Қызылорда қаласының әкімі Нұржан Ахатов жартыжылдық қорытындысында экономиканы әртараптандыру мақсатында қолға алынған инвестициялық жобаларды атап өтті.
– Жыл басынан бері «Марал Нұр» серіктестігінің жолаушы вагондарын жөндеу және техникалық қызмет көрсетуге арналған жаңа өндірістік кешені пайдалануға берілді. Жобаның нәтижесінде 100 жаңа жұмыс орны ашылды. Кешеннің қуаттылығы жылына 600-ден астам жолаушы вагонына техникалық қызмет көрсетуге мүмкіндік береді, – деді ол. Жоба құны 5,6 миллиард теңге.
«Алаш Метан» серіктестігінің метан газ құю бекеті бар жол бойындағы қызмет көрсету кешені де іске қосылған. 650 миллион теңгеге бағаланған нысан жол бойы сервистік қызметтің сапасын арттыруға бағытталған.
Өңдеу өнеркәсібінде «Rem Plast Invest» серіктестігі 559 миллион теңгеге жылына 5,4 мың қағаз және картон шығаратын зауыт салып жатыр. Құрылыс қараша айында аяқталады. Агроөнеркәсіп кешенінде «Қызылорда Құрылыс НК» серіктестігінің 800 басқа арналған тауарлы сүт фермасының құрылысы қарқын алды. Жоба құны 7,5 миллиард теңге.
– Биыл мамыр айында жалпы құны 104,1 млрд. теңгені құрайтын испаниялық инвестор «Рока Қазақстан» ЖШС-нің санитарлық-техникалық жабдықтар өндіретін және «Seven Rivers Technologies» ЖШС-нің неміс технологияларын пайдалана отырып шыны ыдыстар шығаратын зауыт салу жобаларына капсула салу рәсімі өтті. Жобалардың құрылыс жұмыстары басталып кетті. Бұл бастамалар жүзеге асқанда 600 жаңа жұмыс орны ашылатын болады, – деп мәлімдеді қала әкімі.
Испан инвесторының жобасы 44,1 миллиард теңгеге, шыны ыдыс зауыты 60 миллиард теңгеге бағаланған. Туризм саласында «Rixos», «Ibis» және «Pana» қонақ үйлерінің құрылысы жүріп жатыр.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!