Бүгінде өңірде «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында шалғай елді мекендердегі өрт қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.
Өткен жылы аталған бағдарлама аясында Қазалы ауданына қарасты Ақсуат ауылында өрт сөндіру бекеті ашылса, биыл маусым айында Жанқожа батыр ауылында да өрт сөндіру бекеті пайдалануға берілді.
Сонымен қатар, Қызылқұм, Майдакөл, Аранды және Майлыбас ауылдық округтерінде арнайы өрт сөндіру автокөліктерімен және 7 штат бірлігімен қамтамасыз етілген өртке қарсы құрылымдар жұмыс істеуде.
Аудан әкімі Алмасбек Есмаханов Қызылқұм, Майдакөл, Аранды және Майлыбас ауылдық округтеріндегі ауыл құтқарушыларына аудандық бюджет есебінен сатып алынған арнайы жауынгерлік киімдерді табыстады.
Бұдан кейін аудан әкімі Әйтеке би кентіндегі су құбыры желісіндегі өрт сөндіру гидранттарының жай-күйін көрді. «Арал-Сарыбұлақ топтық су құбырын пайдаланушы» мекемесінің аудандық бөлімшесінің басшысына аудандық төтенше жағдайлар бөлімімен бірлесіп аудан аумағындағы өрт сөндіру гидранттарының техникалық жай-күйіне тұрақты түрде тексеру жүргізуді және олардың кез келген уақытта жарамды күйде болуын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.
Аудан басшысы Қазалы қаласындағы №15 өрт сөндіру бөлімі мен «Қазалы орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің» өртке қарсы техникаларының да дайындығын көрді.
Қазіргі таңда Қазалы қаласындағы №15 өрт сөндіру бөлімінде 2 арнайы техника және 22 өрт сөндіруші қызмет атқарады. Ал «Қазалы орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінде» 2 ХТЗ-150 тракторы, 1 «Беларус» тракторы, 2 УАЗ автокөлігі және 3 өрт сөндіру автокөлігі бар. Алдағы уақытта мекеме тағы бір өрт сөндіру автокөлігімен толықтырылмақ.
Аудан әкімі өрт сөндіру мекемелері мен олардың материалдық-техникалық базасымен танысқаннан кейін аудандық төтенше жағдайлар бөлімі мен тиісті сала басшыларына аудан орталығы мен елді мекендерде, далалық аумақтарда өрт оқиғасы орын алған жағдайда барлық арнайы техниканың толық дайын болуы тиіс екенін қатаң ескертті.
Айта кетейік, 2025 жылы ауданда 32 өрт оқиғасы тіркелсе, 2026 жылдың алғашқы 6 айында 15 өрт оқиғасы орын алған.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!