Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Өрттің алдын алу – ортақ міндет

04.08.2026, 8:20 52

HALYQLINE.KZ

Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз конференциясында Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасұлан Түйменов өңірдегі өрт қауіпсіздігі ахуалы туралы баяндап, тұрғындарды қарапайым қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырды.

Спикердің айтуынша, облыста тіркелетін өрт оқиғаларының басым бөлігі тұрғын үй секторында, автокөліктерде, орман қоры аумақтарында, түрлі нысанда және өзге санаттағы объектілерде болады. Жүргізілген талдау нәтижесі бойынша өрттердің жартысына жуығы электр желілерінің тозуы мен ақаулы электр құралдарын пайдаланудан туындаған.

Сонымен қатар тұрғын үй секторындағы өрттердің негізгі себептері – электр желілерінің ақауы, ашық отты абайсыз пайдалану және темекі тұқылын толық сөндірмей тастау фактілері.

– Талдау көрсеткендей, өрттердің едәуір бөлігі қарапайым қауіпсіздік талаптарының сақталмауынан болып отыр. Сондықтан әрбір азамат электр желілерінің жарамдылығына мән беріп, ашық отты абайлап пайдаланып, өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауы қажет. Өрттің алдын алу әркімнің өзінен басталады. Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзған азаматтарға қатысты заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Жыл басынан бері 596 әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырылып, жалпы сомасы 11,4 миллион теңгеден астам айыппұл салынған, — деді Жасұлан Қалдыбайұлы.

Қызылорда облысындағы мемлекеттік орман қорының жалпы көлемі 7,3 миллион гектарды құрайды. Оның 3,9 миллион гектары орманды алқап болса, тіркелген өрттердің негізгі бөлігі жергілікті атқарушы органдардың қарауындағы орман алқаптарында болған.

Өрттің алдын алу мақсатында Төтенше жағдайлар департаменті күнделікті профилактикалық жұмыстарды күшейткен.

— Бүгінгі күнге дейін 200-ден астам бірлескен рейд ұйымдастырылып, 10 мыңнан астам тұрғынға түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар халық арасында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру үшін бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы ауқымды ақпараттық жұмыстар атқарылуда. Жыл басынан бері осы бағытта 4029 ақпараттық материал жарияланды, — деді спикер.

Жасұлан Түйменов тұрғындарды өрт қауіпсіздігі талаптарына жауапкершілікпен қарап, өз өмірі мен жақындарының қауіпсіздігі үшін қарапайым сақтық шараларын ұстануға шақырды. Мамандардың айтуынша, өрттің алдын алу – материалдық шығынды ғана емес, адам өмірін сақтап қалудың ең тиімді жолы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: