Ұлым ауылдан келді. Кеше түнде. Сырда алған әсерін, көңілге түйген ойларын айтып берді.
– Әке, мен дарияға суға түстім. Жүзіп, арғы бетке өткім келді. Бірақ жалғыз өзімнің батылым жетпеді, — деді.
– Неге? Біз сенің жасыңда дариядан талай рет жүзіп өтетінбіз ғой! Жалғыз да, көпшілікпен де!
– Әке, бір нәрсе сұрайыншы. Неге оны «дария» дейміз? Негізі өзен емес пе?
Қойылған сұрақ өте орынды еді. Біз күнделікті «өзен» мен «дария» сөзін қатар қолданғанмен, мән-мағынасын астарлап көрмеппіз. Табан астында жауап бере алмай, сөздікті ақтардық.
«Өзен» – түркі халықтарына ортақ көне сөз. Табиғи арнамен ағатын су ағынының жалпы атауы. Ертіс те, Іле де, Есіл де, Тобыл да – өзен.
Ал «дария» – парсы тілінен енген сөз. Парсы тіліндегі «дарья» негізінен «теңіз», «үлкен су айдыны» деген мағынаны білдіреді. Кейін Орта Азия халықтарының тілінде бұл сөз аса ірі өзендерге қатысты да қолданыла бастаған.
Сондықтан бізде Сырдария, Әмудария деген атау қалыптасқан.
Қызығы, парсы тілінде «дария» бүгін де көбіне теңіз мағынасында айтылады. Ал қазақ тілінде бұл сөз үлкен өзен ұғымымен қатар, ауыспалы мағынада да орнықты.
«Білім дариясы», «ой дариясы», «көңіл дариясы» дейтініміз содан.
Яғни өзен – жалпы атау, ал дария – тарихи тұрғыда аса үлкен су айдынына қатысты қалыптасқан, кейін ірі өзен атауына айналған сөз.
Ал біздің ауылдағы дарияның мен үшін сөздікке сыймайтын өз тарихы бар. Балалық шағымыздың көп бөлігі сол дарияның жағасында өтті. Кезек қой баққанда, түсте қалың тораңғылдың көлеңкесіне малды жатқызып, өзіміз суға түсетінбіз. Ыспа құмнан түрлі ғимарат салып ойнайтынбыз. Балық аулайтынбыз. Ол кезде балық өте көп еді.
Көктемде дария тасып, айналадағы өзектер суға толатын. Су қайтқанда, ойыстарда шағын айдындар қалып қоятын. Сол жерлерден балықты қолмен де, қармақпен де ұстайтынбыз. Бір жазда балыққа әбден қарық болатынбыз.
Қазір бәрі өзгерген. Дария бұрынғыдай жайылмайды. Айдыны да тарылған. Балалық шағымыздың кең дариясы бүгінде әлдеқайда жүдеу көрінеді.
Бүгін сол дарияның жағасында біздің балалар жүр.
Ұлымның жалғыз өзі жүзіп өте алмағаны – әлсіздік емес шығар. Уақыт өзгерді. Баланың қорқынышы да, сақтығы да біздікіндей емес.
Бірақ бір нәрсе өзгермепті.
Дария әлі ағып жатыр. Аға берсін. Өйткені, дарияның тоқтауы – тіршіліктің тоқтауы.
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ,
Астана қаласы
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!