Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Біз бәріміз қуыршақпыз түбінде, Басқаруға, бағынуға көндіккен…

06.08.2026, 9:10 51

HALYQLINE.KZ

Өлең өлкесінде өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан ақын Асылзат Арыстанбек Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, Аққұм ауылында туған. Қазір Түркістан қаласында тұрады, 4 баланың анасы. «Бесінші маусым», «Сіз ғана» атты екі поэзия кітабы бар. Антологияларға өлеңдері енген. «Дертті жеңуге болады!» деген психологиялық-мотивациялық кітап шығарған. Отты өлеңдері оқырманның ойын дөп басады.

Бүгін жерлесіміздің бір топ өлеңін «Халық» газеті мен halyqline.kz ақпарат агенттігінің оқырмандарының назарына ұсынып отырмыз.

ҚУЫРШАҚ

Біз бәріміз қуыршақпыз түбінде,

Басқаруға, бағынуға көндіккен.

Қуыршақтар сөйлейді адам тілінде,

Бірақ олар сөйлей алмас өрлікпен.

Қуыршақтар, құлыншақтар қылығы,

Сізге мүмкін көрінеді әдемі.

Ол – кәдімгі саясаттар былығы,

Сайлау алды сабылысқан әлегі.

Сізге, сірә, оны ұғу қиын-ақ,

Нәзік жіппен басқарады нән күштер.

Бес саусаққа бес қуыршақ киіп ап,

Өз тілінде сөйлетеді әртістер.

Иесі емес ой, қиялдың, сананың,

Түр-тұрпаты аумай қалған өзіңнен,

Жанған оттай жылтылдайды жанарың,

Бірақ ұшқын көрінбейді көзіңнен.

Ауыз да бар, сүп-сүйкімді оймақтай,

Тілге бірақ танытыпты сараңдық.

Саясаттың тереңіне бойлатпай,

Сахнада ойнатады алаң қып.

Шыға алмайсың белгілі бір қалыптан,

Сценарийге бағынасың әуелгі.

Сахнаны биік қойып халықтан,

Тек әртістер басқарады әлемді.

Ұйқыдамыз, сияқтымыз айкезбе,

Ә, айтпақшы, жанымыз бар рухсыз.

Саясаттың сахнасы кей кезде,

Бізбен тіпті ойнауға да құлықсыз.

Көшірмесі ғана сынды тәніміз,

Айтшы өзің «Адаммын!» деп жар сап пе ең?

Олай болса, қуыршақпыз бәріміз,

Бізді біреу басқарады саусақпен.

Қане досым, кіріс енді ісіңе,

Жаратпайды ол жатып ішер жалқауды.

Білек емес, саусағының күші де,

Сені мыжып жіберуге қауқарлы.

Ұнатпаса, ойна, жыла басқаша,

Көрінуі керек мұнда сан қырың.

Сахнадан кете алмайсың ешқашан,

Ол драма – сенің мәңгі тағдырың.

***

Қадіріне жеткен кезде бес күннің,

Кешіре алмай өзімді-өзім кештім мұң.

Кере-кере кеудем бір күн тесілді,

Көргім келмей табалауын ешкімнің.

Сөйтіп-сөйтіп сансыраған күйге ендім,

Достарымның мысқылына түйрелдім.

Ұстамыма қарсы келіп тұрса да,

Дұшпанды да кешіруді үйрендім.

Жаман доспен қайтем босқа өшігіп,

Жақсылыққа ашық дәйім есігім.

Өзгелердің қателігі үшін де,

Өзім кейде сұрай салам кешірім.

Бақ күшімнен тастың өзі еріген,

Дақ түсірмей өтсем деп ем тегіме.

Қателікпен жаза бассам, адамдар,

Кешіріңдер мені де!

***

Ұртым: бұлтың-бұлтың,

Күлкім: жыртың-жыртың.

Тілім: тілім-тілім,

Дінім: ырың-жырың.

Кәсібім: қылтың-сылтың,

Нәпсім: жылтың-жылтың.

Құбылам: базар маңы,

Базарым: қарын қамы.

Ұлым: мең-зең,

Қызым: кердең.

Миым: мәңгүрт,

Ойым: өлген.

Ошағым: ойран,

Отбасым: майдан.

Ақылдан асты

Алпыс екі айлам.

Ақшам: құнсыз,

Бақшам: гүлсіз.

Халық: қажыған,

Билік: «мінсіз».

Баспанам: жоқ!

Астанам: тоқ!

Өзегім: өрт,

Жүрегім: шоқ!

Жазғаным: «жесір»,

Көргенім: кесір.

Өмірдің мынау

Айтамын несін?!

***

Өз-өзіме көрінем неге бөтен?

Ауыр ойды санама қорек етем.

Белге қатын Асылзат аздық етіп,

Елге момын Асылзат керек екен.

Бұлтыңдай да алмаппыз бөксе қағып,

Билікке ойын керек, көпке сауық.

Өлшеміне сай келмей саясаттың,

Омырауымды отырмын Көкке сауып.

Құрлықтарға әшейін құр мақтанбыз,

(Өзіме – сау, өзгеге – жын қаққан қыз).

Жарасына тұз сепкен Кеңестенбіз,

Жатырына мұз қойған ұрпақтанбыз.

Жемқордың дәметеміз жемсауынан,

Кіл «мықты» мінбелерде құр сабылған.

Аштықтың емшегінен у емгесін,

Мастықтың шыға алмаймыз құрсауынан.

Кейінгіні десем де ойландырсын,

Өлең жазып өшіккен айлам құрсын!

Уызына жарымай өскен ұрпақ,

Уәдесінде Құдай-ау, қайдан тұрсын!

Құлқыны қашан тояр көкелердің?

Ауасын жұтып жүрміз бөтен елдің.

Тілімнің үзілгесін қан тамыры,

Тілі шықпай қалды ғой бөпелердің!

Биліктің тастағандай миын күреп,

Жиналыста отырар иін тіреп.

Қарызға бата берсең қуанады,

Аурудан айықпауың тиімдірек.

Опынғаным құрысын төбем құлап,

Отырғаным құрысын өлең құрап,

Төрдегі төрелерден қайран жоқ-ау,

Тәңір тағы қолдайды, сенем бірақ.

Асылзат  АРЫСТАНБЕК

Фото: ашық дереккөзден

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: