САТИРА
Бірінші сәуір – Күлкі күніне қарсы таныстарымның көңілін көтеріп, қытығынан шап беріп ұстап алып, күлкіге бір жыққым келді. Алдымен өнер мекемесін басқарып отырған Алпысбайға бардым.
— Ал, Алекеғ күлкі күні құтты болсын! Мынау мерекеде бір мәз қылайын деп келдім.
— Нұреке, осы мен күлмеймін-ау.
— Күлесің, алдымен тыңдап алсайшы, «КамАЗ» автокөлігін айдап келе жатқан жүргізуші абайсызда тауықтың балапанын басып кетеді. Содан әлгі балапанды қолына алып қарап тұрса, қасына бір шал келеді. «Ата, мына балапан сіздікі ме?» деп сұрайды. Шал балапанға қарап тұрып: «Менде мұндай жалпақ балапан жоқ» деп басын шайқайды.
— Неге жалпақ балапан? — деп сұрады Алпысбай.
— Енді көлік басып кеткесін жалпайып қалған ғой.
— Нұреке, менің түк күлкім келмей отыр.
— Айтқаным қызық емес пе?
— Жоқ.Осы мекемені басқарғаныма бес жыл болды, әлі директордың міндетін атқарушы болып жүрмін. Соған қатты жыным келіп, жылағым келіп отыр, — деді.
Алпысбайды түсінуге болады. Кабинетінен шығып кеттім. Енді кімді барып күлдірсем екен? Есіме құрдасым Атанбек түсті. Алты баласы бар. Әйелі жұмыссыз. Өзі таксит. Ең болмаса күліп көңілін көтерсінші деген жақсы оймен үйіне кіріп бардым. Балалары бақырып қоя берді. Әйелінің аяғы тағы ауыр екен. Атанбек күржиіп алдымнан шықты.
— Нұреке, жай жүрмісің?
— Күлкі күніне орай бір күлдірсем…
Құрдасымның әйелі мырс етті. Жақтырмай қалды.
— Қалай күлдірмексің? — деді Атанбек.
— Бір «КамАЗ» көлігінің жүргізушісі абайсызда тауықтың балапанын басып кетеді. Содан балапанды қолына алып қарап тұрғанда қасына шал келіп қалады. «Ата, мына жалпақ балапан сіздікі ме?» деп сұрайды. Шал: «Біздің үйде мұндай жалпақ балапан жоқ» дейді.
— Қуасың ба, қайдағы балапан? Өзіміз күнімізді әрең көріп, алты балаға төленетін төлемақының құжаттарын реттей алмай отырғанда не айтып тұрсың? — деп әйелі ұрысып тастады.
Атанбек қабағын түйді. Бұл үйден тез шықтым. Көшенің бойымен келе жатырмын. Алдымнан полиция ғимараты көрінді. Олар халықтың наразылығын түсінбесе де, сөздің төркінін түсінеді. Полицей танып амандасты.
— Жай жүрсіз бе?
— Күлкі күніне орай сендерді күлдіргім келеді.
— Біз күлмейміз. Қазір күлуге болмайды.Тыйым салынды, — деп, бұрылып кетті.
Ештеңе айтып үлгермедім. Енді бұлар елді күлкісінен айырғаны ма? Жаяулатып базарға жақындадым. Әжей айғайлап айран сатып тұр.
— Әже, күлкі күні құтты болсын! Күлгіңіз келе ме?
— Шырағым, баяғыда күлдік. Кімнің кім екенін білдік. Бүгінде күлкіміз қашып, миымыз ашып кетті.
— Әже, көшеде балапанды көлік басып кетеді.
— Ойбай көтек қашан?
— Күлкі үшін айтып жатырмын. Содан жүргізуші жерде жатқан балапанды қолымен алады. Қасына бір шал келеді.
— Біздің шал емес пе?
— Әже, мен сіздің шалыңызды танымаймын. Бұл анекдот қой.
— Балапан тірі ма?
— Жалпайып өліп қалады.
— Қап, обал болған екен? — деп әжей басын шайқады.
Балапанды аяп көңілі түсіп кетті. Күлдіре алмадым. Басым салбырап әкімшілік үйіне бет алдым. Жалпы басшыларды күлдіру қиын ғой. Мұнда бір танысым бар еді. Есіктен кірген бойда тарқ етіп күлді. Тіпті, жаңағы айтарымды айтпай-ақ сықылықтап ала жөнелді. Бастапқыда бір жерім ашық тұр ма деп ыңғайсызданып қалдым. Міне, нағыз тыңдарманым табылды.
— Көшеде бір «КамАЗ»-дың жүргізушісі тауықтың балапанын басып кетеді, — дей беріп едім. Ол тоқтамастан тарқылдап күлді.
— Айта бер, — деді түкірігіне шашалып.
Көшеден күлетін бір адам кезікпеді. Іздегенім алдымда тұр. Япыр-ай, бұлар күлуші ме еді? деймін таңданып.
— Жүргізуші жерде жатқан балапанды алып, өтіп бара жатқан шалдан сұрайды. «Ата, мына жалпақ балапан сіздікі ме?» дейді. Шал: «Біздің үйде мұндай жалпақ балапан жоқ» деп, кетіп қалады.
Тап осы жерде танысым күлкіге тұншықты. Бедірейген беті көгеріп, ішегі күлкіге түйіліп қалды. Әрең, дегенде есін жиды. Әйтеуір, еңбегім еш кетпеді күлкі күні бір танысымды күлдірдім ғой…
Нұрлыбек ЖҰБАТҚАН
Фото: papik.pro
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!