Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ақтауда қызға тап берген ер адам 30 тәулікке қамалды

04.08.2026, 11:00 56

Ақтау соты қала жағалауында қызға күш көрсетіп, соңынан қуған ер адамды 30 тәулікке әкімшілік қамауға алды, деп хабарлайды halyqline.kz.

Оқиға 2 тамызда болған. Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбалардың бірінде ер адамның қызды басынан ұстап тұрғаны көрінеді. Кейін ол бойжеткеннің соңынан тасжолға дейін қуып, көлікке отырған сәтінде де тоқтамаған. Жазбалардың бірінде қызға зорлық жасайтынын айтып қорқытқаны естіледі.

Іс келесі күні Ақтау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотында қаралды. Ер адам кінәсін толық мойындаған.

Сот оны Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 2-бөлігі бойынша ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп таныды. Аталған бап 60-тан 100 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тартуды немесе 15-тен 30 тәулікке дейін әкімшілік қамауды көздейді. Сот ең жоғары жаза тағайындаған.

Құқық бұзушының кінәсі полиция қызметкерінің баянаты, әкімшілік хаттама, медициналық куәландыру қорытындысы және оқиға орнындағы бейнежазба арқылы дәлелденген. Сот қаулысы әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Маңғыстау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жанжалға екі ер адам мен бір қыз қатысқан. Ер адамдардың біріне қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: