Халықаралық сөз бостандығын қорғау Әділ сөз қорының президенті Қарлығаш Жаманқұлова өз өкілеттігін тоқтататынын мәлімдеді, деп хабарлайды Halyqline.kz.
Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазып, қордың өмір жолының әр кезеңінде өзіне жақын болғанын атап өтті. Оның айтуынша, студент кезінде қор ұйымдастырған тренингтерге қатысқан, кейін журналистік қызметінің алғашқы жылдарында ұйымның сараптамалық материалдары мен әдістемелік құралдарын пайдаланған. Ал халықаралық ұйымдарда еңбек еткен кезеңінде қордың жобаларына қолдау көрсетуге мүмкіндік алған.
Қарлығаш Жаманқұлова «Әділ сөз» қорының сөз бостандығын қорғау бағытында бірегей сараптамалық және талдамалық база қалыптастырып, медиа саласы өкілдері арасындағы кәсіби диалогты дамытуға, заңнаманы жетілдіруге және журналистердің мүмкіндіктерін кеңейтуге елеулі үлес қосқанын атап өтті.
Сондай-ақ ол қорды басқарған соңғы үш жылды өзі үшін тұтас бір дәуірмен теңестіріп, бұл кезең елдің медиа кеңістігіне, оның мүмкіндіктері мен сын-қатерлеріне жаңаша көзқараспен қарауға мүмкіндік бергенін жеткізді.
«Әділ сөз» қорының ұжымына, серіктестері мен еліміздің барлық өңірлеріндегі әріптестеріне алғыс айтқан Қарлығаш Жаманқұлова қор президенті өкілеттігін тоқтату туралы өтінішін құрылтайшылар жиналысына жолдағанын хабарлады.
Оның айтуынша, бұл шешім өзінің Құрылтай сайлауына кандидат ретінде ұсынылуына байланысты рөлдер қақтығысының туындауына жол бермеу мақсатында қабылданған.
Жақын уақытта қор құрылтайшылары ұйымның жаңа президентін сайлап, тиісті шешімді ресми түрде жариялайды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!