Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Әділ сөз» қорына жаңа президент сайланды

20.07.2026, 12:00 106

Тәуелсіз журналист, медиасарапшы Нәзира Дәрімбет «Әділ сөз» халықаралық сөз бостандығын қорғау қорының президенті болып сайланды. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді. Нәзира Дәрімбет журналистика саласында 15 жылдан астам еңбек етіп келеді. Әр жылдары «Азат» газетінің бас редакторы, «Республика» медиажобасының саясат және қоғам бөлімінің редакторы, Ratel.kz сайтының шолушысы қызметтерін атқарған. Сондай-ақ медиасын мен сөз бостандығы мәселелерін тұрақты зерттеп жүрген сарапшы ретінде танылған. 

Жаңа қызметіне қатысты пікір білдірген Нәзира Дәрімбет өзіне артылған сенімнің үлкен жауапкершілік екенін атап өтті.

– Бүгіннен бастап «Әділ сөз» халықаралық сөз бостандығын қорғау қорының президенті болып сайландым. Мен үшін бұл үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік. Маған сенім білдірген қордың құрылтайшылары мен Қамқоршылық кеңес мүшелеріне алғысымды білдіремін және бұл сенімді ақтауға бар күшімді саламын», – деп жазды ол.

Нәзира Дәрімбеттің айтуынша, қазіргі таңда қазақстандық журналистер сот және әкімшілік қысыммен қатар, кибершабуыл, әлеуметтік желідегі аккаунттардың бұғатталуы, онлайн қудалау секілді жаңа цифрлық қатерлерге де тап болып отыр. Сондықтан қордың көп жылдан бері қалыптасқан тәжірибесін сақтай отырып, қызметін заман талабына сай жаңа деңгейге көтеру маңызды екенін жеткізді.

Сондай-ақ ол қордың негізін қалаушы әрі алғашқы президенті Тамара Калеева қалыптастырған қағидаттар мен құндылықтар алдағы жұмыстың басты бағдары болып қала беретінін айтты.

Еске салайық, бұған дейін «Әділ сөз» қорының президенті Қарлығаш Жаманқұлова өкілеттігін тоқтататынын мәлімдеп, мүдделер қақтығысына жол бермеу мақсатында қор құрылтайшыларының құрамынан шығу туралы өтініш берген еді. 

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: