Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Биыл Қазалы ауданында 4 ауыл «көгілдір отынға» қосылмақ

29.07.2026, 17:40 58

HALYQLINE.KZ

Биыл Президентіміздің, Үкіметтің және аймақ басшысының қолдауымен республикалық бюджеттен жалпы көлемі 680 млн теңге қаржы бөлініп, Қазалы ауданындағы Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл және Ү.Түктібаев ауылдарына орамішілік газ желілерін жүргізу жұмыстары басталған болатын. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі ақпарат таратты.

Бүгін аудан әкімі Алмасбек Есмаханов елді мекендердегі орамішілік газ желілерін жүргізу жұмыстарының сапасын бақылап, мердігер мекемелердің жауапты өкілдерімен және ауыл тұрғындарымен кездесті.

Кездесу барысында аудан әкімі Президентіміздің, облыс әкімінің қолдауымен жүзеге асып жатқан бір мезетте 4 ауылға газ жүргізу жұмыстары бұл ауқымды жобалардың бірі екендігін айтып, мердігер мекемелерге құрылыс жұмыстарының сапалы әрі мерзімінде аяқталуы басты талап екенін ескертті. Сондай-ақ ауылдарды «көгілдір отынмен» қамту жұмыстарын күзге дейін толықтай аяқтап, күзде 4 елді мекенді бір мезетте газға қосу жоспарланып отырғандығын жеткізді.

Алдағы уақытта аталған 4 ауыл толықтай «көгілдір отынға» қосылғаннан кейін 1300-ге жуық тұрғын үй мен 25 әлеуметтік нысан табиғи газбен қамтылып, 7000-нан астам тұрғын «көгілдір отынның» игілігін көрмек. Сонымен қатар, кәсіпкерлік нысандар да табиғи газға қосылатын болады.

Аудан басшысы ауыл әкімдеріне мердігерлермен бірлесіп жұмыс жүргізуді тапсырып, елді мекендердегі санитарлық тазалық пен көркейту жұмыстарына да ерекше мән беруді тапсырды. Ауылдардың санитарлық тазалығы бойынша анықталған кемшіліктерді шұғыл түрде қалпына келтіру жөнінде нақты тапсырмалар берді.

Айта кетейік, Бекарыстан би, Майдакөл және Ү.Түктібаев ауылдарын «көгілдір отынмен» қамту жұмыстарымен мердігер мекеме «AsiaStroy KZ» ЖШС, ал Жанқожа батыр ауылындағы жұмыстармен «Сырэнергогазстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мекемесі айналысуда. Аталған 4 ауыл толықтай «көгілдір отынға» қосылғаннан кейін аудан бойынша тұрғындарды газбен қамту көрсеткіші 86,3 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.

Бұдан бөлек Қазалы ауданында елді мекендерді газдандыру бойынша жалпы жалпы құны 4,5 млрд теңгені құрайтын Жанкент, Бірлік, Қожабақы, Аранды ауылдарына магистарльды газ желілерін жеткізуге жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алынды. Сондай-ақ Майлыбас ауылдық округіне қарасты Ақсуат ауылына автоматтандырылған газ тарату стансасын (АГТС) салуға және Ақсуат, Байқожа елді мекендеріне орамішілік газ желілерін жүргізуге жоба-сметалық құжаттары әзірленді. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстарда кезең-кезеңімен жүзеге аспақ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: