Қызылорда қаласының Астана болғанына 100 жыл толуына және Алаш қайраткері Міржақып Дулатұлының 140 жылдығына орай Қызылорда қаласының «Жастар» театры жаңа маусымын тарихи драмамен ашты. Көрерменге алаштанушы, ғалым Елдос Тоқтарбайдың «Жас Алаш. Шындық шырағы» шығармасы ұсынылды.
Қойылымның өзегінде – ел тағдырын өз тағдырынан биік қойған Алаш арыстарының күресі. Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Смағұл Сәдуақасов, Аққағаз Досжанова, Сұлтанбек Қожанов сынды қайраткерлердің сол кездегі ел астанасы Қызылордаға келуі арқылы ұлт тарихындағы күрделі кезең сахна тілінде өріледі.
Тарихи драмада біртұтас ел құруды мақсат еткен Алаш зиялыларының жанкешті еңбегі мен кеңестік жүйенің қуғын-сүргіні, НКВД жансыздарының қиянаты қатар суреттеледі. Автор мен театр ұжымы тарихи шындықты боямасыз жеткізуге ұмтылған.
Қойылымның тағы бір салмағы – Алаш қайраткерлерінің қоғамдық күресімен қатар, олардың отбасылық өмірі, адамдық болмысы мен ел алдындағы жауапкершілігін көрсетуінде. Сыр өңірімен сабақтасқан тарихи оқиғалар арқылы көрермен өткеннің үнін ғана емес, бүгінгі ұрпаққа артылған аманатты да сезінеді.
«Жас Алаш. Шындық шырағы» – Сыр елінің тарихын Алаш тағдырымен сабақтастырып, өткеннің өнегесін бүгінгі ұрпаққа жеткізетін тағылымды қойылым.
Қызылорда қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!