Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Менің әкем

13.08.2026, 15:25 188

HALYQLINE.KZ

«Әке – асқар тау, ана – бауырындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ».

Ертең, 14 тамыз – марқұм әкем Кемалбек Сағымбайұлының туған күні. Тірі болса, 80 жылдық мерейтойын тойлаған болар едік. Амал не?! Әкем туралы қалай ой толғасам жарасар екен …  Ол қандай тұлға?

Әрине, тұлға көпшілік сүйсініп айтатындай қасиеттерге ие болуы керек. Ол барлық ой-санасының жоғарылығымен, қадір-қасиетінің биіктігімен, ақыл-парасатының те­реңдігімен ерекшеленеді. Мен үшін сондай жан – әкем. Бұған біріңіз келісерсіз, біріңіз келіспес­сіз…

«Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дейді халық даналығы. Қыз бала болғаныммен әкеге қарап еліктеп, жақсы қасиет­терін бойыма сіңіруге тырыс­тым. Ал оның мен еліктейтіндей қан­­дай қасиеттері бар еді? Ол, ең бірінші – шыншылдығы, ала жіп­ті аттамай­тындығы, сырт көзге тә­кап­пар мінезі бола тұра, қарапа­йым­дылығы, екінші – еңбек­қор­лығы, өз жұмысына адалдығы, үшінші – балаларының да бойына осы қасиеттерді еге білгендігі.

Анам Шәрипа Темірханқызы екеуі бастарына түскен қаншама ауыртпалыққа мойынсұнып, қиын­дықтарға кіріптар болып қалған жоқ. Қайта солардың бәріне төзіп, айналасындағыларға да шарапат шуағын шашып келді. Алайда, бү­гінде екеуінің де орындары ойсырап тұр.

Балдай тәтті бал кезеңдерді есі­ме алсам, әкемнің бізге шық жуыт­пай, қанаттыға қақтырмай, тұм­сықтыға шоқыттырмай, еркін де жігерлі өсуімізге, өзімізге лайықты табыстарға жетуімізге сара жол салғанын сезінемін. Анам екеуінің отбасына қатысты барлық істі бізбен ақылдасып отырып шешуге тырысатыны біздің ой әлеміміздің кеңеюіне үлкен ықпал етті десе болады.

Марқұм әкем бір өлеңінде:

Кейде шалқып кететін

дуанамын,

Жалғандықты шындықтай

құп аламын.

Болмашыға қайғырып,

Болмашыға

Жас сәбидей мәз болып

қуанамын, –

деген екен…

Көңілі баладай, тірлігі данадай болған әкем менің!

Әкемді жақсы білетін азаматтар «Тіл шебері, алдына барған құжат жұмырланып, өңделіп, кес­кін-келбеті ажарланып шыға келе­ді. Көркем ой көріктене түседі. Оның қаламынан туған дүниелерді қиюы қабысып, зергердің қолынан шыққан алтын бұйым деуге болады» деп әлі күнге дейін тамсана айтады.

Әкем Кемалбек Сағымбайұлы «Сыр өңірі тарихы» кітабы автор­ларының бірі. «Түркі дүниесінің кемеңгер ойшылы», «Ұлттық ке­лісім – саяси тұрақтылық негізі», «Қазақстандағы этносаралық қа­ты­настар: проблемалары және та­ри­хи тәжірибе», «Стратегия мақ­саты – саяси тұрақтылық пен ұлт­аралық келісім», облыс ақын-жазу­шыларының шығарма­лары­нан жинақталған «Жүректегі жау­һарлар», ардагерлердің өсиет сөз­дерінен құралған «Қарттарым – асыл қазынам» кітаптарын шы­ғарды. «Тәуелсіздік толғауы», «Өне­гелі өмір, өшпейтін рух», «Із­гілік ізі» кітаптарының авторы. Қайтыс болғаннан кейін 2011 жылы «Тағылым» атты кітабы жарық көрді. Облыстағы көптеген ақын-жазушылар еңбектерінің жа­рық көруіне септігін тигізді.

Мемлекеттік қызметте қанша жыл істесе де абыройлы еңбек ете білген, артынан бірде-бір жаман сөз ердірмеген азамат. Атақ-дәре­женің соңынан жүгіріп, даңқ қумаған тұлға еді. 2010 жылдың 21 маусымында дүниеден өтті.

Әкем туралы замандастарының жазғанымен бөлісуді жөн көрдім. Бұл азаматтар да бүгінде арамызда жоқ. Бірақ, артында ізгілік іздері, өнегелі істері қалды.

Әлмәмбет Әлішев, жазушы:

– Кемалбек ешкімнің қолда­уын­сыз, ешкімнің көмегінсіз өзі­нің маңдай тер, табан етімен, жан­кешті бейнетімен, іскерлігімен абы­ройға жетті. Қай жерде де жұ­мыстың өрге басуы үшін қажет болды. Мықтылығы да, артық­шы­лығы да осында. Кемалбекті хал­қына танытқан, көпшілік құр­ме­тіне бөлеген – аянбай еткен ең­бегі, жансебілдігі дер едім. Адами қасиеттері туралы сөз қозғар болсам, ол қашан көрсең де, бір қалпынан танбайды. Адамдармен қарым-қатынасында барынша сыпайы, биязы, жоғары мәдениетті жан. Көңіл ауанына берілу, бі­реу­ге артық сөйлеу, мақтану, күп­сі­ну дегеннен әсте аулақ. Ғай­бат сөйлеу, біреуді сыртынан әң­гіме қылу сияқты мінез оған жат. Адамгершілікті биік ту етіп ұста­ған абзал азамат ешкімнің бетіне жел болып тимеді, үлкенге ізетті іні, кішіге қамқоршы аға атанды. Осындай қасиеттері үшін сыйлаймын. Кейінгі ұрпақтың Кемалбек сияқты бекзаттығы басым, өнегелі азамат болып өсуін қалаймын.

Әскербек Рахымбекұлы, ақын:

– Алматы Жоғары партия мектебінің тыңдаушысымыз: Кемалбек төрт жылдығында, мен екі жылдығында. Мұндағы дәрісті бізден екі жыл бұрын бастаған ол алғашқы кезеңде жолбасшылық жасағандай: сөзі салмақты, ойы орнықты. Жүріс-тұрысы, табиғаты мынадай маңғаз ортаның ауа ра­йына орайласқандай. Ара-арасын­да жерлестер бір-бірімізді туған күнмен құттықтап, бас қосып тұ­рамыз. Сондай-сондайда жасы кі­ші болса да, Кемалбек бізден озғындап отырады, көрген-білге­нін, өмірден түйгенін мұндағы ал­ған білімімен ұштастырып та жібереді. Сонымен сыйлы, бедел­ді болды. Алдымыздағы ақылма­ны­мыз секілді, айтқанын екі ет­пейміз. Бірде, ерте көктемде: – Ал­дағы жексенбіде тауға барып, се­руендеп, дем алып қайта­мыз, – деді. «Ол ненің құрме­тіне?» деймін ғой баяғы. 22 Наурыз – Шығыс күнтізбесі бо­йын­ша жыл басы, соны тауға барып атап өтуді үрдіске айналдырып жүрміз, – дейді Кемалбек жүзі нұр­ланып, жадырай күліп: – Баруға дайын­далыңыз. Ол заманда Наурыз мерекесі той­лан­бақ түгілі, ауызға да алынбай­тын. Ол ескіліктің қал­­дығы се­кіл­дендірілетін, тіп­ті оны діни дәс­түрге апарып қо­сып қоятындар да табылатын. Ке­ңестік солақай сая­сат сондай сипат берген соң, ком­мунистер, оның мектебінде оқи­тындар үрке қарай­тын. Осындай жағдай, осындай ортада жү­ріп Кемалбектің Наурызды тауда тойлайық дегені маған ерлік тәрізді, әрі іштей дән риза болған едім.

Абылай Айдосов, профессор:

– Сағымбайұлы Кемалбекті ал­ғашқы рет 1967 жылы Қазалы ауда­нындағы үлкен мекеме – аудандық автобазада жоғары разрядты ав­тослесарь болып жүргенде кез­дестірдім. Ол бастауыш комсомол ұйымын басқарады екен. Әсі­ресе, автокөлік жүргізуші жас­тарды комсомол қатарына тарту, олардың кешкі мектептегі оқуына жағдай жасау, қоғамдық жұмысқа қатыстыру, спорт секцияларын ұйымдастыру арқылы автобаза ұжы­мында беделінің жоғары екені байқалды. Аудандық комсомол комитетінің ұсынысымен Кемалбек Сағымбайұлы облыстық комсомол конференциясында пленум мүшесі болып сайланды. Ол өзінің кәсіптік мамандығымен қатар қо­ғамдық жұмысты жалғастыра біл­ді, әсіресе, жастардың әлеу­мет­тік-мәдени өміріне арналған фо­то­суреттері, материалдары ау­дан­дық және облыстық газеттерде жарияланып тұрды. Біз облыс өміріндегі маңызды шараларды Ке­малбекпен бірлесіп жүзеге асыр­дық…

Ағалар айтқан менің әкем осындай тұлға еді.

Әр күнін әр адымым деп ба­ға­лап, адымын анықтап басқан, мем­­лекеттік қызметте арына кір шал­дырмаған асыл әкем, рухы­ңыз­бен бізді жебей жүр!

Айгүл САҒЫМБАЙ,

ҚР Мәдениет қайраткері.

syrboyi.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: