Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сирия соты Башар Асадты өлім жазасына кесті

11.08.2026, 16:10 60

Дамаскідегі Төртінші қылмыстық сот Сирияның бұрынғы президенті Башар Асадты өлім жазасына кесті. Үкім айыпталушының қатысуынсыз, сырттай шығарылды.

Сот Асадты бірнеше адамды және балаларды қасақана өлтіру, азаптау, заңсыз қамауға алу, соғыс қылмыстары мен адамзатқа қарсы қылмыстар бойынша кінәлі деп таныды. Судья Фахреддин әл-Ариан үкімді жариялау кезінде «Башар Асад мемлекеттік органдарды соғыс қылмыстары мен адамзатқа қарсы қылмыстар жасауға пайдаланды» деп мәлімдеді. Бұл Асад билігі құлағаннан кейін Сирия соты шығарған алғашқы үкім болды. 

Осы іс бойынша Башар Асадтың інісі Махер Асад та сырттай өлім жазасына кесілді. Ол Сирия армиясының наразылықтарды басуға қатысқан төртінші броньды дивизиясын басқарған. Асадтың туысы, Дараа провинциясындағы саяси қауіпсіздік бөлімінің бұрынғы басшысы Атеф Нәжибке де дәл осындай жаза тағайындалды. Атеф Нәжиб қамауға алынғандықтан, сот отырысына қатысты. 

Башар Асад 1965 жылы Дамаск қаласында дүниеге келген. Дамаск университетінде медицина саласын оқып, офтальмолог мамандығын алған. Кейін Лондонда білімін жалғастырған. Әуелде оның саясатқа араласу жоспары болмаған. Әкесі Хафез Асад билікті үлкен ұлы Бассельге қалдыруға дайындалып жүрген еді. Алайда Бассель 1994 жылы жол апатынан қаза тауып, Башар Асад Сирияға қайтарылды.

Хафез Асад 2000 жылы қайтыс болғаннан кейін Башар Асад президент атанды. Осылайша әкесі құрған билік жүйесін жалғастырып, Сирияны 24 жылдан астам уақыт басқарды. Алғашқы жылдары ол елді жаңғыртатын жас реформатор ретінде көрсетілді. Көп ұзамай саяси қарсыластарды қудалау, сөз бостандығын шектеу және қауіпсіздік органдарының ықпалын күшейту жалғасты.

2011 жылы Дараа қаласында бір топ жасөспірім мектеп қабырғасына билікке қарсы сөздер жазғаны үшін ұсталып, азапталған. Балалардың босатылуын талап еткен тұрғындар көшеге шықты. Бейбіт шерулерге күш қолданылып, оқиға бүкіл елге тараған көтеріліске ұласты. Артынша Сирияда 14 жылға жуық созылған азаматтық соғыс басталды.

Соғыс кезінде Асад билігіне бейбіт тұрғындарды қасақана атқылау, жаппай қамау, түрмелерде азаптау және күштеп жоғалту жөнінде ауыр айыптар тағылды. Химиялық қаруға тыйым салу ұйымы 2018 жылы Дума қаласындағы тұрғын үйлерге улы хлор толтырылған баллондарды Сирия әскери-әуе күштерінің тікұшағы тастаған деген қорытындыға келді. Шабуылдан 43 адам қаза тапқан. Асад билігі химиялық қару қолданғанын мойындаған жоқ. 

Азаматтық соғыс салдарынан шамамен жарты миллион адам қаза тауып, миллиондаған тұрғын баспанасын тастап кетуге мәжбүр болды. Асад Ресей мен Иранның әскери қолдауымен ел аумағының басым бөлігін бақылауына қайта алған еді.

2024 жылғы желтоқсанда Ахмед аш-Шараа бастаған қарулы топтар қысқа мерзім ішінде Сирияның ірі қалаларын басып алды. Үкімет әскері қарсылық көрсете алмай, Асадтың билігі құлады. Ол отбасымен бірге Ресейге қашып, саяси баспана алды.

2025 жылы Сирия соты Дараадағы 2011 жылғы оқиғаларға байланысты Башар Асадты сырттай қамауға алу туралы ордер шығарған. Жаңа билік Ресейден Асад пен оның інісін Сирияға беруді сұрады. Алайда олар әлі Мәскеуде болғандықтан, өлім жазасы туралы үкім сырттай шығарылған сот шешімі күйінде қалып отыр.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: