Арал ауданының әкімі Аманжол Оңғарбаев жұмыс сапарымен Ақирек ауылдық округіне барып, 12 шілдеде өткен әкім сайлауының қорытындысы бойынша қайта сайланған ауылдық округі әкімі Қайрат Қайроллаұлы Аманжоловты құттықтап, ауыл тұрғындарына ресми түрде таныстырды.
Ауылдық округ әкімдігі ғимаратында өткен кездесуде аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Н.Зағатов сайлау қорытындысын жариялап, басым дауысқа ие болған Қайрат Қайроллаұлы Аманжоловтың Ақирек ауылдық округінің әкімі болып қайта сайланғанын хабарлады. Сонымен қатар жаңадан сайланған әкімге қызметтік куәлігі табысталды.
Жиын барысында аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы қайта сайланған әкімге тұрғындардың сенімін ақтап, елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беру, халықтың талап-тілегіне дер кезінде көңіл бөліп, өзекті мәселелерді жүйелі түрде шешу бағытында нәтижелі жұмыс жүргізуді жалғастырудың маңызын атап өтті. Сондай-ақ ауылдағы қордаланған мәселелерді уақыт оздырмай шешуге қатысты нақты міндеттер жүктеді.
Ауыл тұрғындарымен болған кездесуде ақсақалдар сөз алып, сайлаудың заң талаптарына сай ашық әрі әділ өткенін айтып, қайта сайланған әкімге сәттілік тілеп, ел игілігі жолындағы еңбегіне табыс тіледі.
Кездесу барысында тұрғындар тарапынан ауылдың инфрақұрылымы мен әлеуметтік жағдайына қатысты бірқатар мәселелер көтерілді. Аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы ауылға қатысты түйткілді мәселелердің назарда екенін айтып, оларды кезең-кезеңімен шешу үшін тиісті жұмыстар жүргізілетінін жеткізді. Сонымен қатар ауыл әкіміне елдің әлеуметтік-экономикалық ахуалына байланысты бірқатар міндеттер жүктеді.
Жұмыс сапарының соңында аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы ауыл тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдап, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!