Жуырда тіл тарихына қатысты бір дерек ойға қалдырды. Корей тілін зерттеген ғалымдар сол халықтың сөздік қорындағы ең байырғы әрі бай қабат күріш шаруашылығына қатысты екенін айтады, өйткені ғасырлар бойы күрішпен күн көрген елдің тілі де сол кәсіптің төңірегінде иленіп қалыптасқан. Шынында, тіл деген – кәсіптің айнасы. Эскимостың тілінде қар мен мұздың ондаған атауы, араб тілінде түйенің жасы мен түсіне қарай жасалған сан алуан сөз бар. Осыдан кейін еріксіз ойланасың. Ал ғасырлар бойы теңізбен, өзенмен, балықпен күн кешкен Арал мен Сыр бойы қазағының тілінде қандай байлық болды? Сол байлық қайда кетті? Біз дәл осы сұрақтың жауабын іздеп, бір кездері Арал жағалауы мен Сырдария бойында балық кәсібінің төңірегінде қалыптасқан, бүгінде ұмыт бола бастаған сөздер мен сөз тіркестерін зерттеп көрдік. Нәтижесі ойландырады. Теңіз тартылғанда тек балық қана емес, тілдің тұтас бір қабаты да бізден алыстап кеткен екен. Ары қарай оқып көріңіз.
Арал теңізі бір кезде ауданы жағынан әлемде төртінші орында тұрған, мөлдір суы шалқыған айдын болатын. Кәсіп шарықтаған тұста, өткен ғасырдың елуінші жылдары теңізден жылына 48 мың тоннадан астам балық ауланған, бұл сол кездегі бүкіл Кеңес Одағы балық қорының оннан бір бөлігіндей еді. Жағалауда екі балық комбинаты, ондаған балық зауыты мен жетпістей балық қабылдау бекеті жұмыс істеді. Қаратерең, Бөген, Аманөткел, Тастүбек тәрізді ондаған балықшы ауылында мыңдаған жан осы кәсіппен нәпақа тапты. Кеме капитанын, механигін, ау тоқушысын даярлайтын арнайы училище болды. Тіпті тарихта Арал балықшыларының 1921 жылы Еділ бойындағы ашаршылыққа ұшыраған елге он төрт вагон балық жөнелткені жазылған. Бұл оқиға өңірдің мақтанышына айналып, Арал вокзалында арнайы панно болып бейнеленген. Осындай қарқынды кәсіп болған жерде оның тілі де байымай тұрмайды.
Алайда, Әмудария мен Сырдарияның суын мақта мен күріш егісіне шектен тыс бұру теңізді тартылуға айналдырды. Судың азаюы тұздылықты күшейтіп, бір кезде отыздан асатын балық түрі алтауға дейін азайды. Алпысыншы жылдары қырық мың тонна балық берген кәсіп сексенінші жылдардың ортасында мүлде тоқтап, алпыс мыңнан астам адам жұмысынан айырылды. Балықшы әулеттер туған жерін тастап, басқа аймаққа ауа көшті. Дәл осы тұста, кәсіп жойылған сәтте, сол кәсіппен бірге жасасып келген сөздер де тілден шыға бастады. Себебі кәсіби лексика деген тек сол кәсіп тірі тұрғанда ғана өмір сүреді. Ау салатын адам болмаса, ау атаулары да керексіз болып қалады.
Сонда қандай сөздер ұмыт болды? Ең әуелі балықтың өзіне қойылған аймақтық атаулар бар. Мәселен, бүгінде бәріміз «көксерке» деп атайтын балықты Арал балықшылары «тісті» деп атаған. Тұқы тұқымдас бағалы балық қаязды алайық, ол Каспийде мүлде кездеспейді, Шу бойында «теңге балық» аталады, ал Арал мен Сыр бойында ғана «қаяз» деген сөзбен белгілі. Бұл сөздің өзі осы өңірдің таңбасы іспетті, су айдынының өзіндік фаунасы тілде де өзіндік атау тудырғанының айқын мысалы. Жайын тектес балықты мұнда «лақа» десе, оның денесіндегі кішкене жалды «қалаш» деп бөлек атаған. Бұлардан бөлек шемайке, торта, тыран, сүген, дөңмаңдай, аққайран деген ондаған атау болған, олардың әрқайсысы белгілі бір балықтың түрін, жасын, кейде дәмін де дәл көрсеткен.
Балықтың мүшелеріне дейін бөлек ат қойылған. Мысалы, «жаңса» деген сөз бір кезде жайын балықтың құйрық жағындағы майлы етін білдірген. «Жаңса жеген жатар ма?» деген сөз де халық аузында жүрген. Бүгінде бұл сөзді Арал ақсақалдарының өзі әрең еске алады, жас буын мүлде білмейді. Балық желбезегін жауып тұратын жарты ай тәрізді сүйекті «айқұлақ» дейтінін де санаулы адам ғана біледі. Бір өкініштісі, бұрын күнделікті тұрмыста қолданылған бұл сөздер енді тек ескі сөздіктердің бетінде ғана сақталған.
Балық аулайтын құрал-сайманның лексикасы тіпті бай болған. Теңізге салынатын негізгі ауды «жылым» деп, оны салу үрдісін «жылым шөгеру» деп атаған. Жылымның су бетінде қалқып тұратын белгілерін «бояқ», астыңғы арқанын «етек арқан» деген. Ұзындығы үш жүз метрдей келетін, үш-төрт кісі тартатын кішілеу ауды «кермеше» немесе «дария жылым» деп атады. Бекіре сияқты қызыл балық аулайтын берік ауды «ақан ау» деген, ал сол ауды салушы балықшыны «ақаншы» деп бөлек кәсіп иесіндей атаған. Балық шанышатын құрал «қиратпа» немесе «шанышқы» аталған. Бір қызығы, солтүстік өңірде «шанышқы» деп тамақ ішетін аспапты айтса, мұнда ол балық құралы болған. Әр балықшының қалтасында «инелік» жүрген, бұл ірі қараның жіліншік сүйегінен жасалған, жыртылған ауды жөндеп тоқитын аспап. «Жылым жыртылмай тұрмайды, сондықтан балықшының инелігі қолынан түспейді» дейді екен. Қыста мұзды ойып, ау салатын ойықты «үкі» деп атаған.
Қайық пен кемеге қатысты сөздер де – өз алдына бір әлем. Желкенді бүкіл өңір «желқом» деген сөзбен атаған. «Желқомы бар қайық желдің ығына қарай жүре алады» деген тіркес 1932 жылы шыққан «Екпінді балықшы» газетінде де кездеседі. Балық аулайтын үлкен, желкенмен жүретін қайықты «рейушке» десе, оның ішіндегі балықшылар дем алатын орынды «жатақ» деп атаған. Маңғыстау мен Арал говорында үлкен қайықтың өзін «кеме» деп атау да бар. Сол кезде Арал қаласынан Нөкіс, Мойнаққа дейін жолаушы таситын нағыз кеме қатынасы жұмыс істегенін бүгінгі ұрпақ елестете де алмас.
Тіпті судың, жағаның өзіне қатысты бөлек атаулар болған. Ау салуға ыңғайлы таяз тұсты «қайыр» деп атап, «ауды қайырдан түсіп, сүзе салып көрейік» дейтін болған. Балық аулау процесінің әрбір қимылына арналған етістіктер де ұмытылып барады. Ау салуды «шөгеру», балықшыларды атырауға жіберуді «жегу», балықты баяу кептіріп дайындауды «дегдіту», ыс түтінімен өңдеуді «ыстау» деген. Бұлардың бірде-бірі бүгінгі қала тұрғынының тілінде жоқ.
Осы орайда бір жайтты ерекше айтқан жөн. Балық атауларының дені – орыс тілінен енген кірме сөздер емес, қазақтың төл сөздері. Тіл мамандарының зерттеуінше, тіпті орыс тіліндегі «сазан» сөзінің өзі түркі тілдерінен ауысқан, яғни бұл атаулар – көрші тілден алынбаған, керісінше, көрші тілге біздің атам заманнан жеткен мұра. Бұл деректің өзі Арал-Сыр балықшылық лексикасының қаншалықты байырғы, қаншалықты терең тамырлы екенін аңғартады. Мұндай лексиканы алғаш зерттеп, ғылыми айналымға енгізген Жүсіп Досқараев, Қазтай Айтазин сынды диалектолог ғалымдар болды, ал кейіннен «Қазақ тілінің аймақтық сөздігі» осы сөздердің көбін бір жерге тіркеп, сақтап қалды. Бүгінде сол сөздіктер болмаса, бұл байлықтан тіптен айырылып қалуымыз мүмкін еді.
Дегенмен, әңгімені бұлай аяқтауға болмайды, өйткені үміт оты бар. 2005 жылы Көкарал бөгеті салынғаннан кейін Кіші Аралға қайтадан жан бітті. Судың тұздылығы азайып, бір кезде кеткен балық түрлері қайта оралды. Бір кезде небәрі бірнеше жүз тонна балық ауланса, бүгінде су айдынында жиырмадан астам балық түрі бар, жылдық аулау мыңдаған тоннаға жетіп отыр. Қаңырап бос қалған Тастүбек тәрізді ауылдарға халық қайта жинала бастады, Арал қаласында балықшылар музейі қайта жаңғырды. Мұның бәрі тіл үшін де маңызды. Себебі кәсіп қайта оралса, оның тілі де қайта тіріледі. Жаңа буын балықшы ау салып, қайық мініп, балық сұрыптап жүргенде, ескі сөздер де ауызекі тілге қайта ене бастайды.
Осы тұста жоғарыда жол-жөнекей айтылған сөздерді жинақтап, оқырман назарына тұтас ұсынуды жөн көрдік. Бұлар – көзіміз тірісінде естіп үлгерген, бірақ ұрпағымыз білмей қалуы әбден ықтимал атаулар. Бір кездері Арал жағалауы мен Сыр бойында күнделікті айтылған бұл сөздерді біз «Қазақ тілінің аймақтық сөздігі» мен диалектолог ғалымдардың еңбектерінен теріп жинадық. Әрқайсысының артында бір кәсіптің, бір дәуірдің, бір өмір салтының табы жатыр. Оқып отырып, қаншасын танисыз, қаншасын алғаш естисіз – өзіңіз салыстырып көріңіз.
Балық атаулары мен мүшелері:
Тісті – Арал балықшылары көксеркені (судак) осылай атаған. Каспийде «көксерке», Балқашта «таутан» деген.
Қаяз – тұқы тұқымдас бағалы балық. Арал мен Сыр бойына ғана тән атау, Шу өңірінде «теңге балық» аталады, Каспийде мүлде кездеспейді.
Лақа – жайын тектес ірі балық. Денесіндегі кішкене жалды бөлек «қалаш» деп атаған.
Сүген – Арал қаязының ірі түрі, бір жарым метрге, он бес келіге дейін жететін көшпелі балық.
Шемайке (шемая) – еті майлы, тұздап-кептіргенде дәмі ерекше болатын балық.
Торта – Аралда воблаға қойылған атау («Арал тортасы»).
Тыран – Аралда екі мағынада: ірі кәсіптік балық лещ әрі табан тәрізді ұсақ балық.
Дөңмаңдай, ақмарқа, аққайран, айнакөз, мөңке – Арал суындағы басқа да балық атаулары.
Жаңса – жайын балықтың құйрық жағындағы майлы еті. «Жаңса жеген жатар ма?» деген сөз болған.
Айқұлақ – балық желбезегін жауып тұратын жарты ай тәрізді сүйек.
Қалаш – лақа мен жайын денесіндегі кішкене жал.
Ау, құрал-жабдық атаулары:
Жылым – теңізге салынатын негізгі ау (невод). Салу үрдісі «жылым шөгеру» деп аталған.
Бояқ – жылымның су бетінде қалқып тұратын белгісі, қалтқысы.
Етек арқан – аудың астыңғы, суға батып тұратын арқаны.
Кермеше (дария жылым) – ұзындығы үш жүз метрдей, үш-төрт кісі тартатын кішілеу ау.
Ақан ау – бекіре сияқты қызыл балық аулайтын берік, ұзын ау. Оны салушыны «ақаншы» деген.
Сүзекі (сөкі) – «сүзу» етістігінен шыққан ау түрі.
Қиратпа (шанышқы) – балық шанышып ұстайтын құрал.
Инелік – ірі қараның жіліншік сүйегінен жасалған, жыртылған ауды тоқып жөндейтін аспап.
Үкі – қыста мұзды ойып, ау салатын ойық.
Сүре – жүз елудей қармақ байланған желінің қосындысы.
Қармақ түрлері – ине қармақ, шортан қармақ, салма қармақ, шаппа қармақ, жалтырауық; қармақтың тілін «әттік» деген.
Қайық, кеме, су лексикасы:
Желқом – желкен. «Желқомы бар қайық желдің ығына қарай жүре алады».
Рейушке – желкенмен жүретін үлкен балықшы қайығы.
Жатақ – қайық ішіндегі балықшылар дем алатын орын.
Кеме – Арал-Маңғыстау говорында үлкен қайықтың өзін осылай атаған.
Қайыр – ау салуға ыңғайлы таяз тұс, қайраң. «Ауды қайырдан түсіп көрейік» деген.
Кәсіп пен өңдеуге қатысты сөздер:
Шөгеру – ау салу.
Жегу – балықшыларды атырауға, аулауға жіберу.
Дегдіту – балықты баяу кептіріп, валенилеп дайындау.
Ыстау – балықты ыс түтінімен өңдеу.
Сүрлеу, қақтау – балықты кептіріп, күнге қақтап сақтау тәсілдері.
Шаң – балық тұздайтын үлкен ыдыс (орысша «чан» сөзінен).
Мер – су тереңдігін өлшейтін ағаш белгі (орысша «мера» сөзінен).
Осы сөздерге қарап отырсаң, түкпірде бір сыз тұрады. Бұлардың бәрі бір кездегі тірі тіршіліктен қалған сөздер ғой. «Жаңса» десе, бұрын дастарқанға қойылатын дәм еді. «Ақаншы» десе, өз ісінің майын ішкен шебер балықшы көз алдыңа келеді. «Желқом» деген сөзді естісең, желге керілген желкен, толқын қуған қайық елестейді. Мынау сөздер ұмытылғанда, соны тудырған тіршілік те – балықшының таңертеңгі қарбаласы, теңіздің иісі, ау тартқан адамның маңдай тері – бәрі бірге кетіп бара жатыр. Әркімнің тілінде өз жерінің, өз кәсібінің сөздігі болады. Сол таңбадан айырылсаң, бабаңнан қалған бір дүниеден қол үзгенің.
Арал қасіреті бізге бір ащы шындықты ұқтырды. Табиғат пен тіл, кәсіп пен сөз егіз екен. Теңіз тартылғанда тек экологиялық апат қана болған жоқ, сонымен бірге тілдік апат та болды, тұтас бір кәсіптің сөздік қоры жадымыздан өшуге айналды. Бірақ Көкаралдың тәжірибесі керісінше жолдың да бар екенін көрсетті. Балық қайтса, сөз де қайтады. Сондықтан бүгінгі парыз – сол сөздерді кеш болмай тұрып жинап, жазып, ұрпаққа жеткізу. Өйткені сөзін сақтаған ел ғана кәсібін, кәсібін сақтаған ел ғана жерін сақтай алады. Түйгеніміз – осы.
Ердәулет ҚАЛИЕВ.
Коллажды жасаған автор.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!