Қазыналы Қазалы – өндірісі өркендеп, экономикасы артып, әлеуеті дамып жатқан аудан. Тарихы терең бұл өлкенің бүгінде даму қарқыны жоғары.
Өңірдің солтүстік беткейінде тұғыр тепкен аудан халқының ауызбіршілігі бекем. Мұнда қай саланы алып қарасаңыз да, қылаудай шикілік таппайсыз. Құдды бір қыздың жиған жүгіндей тап-тұйнақтай болып тұр. Тақтайдай тегіс жолдар, самаладай жарқыраған түнгі жарық шамдар, сонау жерден көз тартар балалар ойын алаңы, сарбаздай сап түзеген тұрғын үйлер бәрі-бәрі көңіл құсын көкке шарлатады. Тіршілік қазаны қыж-қыж қайнаған бұл ауданды көпшілік екінші Түркістан деп атап кеткені сондықтан болар бәлкім.
Сексен мыңға жуық халқы бар қазыналы ауданда атқарылып жатқан игі іс, жағымды жаңалық жетерлік. Бұл ел игілігі жолындағы ортақ еңбектің жемісі екені хақ.
Бүгінде Қазалы ауданында әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны тұрақты сақталып келеді. Биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында ауданның негізгі салаларында оң өсім қалыптасып, бірқатар маңызды жоба жүзеге асырылуда.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Қазалы ауданының әкімі Алмасбек Есмаханов хабарлады.
Оның айтуынша, алты айдың қорытындысында ауданда өнеркәсіп, өңдеу өнеркәсібі, сауда, ауыл шаруашылығы, инвестиция тарту, құрылыс және тұрғын үй салаларында өсім қарқыны байқалды. Сонымен қатар, ауданның өз кірістері жоспардан жоғары орындалып, жергілікті бюджеттің тұрақтылығы қамтамасыз етілді.
Қазалы бүгінде кәсіпкерлік әлеуеті жоғары аудандардың біріне айналып отыр. Ауданда шағын және орта бизнес субъектілерінің саны артып, жаңа кәсіпкерлік нысандары ашылуда. Бұл жергілікті жұртшылықтың әлеуетінің артуына оң септігін тигізбек. Жеңілдетілген несиелер мен мемлекеттік қолдау тетіктерінің арқасында өндіріс пен қызмет көрсету салаларында да жаңа жобалар іске қосылып, тұрғындар тұрақты жұмыспен қамтылуда. Мұның игілігін жастар да жақсы пайдаланып, өз кәсіптерін қолға алуда.
– Инвестициялық жобалар да аудан экономикасына серпін беруде. Соның ішінде Басықара ауылындағы тауарлы балық өсіру тоғанының құрылысы өңірдің балық шаруашылығын дамытуға бағытталған ірі жобалардың бірі саналады. Жоба толық іске қосылғаннан кейін ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етуге өз үлесін қоспақ. Ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруда «Ауыл аманаты» бағдарламасының да маңызы зор. Бағдарлама аясында көптеген тұрғын өз кәсібін бастап, жаңа жұмыс орындары ашылуда. Биыл да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып, ауыл кәсіпкерлеріне қолдау көрсетілуде, — деді аудан әкімі.
Аймақта ауыл шаруашылығы кең көлемде дамыған аудан – осы Қазалы.
Биыл аудан диқандары 12 мың 245 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын егіп, оның ішінде күріш дақылы 2447 гектар жерге орналастырылды. Сонымен қатар, дәнді дақылдар 2837 га, майлы дақылдар 196 га, картоп, көкініс, бақша 2293 га, мал азықтық дақылдар 7119 гектар жерге себілді. Табиғи ауыл шаруашылық өнімін дамытқан аудан халқы егіс көлемін жыл сайын жақсы жолға қойып, жыл қорытындысымен межелі мүддеден шығып келеді.
– Ауданымызда есепті кезеңде Ресей, Грузия, Польша, Англияға, Дания, Германия, Түркия, Қытай, Литва, Нидерланды елдеріне 167,2 тонна күріш, 444 тонна балық, 1 791,8 тонна қамыс, жалпы 2 403 тонна өнім экспортқа шығарылды. Бүгінде аудан бойынша мал басында да өсім бар. Инженерлік-инфрақұрылым жобасы жолға қойылған. Ауданымызда халықтың өмір сүру сапасын жақсарту үшін баспанамен қамту, сапалы инфрақұрылым жүргізу жұмыстары жалғасуда. Өткен жылы Сарбұлақ, Шилі, Шәкен және Шитүбек елді мекендерін ауызсумен қамтамасыз ету жұмыстарына мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес мемлекетке қайтарылған активтер есебінен, республикалық, облыстық және арнайы есеп шоттан, барлығы 1,5 млрд теңге қаржы бөлініп, нәтижесінде аудан халқы 100 пайыз таза ауызсумен қамтылды, — деді Алмасбек Әбілқасымұлы.
Баспасөз мәслихатында аудан тұрғындарын электр энергиямен қамту бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылып жатқаны да сөз болды.
Биыл Қазалы қаласының электр желілерін толық жаңғырту жұмысын жалғастыруға (2024 жылы 110,1 млн тг, 2025 жылы 336,7 млн тг) 132,5 млн теңге қаражат бөлініп, жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 442,8 млн теңгеге Қожабақы ауылының және 242,8 млн теңгеге Ү.Түктібаев ауылының электр желілерін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, бүгінде елді мекен тұрғындары жаңа электр желілерінің игілігін көріп жатқанын атап өтті. Мұнымен қоса жақын күндері Құмжиек және Қарашеңгел ауылдарының электр желілерін 100 пайыз толық жаңғыртылатыны хабарланды.
– Ал, биыл республикалық бюджеттен бөлінген 680 млн теңге қаржы есебінен Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл және Түктібаев ауылдарында орамішілік газ желілерінің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Атап айтқанда, Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл, Түктібаев ауылдарына тиісті қаржысы бөлінді. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, құрылыс жұмыстары белгіленген мерзімде аяқталып, қазан айында аталған төрт ауыл «көгілдір отынға» қосылады деп жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта Қазалы ауданында халықты табиғи газбен қамту деңгейі 77,6 пайызды құрайды. Жоспарланған 4 ауыл толықтай газ желісіне қосылғаннан кейін бұл көрсеткіш 86,3 пайызға дейін өседі, — деді аудан басшысы.
Ауданда көптен қолға алынған «Қарлан» көпірінің жұмысын жалғастыруға 758,4 млн теңге бөлініп, жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі уақытта көпірдің негізгі тірек бөліктерін орнату және бетонтіреулерін құю жұмыстары атқарылуда. Көпір құрылысы жыл соңына дейін аяқталып, ел игілігіне пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Баспана мәселесі – қай кезде де күн тәртібінен түспейтін өзекті тақырып. Қазіргі уақытта аудан бойынша тұрғын үйге кезегінде барлығы 3374 адам тіркелген. Жыл сайын заңдылақтарға сәйкес кезек реттілігімен табысталып келеді.
– Бүгінде Қазалы ауданындағы 125 жылдық тарихы бар теміржол вокзалы күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді. Білім саласы бойынша биылғы оқу жылында ауданымызда 1015 түлек мектеп бітірді. Оның ішінде 943 оқушы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, 1015 түлектің 99-ы «Алтын белгі», 116-ы «Үздік аттестат» иегері атанды. Денсаулық сақтау саласы бойынша елді мекендердегі денсаулық сақтау ұйымдарына 26 дана жедел жәрдем автокөлігі табысталып, ауданда санитарлық автокөлікпен қамту мәселесі толыққанды шешілді. Жастарды қоғамдық пайдалы еңбекке тарту мақсатында биыл «Жасыл ел» еңбек жасағы аясында барлығы 110 жас маусымдық еңбекке тартылуда. Жасақ мүшелері ауданның санитарлық тазалығы мен көгалдандыру жұмыстарына белсенді қатысуда. Аудан тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуде Қазалы аудандық полиция бөліміне 7 автокөлік берілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Күшті Президент, ықпалды Құрылтай, еститін Үкімет» қағидалары, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы шеңберінде жүйелі жұмыстар атқарылуда. Ағымдағы жылдың 6 айында аудан әкімі аппаратына жеке және заңды тұлғалардан барлығы 990 өтініш келіп түскен. Өтініштер бойынша толықтай зерделеу жұмыстары жүргізіліп, олардың орындалуына қатаң бақылау жүргізілді. Әрбір мәселе ұдайы назарымда, — деді Алмасбек Есмаханов өз сөзінде.
Қазалы ауданы – қарышты қадамдарымен қарқынды келе жатқан өңір. Бұл – бекем бірлік пен тату тірліктің жемісті нәтижесі. Баспасөз мәслихатында айтылған тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні осыған саяды.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!