Байқоңыр ғарыш айлағынан екі ресейлік ғарышкер мен NASA астронавты мінген «Союз МС-29» ғарыш кемесі сәтті ұшырылып, белгіленген орбитаға шықты. Кеме қысқа маршрут арқылы Халықаралық ғарыш станциясына (ХҒС) бет алды, деп хабарлайды halyqline.kz тілшісі inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.
«Союз МС-29» Байқоңырдан Халықаралық ғарыш станциясына ұшырылдыФото: бейнежазбадан
Экипаж құрамында «Роскосмос» ғарышкерлері Петр Дубров пен Анна Кикина, сондай-ақ NASA астронавты Анил Менон бар. Дубров пен Кикина үшін бұл – ғарышқа екінші сапар болса, Анил Менон алғаш рет орбитаға аттанды.
Ұшырылым алдында экипаж Байқоңырдағы «Космонавт» қонақүйінде бірнеше күн болып, көп жылдан бері сақталып келе жатқан дәстүрлерді орындады. Ғарышкерлер бөлме есіктеріне қолтаңба қалдырып, ұшар алдында дәстүрлі түрде «Шөлдегі ақ күн» фильмін тамашалады.
Астана уақытымен сағат 19:47-де №31 ұшыру алаңынан «Союз-2.1а» зымыраны көкке көтерілді. Шамамен тоғыз минуттан кейін «Союз МС-29» кемесі зымыранның үшінші сатысынан ажырап, орбитаға сәтті шықты.
Жоспарға сәйкес, ғарыш кемесі Жерді екі рет айналып өтіп, бірнеше сағат ішінде Халықаралық ғарыш станциясының Ресей сегментіндегі «Причал» модуліне автоматты түрде түйіседі.
Экипаж алдымен ХҒС-тың 74-ұзақ мерзімді экспедициясының құрамына қосылып, кейін жұмысын 75-экспедиция аясында жалғастырады. Ғарыш миссиясы 261 тәулікке жоспарланған, ал экипаждың Жерге 2027 жылдың көктемінде оралуы күтіледі.
Экспедиция барысында ғарышкерлер ғылыми зерттеулер жүргізіп, станциядағы жоспарлы жұмыстарды атқарады. Бағдарламаға жартылай өткізгіш кристалдарын өсіру, адамның қан айналымы жүйесін зерттеу, жасанды интеллект көмегімен ультрадыбыстық диагностика жүргізу және биопринтер арқылы қан тамырлары құрылымдарын жасау секілді тәжірибелер енгізілген.
Айта кетейік, ұшырылымды NASA басшысы Джаред Айзекман да тамашалады. Бұл – америкалық ғарыш агенттігі басшысының Байқоңырға соңғы сегіз жылдағы алғашқы сапары болды.
Фото: бейнежазбадан
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!