Қызылорда облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті қаржы пирамидасын ұйымдастыру дерегін анықтап, оның заңсыз қызметіне тосқауыл қойды.
Аталған қылмыстық іс Қызылорда қалалық сотында Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 217-бабының 3-бөлігінің 2) тармағы (қаржы (инвестициялық) пирамидасын ұйымдастыру және оған басшылық ету, аса ірі көлемде ақша қаражатын тарту) бойынша қаралды.
Сотта анықталғандай, сотталушы заңсыз пайда табу мақсатында қаржы пирамидасының қызметін ұйымдастырып, азаматтардың ақшалай қаражатын заңсыз тартқан. Сенімге кіру үшін анасының атына бірнеше екінші деңгейлі банкте жеке кәсіпкерлікке арналған шоттар ашқызып, оларды өз қызметінде пайдаланған.
Сонымен қатар, ол әйелдер киімін сататын дүкен ашып, әлеуетті салымшылармен байланыс орнатқан. Кейін «WhatsApp» мессенджерінде «Бай Қыздар» атты топ құрып, «Fari_Invest» инвестициялық жобасы арқылы салынған қаражатқа жоғары табыс төленетінін, сондай-ақ белгілі бір мөлшерде қаржы салған азаматтарға алтын бұйымдар мен «iPhone» ұялы телефоны сыйлыққа берілетінін уәде еткен.
Жаңа салымшыларды тартқан қатысушыларға қосымша сыйақы берілетінін хабарлап, азаматтардың сеніміне кіріп, олардың қаражатын жеке басының пайдасына пайдаланған.
Сот үкімімен азаматша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 217-бабының 3-бөлігінің 2) тармағымен кінәлі деп танылып, азаматтардың ақшалай қаражаты мен инвестицияларын тартуға байланысты қызметпен айналысу құқығынан 7 жылға айырылып, 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды.
Жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша төмен мекемесінде өтеу белгіленді.
Сонымен бірге, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 74-бабының 1-бөлігі қолданылып, сотталғанның он төрт жасқа толмаған баласының болуына байланысты жазаны өтеу 5 жылға дейін, бірақ баласы 14 жасқа толғаннан асырмай кейінге қалдырылды. Осы кезеңде оған пробациялық бақылау белгіленіп, Қызылорда қалалық пробация қызметінің бақылауына жүктелді.
Сот жәбірленушілердің азаматтық талаптарын толық көлемде қанағаттандырып, сотталғаннан келтірілген материалдық залалды өндіру туралы шешім қабылдады. Сондай-ақ мемлекет пайдасына мемлекеттік баж және Жәбірленушілерге өтемақы қорына заңда белгіленген мөлшерде міндетті төлем өндірілді.
Заттай дәлелдемелер, заңды иелеріне қайтарылуға жататын мүліктер қайтарылды. Қалған заттай дәлелдемелер қылмыстық іс материалдарымен бірге сақталатын болды. Бұған дейін тыйым салынған кейбір мүліктерге қойылған шектеулер алынды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!