Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхайдағы жұмыс сапары аясында Таиланд Премьер-министрі Анутин Чарнвиракулмен кездесу өткізді.
Кездесу барысында Мемлекет басшысы Қазақстанның Таиландты Азия өңіріндегі маңызды серіктестерінің бірі ретінде қарастыратынын атап өтті. Сондай-ақ екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және өзара тиімді байланыстарды дамытуға мүдделі екенін жеткізді.
Президенттің айтуынша, Қазақстан мен Таиланд арасындағы экономикалық ықпалдастықтың әлеуеті жоғары. Биылғы жылдың алғашқы төрт айында екі ел арасындағы тауар айналымы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 76 пайызға өсіп, 110 миллион доллардан асты.
– Бұл көрсеткішті әлі де арттыруға толық мүмкіндік бар. Әсіресе, аграрлық өнімдер экспортын ұлғайту арқылы сауда-саттық көлемін айтарлықтай арттыруға болады, – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы кәсіпкерлер үшін қолайлы жағдай қалыптастыру мақсатында екі ел үкіметтері арасындағы өзара іс-қимылды жандандырудың маңыздылығына тоқталды.
Кездесуде туризм саласындағы ынтымақтастық мәселесі де сөз болды. Қазіргі таңда Таиланд қазақстандықтар үшін ең танымал туристік бағыттардың бірі саналады. Өткен жылы бұл елге 150 мыңнан астам қазақстандық барған.
Өз кезегінде, Қазақстан да Таиланд азаматтарына бірегей туристік мүмкіндіктер ұсына алады. Атап айтқанда, еліміздің қысқы туризм әлеуеті шетелдік саяхатшылар үшін ерекше қызығушылық тудырады.
Тараптар алдағы уақытта сауда-экономикалық және туристік байланыстарды кеңейтуге, сондай-ақ өзара тиімді әріптестікті жаңа деңгейге көтеруге ниетті екендерін білдірді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!