… Мардымсыз екен ғой. Мен екі жүз қырықтай айлық аламын, қосымша шайлық дегені бар, шамамен айына үш жүздей айналады, бірақ жетпейді. Мына өмір удай қымбатшылық болып тұр ғой. Оның үстіне кей запчасты табылмайды складта, сосын не болады, тұрсаң – табыс жоқ, амал жоқ өз ақшаңа сатып аласың. Ие… Ал, саған Құдай жар болсын! Мен саған бір ақыл айтайын, жұмыстың төресі – газда істеген-ау деп ойлаймын.  Таныс тауып, сол жаққа тұрып ал. Айлықтары да нәрмалні дейді, ал левыйы одан да көп  сияқты.

– Оны  қайдан  білесіз?

– Білеміз ғой… Білгесін айтып отырмын. Менің үш-төрт жігітті тасып жүргеніме біраз болды. Шамамен жылдан асты-ау. Өздері бес-алтау ма, әлде, одан да көп пе білмеймін. Бірақ, күн сайын кешкі төрттен кейін олар машиналарын облгаздың ішіне қойып, отчет беріп шығады да, келісім бойынша мені күтеді. Сосын оларды мен Қарауылтөбе жақ беттегі Светлый каналдың бойына жеткізіп саламын, жолақысын дұрыс төлейді, жолда дүкенге соғып, төрт-бес бөтелке арақ, нан, колбаса, консерві сияқтыларды сеткіге толтырып алады. Содан келісім бойынша он бірлерде барамын да үйлеріне әкеліп саламын, жолақысын аламын. Сосын ойланамын ғой, бұлардыкі не қылған бітпейтін той, не қылған таусылмайтын ақша деп. Тек іштерінде бір дорақ бар… Арақ көтере алмайды, сосын не айтып, не қойғанын білмейді. Ертеңіне кешірім  сұрап  отырғаны  сосын…

***

Жаңабай тез шешім қабылдады. Бұлардың бақылауындағылардың біреуін көп ішеді деген, оның адресі бұған  белгілі  болатын.

– Мен Тасбөгетте пәтерде тұрамын, жақын туысым Кошевой көшесінде тұрады, соның бір көршісі газда істейді екен, «аузы құрғамай ішеді» деп айтып отыратын, сол болмасын.

– Ие… Әлгілердің бірі… Әлгі дорақ сол Кошевой көшесінде тұрады, туысыңның көршісі сол болуы мүмкін.

Осы кезде такси бұл айтқан мекенжайға да жеткен еді.

– Төу… Бірдеңе-сірдеңе дегенше, ГМО демейсің бе, басты қатырып, Давай, аман бол. Жаңағы мен айт­қанды  ойлан.

Жаңабай тездете басқармаға келіп, бөлім бастығына істелген жұмы­старды да, енді қандай әрекет етпек  ойы  барын  да  баяндады.

– Жақсы… Сонда Қаржауовты қалай  ұстамақсың? Не  үшін?

– Ол жағын да ойластырдым. Олар таксимен қайтып келе жатқанда ГАИ-дың жігіттері автокомбинат жақтан тоқтатады да, шоферға «Ішіп алыпсың» дейді. Ол өзі емес, ішкен салондағылар екенін, арақтың иісі солардан шығып тұрғанын айтады. Міне, сол кезде біздің жігіттердің біреуі барып әлгі газ тасушылардың біреуімен ілінісе кетеді. Сосын бітті ғой, төртеуін де әуелі вытрезвительге апарамыз, сосын ИВС-ке қамаймыз. Үш күн ұстай аламыз, ол мерзім өтем дегенше мен де біраз нәрсені анықтап үлгірермін деп ойлаймын.

– Жақсы… Бірақ, абай болыңдар! Ши шығып кетіп жүрмесін…

Ертеңіне кешке тура Жаңабай ойластырғандай болды, төрт жігіт те ұсталды. Жаңабай бірден масханаға барып, бөлек бөлмеге Қаржауовты шақыртты. Оны кабинетке әзер кіргізді, өлесі мас екен. Бұл не айтса да басын изей береді. Не істеу керек? Әу баста мұны шақыртқандағы ойы қалған үшеуінің шегесін босату еді. Ол ойының жүзеге асары анық. «Ал, осының мас күйін пайдаланып, баллондар туралы әңгіме қозғасам ба екен? Ертеңдері «Мен мас едім» деп сөзінен бас тартуы да мүмкін ғой. Не болса да сол бағытта әңгіме қоз­ғайын, диктофонды да қосып қоя­йын, қағазға да түсіріп, қол қойдырып  алайын. Бәлкім, пайдаланармын, бәлкім, пайдаланбаспын, бірақ істі ашуға себебі тиіп кетуі де мүмкін емес  пе…».

– Қаржауов Ерхан! Жаңағы жігіттің жағасын жыртқан сен бе? Ол ертең сотқа беремін деп жатыр ғой.

– Со-отқа!? Жо-жоқ… Мен емес… Оны істеген Талап шығар… Иә… Тошно… Сол… Өй… ол деген нервный, псих  қой…

– Солай деп жаза берейін бе?

– Ж-ж-жаза бер…

– Ал, газ баллондарынан пайда тауып  жүрген  сенсің  ғой…

– А… Қайдағы баллон?

– Қашпа! Бізге бәрі белгілі…

– Мен е-е-ш-теңе білмеймін.

– Білесің… Баллон сатып, левый пайда  тауып  жүрсің…

– Е-е-енді…

– Сен ұйымдастырдың ба? Жұрт солай дейді ғой. Бұл ұйымдасқан түрде мемлекет қаржысын тонау деп аталады. Қасқа-ай, расстрельге кетіп қалмасаң  болар  еді…

– Қ-қ-қой… Үй-й-деме. Ш-ш-ша­малы  тиынға  бола  ата  ма  екен?

– Қалай  істедіңдер? Басшыларың  кім?

– А-а… Бастық Ш-ш-амыран… Бірақ, мен айтты деме.

– Айтпаймын. Солай жаза бе­рейін  бе?

– Ж-ж-жаза  бер-р…

– Қалай жасап жүрсіңдер?

– Е-е-ертең… айтайыншы… бірдемең б-б-бар ма, басым сынып барады… Аздау б-б-болып қалды, әйтпесе бүйтіп ауырмайтын… енді перебой  б-б-болып  тұр…

– Мына  жерге  қол  қой.

– Ә-әкел…

***

Оларды сол түні уақытша ұстау изоляторына ауыстырды. Шамыран қамера ішін кезіп жүр. Ішкен арақтың қайда кеткенін өзі де білмейді, масханадан ауыстырғанда-ақ жүрегі бірдеңені сезгендей болған. Енді ой мазалауда. «Мына шешеңді с… бірдемені бықсытпады ма екен… Әйтпесе неге бізді мұнда ауыс­тырады? Бүгін сол құрып кеткір канал жаққа барғысы келмей кежегесі кері  тартып, через не хочу барып еді, осыған  көрініп  тұр  екен  ғой».

… Ертеңіне төртеуінің түрі кісі көргісіз еді. Көздері іскен, қызарған, ауыздары бейне құрғап қалғандай жұтына береді. Жандарында тағы екі адам жатыр екен. Ол екеуі Жаңабай әдейі осылардың қасына қосқан милиционерлер еді. Біреуі жақында ғана  Ақтөбе облысынан ауысып келген түрі қызметкерден гөрі қарақ­шыға келетін, бетінде тыртығы бар капитан болатын. Оның денесіне кеше суретшілерге көк сиямен салдырған татуировкалар ана төртеуіне мұны талайды көрген көкжал ретінде көрсетері анық. Ірі денелі жігіт әдейі қорылға басқан еді, мыналардың жақ жүндері үрпие қалды, шамасы кімге  тап  болдық  деп  тұрса  керек.

Бұйырған нәпақаларын екеуі соғып алды, ал ана төртеуге ештеңе батар емес. Сірә, жүректері кілкілдеп тұрған болар. Енді тапсырма бойынша  капитан  іске  кірісті.

– Жақында  бері!

Өктем шыққан дауысқа аналардың  бағынбасқа  шарасы  қалмады.

– Естідік… Газовиксіңдер  ғой…

– Иә… иә…

– Тоқтат! Жамырама… Кім главный? Сол жауап береді.

Шамыран  ілгері  озды:

– Иә…

– Так… Слушай сюда… Сендер государстваның жүз мыңдай ақшасын  тонады  деген  слух  бар.

– Енді ел өсек…

– Тоқта! Неге сөзді бөлесің. Біздің источниктер жалған айтпайды, өйткені, өтірік болды дегенше басынан айырылады. Так… Сендер неге обшакка төлемейсіңдер? А? Екі күннен кейін шығаруы керек, сонда бізге елу мың  әкеліп  өткізесің… Ясно…

– Ондай  ақша…

– Табасың… Бітті…

Төртеуінің  ендігі түрін манағы­мен  салыстырсақ,  алдыңғысын ханға сәлем беруге жарарлық деп бағалауға болар. Қаржауов басын ұстаған күйі теріс қарап отыра қалды. Пыс-пыс етеді, жылап отырған болуы  керек…

Осы кезде Шамыранды тергеу бөлмесіне шақырды.

***

Жаңабай түрлі әдісті қолдана қаншама сұрақ қойғанымен, ол «Білмеймін, көрген жоқпын, естіген жоқпын» дегеннен танбады. Оны камераға қайтарып жіберіп, ойға қалды. «Мынау талайды көрген қу сияқты ғой… Өмірдерегін қайтадан тереңірек қарау керек шығар. Тегін емес. Өткенде кадр бөлімінде өмірбаянымен танысқанда ешнәрсе байқалмаған… Тездету керек… Терең­өзек жаққа біреуді жіберіп алу керек болды. Ана жігіттер де жоспар бо­йынша қимылдайды ғой, психология­лық шаршату басталған шығар…». Ол бастығымен телефон арқылы хабарласып, мән-жайды түсіндірді. Ол бұған осы жақтағы жұмыстармен айналыса беруі керек­тігін, ал Шамыран Бекмахановқа қатысты мәселені сол жақтағы жігіттерге  тапсыратынын  айтты.

Шамыран камераға қайтып кірген кезде барлығы бастарын көтере қарады. Төрде  жатқан  тыртықты:

– Иә… Не болды? Барлығын айтып бердің бе? Менттермен ауыз жаласып келген шығарсың… Мына сорлыларды  тығып  жіберген шығарсың…

Анада үн жоқ. Мына жақта, көрші бөлмеде камерадағы әңгімені тыңдап, магнитофонға жазып алу­шылар қасында отырған Жаңабай өзіне риза кейіпте алақанын ысқылап алды. Иә, бұған да керегі осы еді. Енді ана үшеуінде күдік пайда болары анық, ал күдік пайда болды дегенше әрқайсысы өзінше әрекет етіп, өз  басын  қайттауға  кіріседі.

Бұл енді келесі күдіктіні шақырт­ты. Ендігі әңгіме басқа бағытқа бұрылды. Бұл газға қатысты ештеңе сұрамады.

– Кеше кімнің ақшасына іштіңдер? Қасыңдағылар барлығын сен көтерді деп жатыр ғой… Ақшаны қайдан  алдың?

– Жоқ… Менікі емес… Мен емес, барлығын төлеген Шамыран…

Жаңабай бұған да тергеу хаттамасына қол қойдырып алды да, кері қайтарды. Камерада манағы әрекет қайталанды. Тыртықты  дәу:

– Протоколға қол қойдың ба? — деді әдейі, неге, нені  растағанын ашып  айтпай.

– Иә…

– Онда бітті. Қол қойсаң бітті, приговорың дайын…

Келесі күдікті шақырылды. Жаңабай Қаржауовты әдейі соңынан шақырмақ ойда, ондағы мақсат – ананың жүйкесін жұқарта бермек. Есік ашылды, бұл келген Қаржауов нервный деп атаған Талап болатын.

– Отыр! Азамат Әмірханов! Неге біреуге қол тигізесің, жағасын жыртасың? Ол адам сотқа беріп жатыр…

– Соты несі? Мен ештеңе істеген жоқпын.

– Шамасы кеше не істеп, не қойға­ныңды  білмейсің-ау. Тыңда!

Ол кешегі Қаржауовтан диктофонға жазып алған сөзінен бұған қатысты тұсын тыңдатты. Ананың өңі өзгерді, тісін  шықырлатты…

– Тек бұл ғана емес, қасыңдағылардың барлығы әлгі азаматқа қол жұмсаған сен деп отыр, не айтасың?

Анау біруақ үнсіз қалды. Сосын барып:

– Білмеймін… Маспын… Мен болсам,  мен  шығармын…

Жаңабай мұндағы тергеу амалдарының барлығын диктофонға жазып, хаттамаға түсіріп отырған болатын. Бұған да қол қойдырып алды. Оны қайтарды. Тағы да бұрынғы қайталанды, Талап камераға кірді, тағы да сол сұрақ, тағы да сол жауап.

Төртеудің арасына іріткі түсті, енді олар бір-бірімен сөйлеспеуге тырысады. Бұған да керегі сол. «Түс­тен кейін Тереңөзектен мәлімет келсе қатып кетер еді. Енді тездете қимылд­амасақ  болмайды…».

***

Жаңабай бастықтың кабинетін­де Тереңөзек аудандық ішкі істер бөліміндегі жігіттер жіберген мәлі­метті оқи отырып, басын шайқап қояды. «Апыр-ай, бұл оңбаған бұрын Алматыдағы көркемсурет училище­сінде оқып, соңғы курсында төбе­ле­сіп, сотталып кеткен екен ғой. Бәсе, сөйлескенде біраз нәрседен, қыл­мыскерлер әлемінен хабары бар сияқ­ты көрінуі тегін болмады. Сосын, жазасын  өтеп  келгесін  үйле­ніп, әйелінің фамилиясына ауысқан екен… Кадрдағы трудовой книжкасындағы жазбалар жалған болды ғой, не датасы өзгерген болар… Мұны білгені дұрыс болды. Бұрынғы фами­лиясы  Әнесов екен… Бұл  тұсты да  барлап  көрелік».

Түстен кейін ол Шамыранды қайта шақырды. Ол тергеу бөлмесіне сенімді кіргенмен, Жаңабайдың алғашқы сөзінен-ақ бір тықыр таян­ғанын  сезіп,  түсі  бұзылып  кетті.

– Әнесов! Мында  отыр!

– Мен  Бекмахановпын…

– Білеміз… Неге жалған трудовоймен  жүрсің?

– Жалған  емес…

– Білеміз  Әнесов… Білеміз. Бұрын  сотталғаныңды да білеміз, фами­лияңды өзгерткеніңді де біле­міз… Өзің  айтасың ба бәрін… Әлде…

– Не-е? Ненің бәрін? Мен ештеңе білмеймін… Қарапайым шофермын…

– Тексердік. Трудовойың экспертизада… Енді водительский праваңды өткіземіз… Солай… Так… Болды! Сен немене бізді ай қарап жүр деп пе едің. Бес айдан бері бүкіл газ тарату жүйесін тексердік, ілмекте тұрсың… Түсіндің бе… Ілініп тұрсың… Бір­неше  статья  таңылатын  сияқты…

Газ туралы айтып өткенде алдында сыр бермей отырған Бекмаханов­тың оң қабағы бір-екі рет жоғары тарта дір-дір ете қалды. Жаңабай нысанаға  дәл  тигенін  түсінді.

– Ал… Әнесов – Бекмаханов, не істейміз? Бұрын ескерттік қой, біздің сөзіміз магнитофонға жазылып жатыр, тергеуге көмектескенің ескері­летінін білесің… Кешеден бері саған байланысты Алматыда да қызу жұмыс  жүріп  жатыр.  Так  что…

Жаңабай алдындағы «Бес айдан бері тексеріп жатырмыз» дегенді де, «Саған байланысты Алматыда қызу жұмыс жүріп жатыр» дегенді де әдейі айтты, бұл күдіктінің қорғанысына жасалған шабуыл болатын. Ол бірден сұлқ түсті де, тілсіз отырып қалды. Бұл оған хаттамаға қол қойдырып  алды  да,  кері  қайтарды.

Шамыран камераға кірді де, өз орнына  құлай  кетті.

– Бітті  бәрі… Бітті…

– А? Бәрін бітірдің бе? Құрттың ба  бәрін?

Тыртықтының сұрағы жауапсыз қалды, осы сәт Қаржауов шақырылды. Ол ішке кіргеннен-ақ Жаңабай жігіттің түгі жатып, жігері сынып қалғанын ұқты, оның Шамыранның «Бітті бәрі» дегенінен қорқып тұрғанын сезді, осы сәтті пайдаланып қалу  керек. Ұнжырғасы түскен оған:

– Газ баллондарымен левый жасағандарыңды  айта бер, — деді бірден.

– М-м-мен  емес…

– Не-е? Тыңда онда мынаны.

Ол таспаға жазылған өз дауысын естіген кезде көзі шарасынан шыға үлкейіп бара жатты. Бір-екі рет жұтынып қалғанда, жұтқыншағы ойнап, қолы дірілдеді. Жаңабай диктофонды тоқтатып, анаған хатта­маны  көрсетті.

– Қара  мынаған! Өзің қол қойып бергенсің…

Ол бір шекелей қараса да қойылған өзінің  қолын  таныды.

– Енді барлығын өзің айт… Сені тергеуге көмектескен, айыбын өзі мойындаған етіп көрсетемін. Жазаң жеңілдейді… Тек шындықты  айт…

– Маған  көмегі  бола  ма  оның?

– Әрине болады… Мен саған аралас­пайын. Мына қағазға барлығын, не болғанын, газ баллондарын сатып пайда тапқандарыңды бірін  қалдырмай, толық  жазып  бер…

Ол  жазуға  кірісті…

… Жаңабай бүгін үстіндегі ауыр жүктен құтылғандай күйде. Кешегі төртеуін қамау­ға алуға санкция берілді. Басқарма бастығы шақырып, рақметін  айтты.

– Бұл іс бүйрекке қадалған шаншудай мазалап бітіп еді. Бекішев! Жарайсың! Талай­лар аша алмаған қылмысты аштың. Алғыс айтамын! Марапатқа да ұсынармыз, істі  сотқа  өткізіп,  ақырын  күтейік.

– Біздің  школа  ғой…

Бөлім бастығы бір көтеріліп,  басылды.

Жаңабайға үш күнге демалыс берілді. Ол іштей «Кім ойлаған? Кім білген?» деп бір­неше рет қайталап жіберді. Бұл кешегі газ таратушылар ісі еді. Бәрі кішкентай нәрсе­ден басталыпты. Иә, кейде үлкен, ауыр қылмыстарыңның өзі болмашыдан басталып жатады ғой. Мұнда да сол. Бірақ, сексен мың сомға  жеткені  сұмдық. Аурудың алдын  алмаса, асқынып  кететіні  сияқты ғой… Сексен  мың  сом… О,  тоба!

***

…Шамыран сол күні жұмыс соңына қарай ел «Тесік көпір» атап кеткен теміржолдың астынан салынған көпірден өтіп, обл­газға қарай солға бұрылған сәтінде бір «Ваз-06» жигули машинасы озып барып, мұның машинасының алдына тоқтады. Бұл ережеге сай машинадан түскен жоқ. Бірақ, ана жігіттің таратушы-слесарьға айтып жатқан  өтінішін  естіп  отыр.

– Жігіттер! Көмек бере көріңдерші! Құдай үшін! Бір туысымыз қайтыс болып еді… Абай совхозында… Газ бітіп қалыпты… Стансадағылар квитанциясыз бермейміз деді. Көмектесіңдерші…

Бұл да, газ тартушы да машинада екі үлкен баллонның үй иелері болмағандықтан қайтып келе жатқанын біледі. Не істемек керек?! Оны бұларға беріп жіберсе, квитанцияны қайдан табады? Есеп беруі керек қой.

Кенет оның санасында бір идея туа бас­тады. Тезірек қимылдамаса, келіп тұрған пайдадан айырылып қалатындай көрінді де, ол терезеден басын шығара дауыстай сөйледі:

– Бос  баллоның  бар  ма?

– Бар… Ана келе жатқан таблетка Уазда бос  екі  үлкен  баллон  бар.

Енді бұл газ таратушыға қарап, «Кеттік» деді де, аналарға соңымнан еріңдер деген белгі  берді.

Шамыран Жаңа базар жанындағы дүкен­де газ тұтынушының кітапшасы еркін са­тылатынын білетін. Бұл тоқтаған кезде «Жигули» рөліндегі жігіт те тоқтап, көлігінен  түсе сала  бұған  жүгіріп  жетті.

– Ана дүкенде, – Ол дүкенді иегімен көрсетті. – Газ тұтынушының кітапшасы сатылады, соның екеуін сатып әкел… Кәпек қой… Әлде  ақша  берейін  бе?

– Жоға!  Қазір…

Ол екі кітапшаны мұның қолына ұстатты.

– Ал, онда ана бір ашықтау тұсқа баралық.

Бұл машинасын қозғап, ашық алаңқайға барып тоқтады. Газ таратушы бұған таңғала қарайды.

– Шәке, не істемек ойың бар? Отчетты не істеймін…

– Саспа… Бәрі дұрыс болады.

Олар да келді, бұл машинадан өзі түсіп, бекіткіштен екі үлкен баллонды босатып алды да, аналар әкелген екі бос баллонды орнына қайта бекітті. «Жигулидегі» жігіт қуа­на құнжыңдап, мұның алақанына он сомды сарт еткізді. Олар кетіп қалғасын бұл әлгі газ тұтынушы кітапшасын жалған бет есеп нөмірін жазып толтырды да, газ тарату­шыдан бір квитанцияны сұрап алды да, оны қолындағы тұтынушы кітапшасының бетіне қойды, сосын оның астына үнемі машина бардачогында жүретін сурет салуға арналған дәптер арасында жүретін жұрт «копировка» деп атайтын көшірме қағазды салып, сиясы бітіп қалған автоқаламмен квитанция жазу­ларын үстінен баса бастады. Он минутқа жетпей ол газ таратушының қолына ақша төленгені туралы квитанцияны ұстатқан еді. Ананың таңданысында шек жоқ. Тура нағыз квитанция. Касса апаратының таңбасы, оттискі де айнымайды. Шамыран екінші кітапшаға кірісті де, бас-аяғы жиырма минут шамасында газ таратушының қолына екі квитанцияны ұстатты. Иә, ол қайдан білсін, мұның  суретші  екенін.

– Міне екі квитанцияң… Отчетыңды бере бер осымен… Ал мына он сомды екеуі­міз  бөліп  алайық.

…Міне, талайдың төбе шашын тік тұр­ғызған сексен мың сом ақшаның сырын Жаңабай осылай ашқан болатын. Облыс­тық газ тарату мекемесінен он шақты адам жауап­қа  тартылып, жазасын  алды.

…Жаңабайдың ел тыныштығы мен қоғамдық тәртіп жолындағы қызметі жал­ғаса  берді.

Алдажар  ӘБІЛОВ

(Соңы. Басы  өткен  санда)

«Халықтың» коллажы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: